«Қазпошта» қызметі – халық үшін!
«Қазпошта» АҚ облыстық филиалы – аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқатының жақсаруына өзінің сүбелі үлесін қосып келе жатқан, шаһар мен ауылдық елді мекендерде пошта және қаржы қызметін көрсетуде сенімді оператор ретінде өзін танытып үлгерген ұжым. Заманауи пошта қызметі қазіргі таңда түбегейлі өзгерістер үстінде. Осыған орай бiздің тілшіміз «Қазпошта» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Алтын САДЫҚОВАҒА жолығып, сұхбаттасқан-ды.
– Алтын Бақтыбекқызы, алдымен халыққа пошта қызметін көрсетудегі бүгінгі жұмыстарыңызға тоқтала кетсеңіз. Осы саланың тәжірибесіне ене бастаған жұмыстың жаңа түрлері туралы не айтар едіңіз?
– Қазпошта – әлеуметтік құрылым. Күн сайын халықпен жұмыс істеп, қажетті қызмет көрсететіндіктен әрбір тұтынушыға сапалы қызметпен қатар, жайлы орта қалыптастыруымыз керек. Жылы қабақ танытып, тіл табыса білудің де маңызы ерекше. Біріншіден, облыс халқына кең спектрлі қаржы қызметін көрсетеміз. Айта кетсек, коммуналдық төлемдердің барлық түрлерін, шоттар бойынша қызмет көрсету, ақша аударымдары, валюта айырбастау, екінші деңгейдегі банктер қызметін қабылдау, электрондық әмияндар қызметі және де жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұлдар төлеу онлайн түрде қарастырылған. Коммуналдық төлемдерде тұрғындардың әлеуметтік жағына қарай жеңілдіктер қарастырылған. Зейнеткерлер, көп балалы аналардан алынатын комиссияның 50 пайызына жеңілдік бар, сонымен қатар төленетін жергілікті салықтың жеті түрінен комиссиялық алым алынбайды. Бес төлем терминалы, сонымен қатар POST.KZ жүктемесіне тіркеліп электрондық түрде төлемдер төлеуге болады.
Екінші жаңа функцияның түрі – агенттік қызмет. Қазір төрт банкпен келісім негізінде тұрғындарға тұтынушы несиесі рәсімделуде. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен де ортақ келісім арқылы салым есепшотын ашуға, ай сайынғы төлемдер қабылдауға мүмкіндік бар. Облыс тұрғындарына әуе, теміржол билеттерін сату жүзеге асырылып, барлық өндірістік объектілерде сатылуда. Сонымен қатар, несиелік бюро қызметтері мен көлік сақтандыру қызметтері қарастырылған.
Үшіншіден, биылғы жылдың басында «Қазпошта қызметтерін үшінші тұлғалар арқылы көрсету үшін франчайзинг моделін енгізу» жобасы бастау алды. Жаңа жоба халқымызды қолжетімді жерден пошта қызметтерімен қамтуды көздейді. Біздің мақсатымыз – байланыс тораптарын ұлғайтып, пошта қызметінің қолжетімділігін арттыру, шағын және орта бизнес үшін қосымша табыс көзіне жол аша отырып, жаңадан бой көтерген ықшамаудандарда немесе жабылып қалған пошта бөлімшелерін қайта жандандыру арқылы пошта қызметімен қамтамасыз ету.
– Халыққа мерзімді басылымдарды, сәлемдемелерді жеткізуші пошта қызметкерлері, хат тасушылар жеткілікті ме? Сізге дейінгі басшылық зейнет жасына жеткен отыз пошташыны жұмыстан босатыпты деп естігенбіз. Солардың орнына кімдер алынды?
– Қазіргі таңда халыққа мерзімді басылымдарды, сәлемдемелерді жеткізуші пошта қызметкерлері, хат тасушылар саны жеткілікті. Зейнет жасына келуіне байланысты жұмыстан шығып кеткен отыз қызметкердің орнына жаңадан жұмысқа адамдар алынды. Кәмелеттік жасқа жеткен оқу орындары студенттерімен келісім-шартқа отыру арқылы халыққа мерзімді басылымдарды, сәлемдемелерді жеткізуші пошташылар саны толықтырылды.
– Шалғай ауылдардағы бөлімшелердің жұмысына көңіліңіз тола ма? Ғимараттарының жай-күйі, материалдық жабдықталуы қай деңгейде?
– Шалғай ауылдардағы кейбір бөлімшелер жұмысының рентабельділігі төмен. Сол себептен оларды күрделі жөндеуден өткізуге әзірге мүмкіндік болмай отыр. Атырау маңындағы Тасқала, Ақсай және Индер, Махамбет аудандарындағы Бөдене, Елтай, Сарытоғай, Алға, Ақжайық бөлімшелері ғимараттары жалға алынғандықтан, келісім-шарт негізінде тиісті жөндеу жұмыстарын жүргізу жалға берушінің еншісінде. Сондықтан, жалға берушілермен сөйлесу, келісім жұмыстары жүргізілуде. Теңгерілімінде ғимараты бар бөлімшелерге тиісті жарамсыздық акттері жасақталуда. Жылу беру маусымының қарсаңында тиісті мекемелер келісім-шарт негізінде тексертіліп, жылу қазандығы істен шыққан жағдайда жөндеу, ауыстыру жұмыстары жүргізіледі.
«Модернизация» жобасы аясында жаңа технологиялық өзгерістерді енгізе отырып, бірқатар нысандар күрделі жөндеуден өтті. Олар осы заманғы қондырғылармен жабдықталды. Қазір өңірде пошта байланысының 9 бөлімшесіне жаңғырту жұмыстары жүргізілді.
– Үздік қызметкерлерді ынталандыру жағы қарастырылған ба? Кәсіби біліктіліктерін көтеру жайы қалай? Әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері шешілген бе?
– Әрине, бізде үздік қызметкерлерді ынталандыру жағы қарастырылған. Қызметкерлерді барлық жұмыстардың аяқталуын күтпестен аралық жетістіктер бойынша ынталандырып отырамыз. Сөйтіп, оларды өздерін сенімді сезінуге мүмкіндік береміз. Себебі, өзін-өзі сендірудің ішкі қажеттілігі соны талап етеді. Бұл сөз жоқ, жетістікке алып келеді. Пошта қызметкерлерін материалдық, материалдық емес және әлеуметтік-психологиялық жағынан ынталандыру да жүзеге асырылады. Хат тасушыларға жолақы төлемдері, қысқы және жазғы мезгілге аяқ киіммен қамтамасыз ету үшін қосымша ақы төленеді. Сұрыптаушыларға жұмыстың ауырлығы үшін қосымша ақы және кәсіподақ мүшелеріне жыл сайынға еңбек демалысына қосымша күндер беріліп, сауықтыру үшін материалдық көмек қарастырылған. Жұмыс тәжірибесі жоқ жастар резервке алынып, қызмет бабында өсуіне мүмкіндік бар. Қосымша оқыту бағдарламалары портал бойынша жүргізіледі. Кәсіби білімдерін жетілдіруге, бөлімдер арасында шеберлік байқауын өткізуге көңіл бөлінеді.
– Сіздерде халықтың пошта қызметіне қатысты арыз-шағымдары, реніштері қаншалықты ескеріледі?
– Халықтан пошта қызметінің сапасына, қызмет көрсету мәдениетіне байланысты түсетін арыз-шағымдар болады. Оларды арнайы ахуалдық орталық пен қызметтер сапасын бақылау бөлімінің үш маманы жан-жақты тексеріп, тиісті шешімдер қабылдауға жібереді. Әрбір арызданушының шағымы біз үшін өте маңызды. Азаматтардың арызы арқылы қорытынды шығарып, қызмет сапасын жақсартуға әрекет етеміз.
Қазір тұрғындар 1499 нөміріне хабарласып, жедел түрде ақпараттарын алып, ұсыныстар мен ризашылықтарын білдіріп жатады.
– Алтын Бақтыбекқызы, баспасөзге жазылу науқаны басталды. Қала мен ауылдарда халықты мерзімді басылымдарға, оның ішінде «Атырау» газетіне көптеп жаздыртуды ұйымдастырудың қандай әдіс-тәсілдерін қолдануға болар еді?
– Мерзімдік басылымға жазылу науқаны әдеттегідей биылда қазан айының 8-ші жұлдызында басталды. Барлық байланыс бөлімшелері тиісті болжамды тапсырмаларын алып, тұрғындарды сенімді ақпарат көзі, аймақ айнасына айналған басылымдарға жазылудың маңызын түсіндіріп жүр. Баспасөзге жазылу науқанында белсенділік танытқан, оқырманды көптеп тартқан қоғамдық таратушылардың қызметі көлемді сыйақымен ескерілетін болады. Облыстық жергілікті басылымдарға, соның ішінде 95 жылдық тарихы бар «Атырау» газетіне қала мен ауылдар тұрғындарының неғұрлым көптеп жазылуына ықпал етсек дейміз. Сондай-ақ, басылымдарға жазылу науқанында жыл сайын «Жазылушылар күнін» ұйымдастырамыз. Оның алғашқы шарасы Индер ауданында өткізіліп, филиал қызметкерлері, пошта тасушылар газетке жазылудың қаншалықты маңызды екендігін айтып,түсінік жұмыстарын жүргізді.
Әңгімелескен: Бақытжан ЖҰМАТ.