Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

АЖЫРАСУ азаймай тұр…

Atr.kz/31 шілде, 2019 жыл. …Алпысты алқымдап, жетпіске иек артқан бұл кісі заң жүзінде әйелінен ажырасуға келген. Өзін қабылдаған АХАТ бөлімі мамандарына: «Біздің бес баламыз бес шаңырақ болып отыр. Кәмелеттік жасқа толмаған жас баламыз жоқ. Үй-мүлік дауы тағы жоқ» — дейді. Сөйтсе, жетпіске толуға шамалы қалған азаматымыз біреуді ұнатып қалыпты!

Онысы тұрмыс-жағдайы жақсы, зейнетақысы да әжептәуір әйел екен. Әрине, «бәрі бітті, сенімен тұрмаймын!» деп шешкен кісіні ешкім де күштеп ұстай алмайды. Бес ұл-қызы, одан қалды құда-құдағайлары мен тума-туыстары қанша жерден үгіттесе де, ол алған бетінен қайтпайды…

Осыдан он-жиырма жыл бұрын мұндай егде жастағы ерлізайыптылардың заң жүзінде ажырасулары некен-саяқ болса, соңғы жылдары бұл өрістеп тұр. Немере-жиен сүйіп, ата мен әже атанып отырған шақтарында бір-бірінен жерінушілер көбейді. Жиырма мен отыздың, отыз бен қырықтың арасындағы жастау жұптар ажырасуларының себебін «мінезіміз үйлеспеді» деп көрсетсе, елу мен алпыстан асқандар да осы үйреншікті жауапты қайталайтын болған.

Атырау облысы статистика департаменті басшысы Галя Мұқанғалиевадан білгеніміздей, былтыр облыста 5 032 неке тіркеліп, 1 495 неке бұзылған. Ал, биыл қаңтар-мамыр айында 1 795 неке тіркелсе, 587-сі бұзылды.

Өкініштісі сол, заманнан ба, адамнан ба, жастары елу мен алпыстан асқан ата-әжелердің ажырасуы бәсеңсімеуде.

Мәселен: 2014 ж. 50-54 жастағы 54 ер адам ажырасса, осы уақытта дәл осы жастағы 41 әйел өз отбасын бұзған. Өткен жылы 73 ер кісі мен 42 әйел заты шаңырақтарын шайқалтқан.

Ал, алпыстан асып, жетпіске иек артқандар да «жарыстан» қалысып жатқан жоқ, олар да оза шауып келеді. Айталық: 2014 ж. – 23, 2016ж. – 21, 2018 ж. 29 ер адам некесін бұзса, осы жылдары 13, 9 және 14 әйел жұбайымен тұрудан бас тартқан.

Сөз жоқ, әркім өз өмірінің қожасы. Сол берген өмірді қалай сүрем десе де өзі біледі. Бірақ, ойланайықшы бір сәт. Алпыс-жетпіске келіп, бұрынғы отбасыңнан кеткенде, аржағында не қызық қалды дейсің? Жаратқан иеміздің өз пендесіне берген өлшеулі ғұмырын досқа – күлкі, дұшпанға таба болмай өткізгенге не жетеді?! Осы жағын ойлап көрдіңіз бе, замандас?

Лиза СЕЙТІМОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button