Жарнама
ЖаңалықтарЭкономикаҚоғам

«Азғырға газ тартылып, Қиғаш түбі тереңдетіліп жатыр»

Atr.kz/29 қазан, 2019 жыл. Атырау-Астрахан жолының қайта жаңғыртылуы Құрманғазы ауданының дамуына ерекше серпін бергелі тұр. Алыстағы Азғырға табиғи газ жеткізілді. Қиғаш өзенінің түбін тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Жергілікті жұрт асыға күткен жұмыстар ауданның келешегі зор екеніне үмітпен қаратады. Құрманғазы ауданының әкімі Қайрат НҰРТАЕВПЕН әңгімеміз осы және өзге де мәселелерге қатысты өрбіді.

– Бүгінде Құрманғазы ауданында жолдарды жөндеу бағытында қандай жұмыстар жасалуда?

– Иә, бұл ерекше маңыз беріліп отырған мәселенің бірі. Осы бағытта алдымен аудандық маңызы бар Котяевка-Шортанбай және Шортанбай ауылішілік автомобиль жолдары (12,5 км) туралы айтуға болады. Оны жаяу жүргіншілер жолымен бірге күрделі жөндеу үшін 2017 жылы қаржы бөлінді. Жобаның құны 1 млрд. 297,1 млн. теңгені құрайды. Қазір«ҚарасайСтройСервис» ЖШС құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланды.

Жасталап, Жыланды ауылдарының кірме жолдары да аяқталуда. Құрманғазы (13,5 км), Сафон (8,9 км), Бірлік (9,8 км) елді мекендерінде (кірме, ауылішілік жолдар) жұмыс қыза түссе, Приморье, Котяевкадағы инфрақұрылым қайта жаңғыртылып жатыр. Құрманғазы ауылында құны 1 млрд. 223,9 млн. теңгенің жұмысы аяқталып, пайдалануға берілді.

Ақкөлдегі ауылішілік жолды жаяу жүргіншілер жолымен қоса жаңғырту үшін биыл 50 млн. теңге бөлінді. Жобаның жалпы құны 926,3 млн. теңгені құрайды. Ганюшкино–Приморье– Утера–Котяевка бағытында да іс-шаралар жүзеге асуда. Келесі жылы тапсырылатын жобаны «БекетСәтЖол» ЖШС жүзеге асырып жатыр.

– Отыз жыл бойы жөнделмеген, әбден тозған жолдан шаршаған жұрттың жиі қоятын сұрағы бар. Бұл Атырау– Астрахан халықаралық дәлізіне қатысты болып отыр. Мұндағы қайта жаңғырту жұмысы қалай атқарылуда?

– Атырау мен Астрахан аралығын қосатын республикалық жолдың ұзындығы – 277 шақырым. Соның аудан аумағынан өтетін 60 шақырымына (893-833 км) қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Оны «СинеМидасСтрой» ЖШС жүзеге асырып жатыр. Сонымен қатар, 80 шақырым (833-753 км) аралығын қайта жаңғыртуға дайындық басталды.

Ресеймен байланыстырған күре жолдың жөнделуі Қазақстан экономикасына айтарлықтай әсер етеді. Екіжақты қарымқатынас нығайып, сауда-саттық дамиды. Өзге өңірлерді амалсыз айналатын көлік ағыны енді осы арамен өтеді. Сондықтан, оның сапалы салынуы, уақытылы тапсырылуы айрықша бақылауға алынып отыр.

– Су тапшылығын шешу бағытында қандай жұмыстар жасалып жатыр?

– Өткен жылы Қиғаш өзенінің су көлемін ұлғайту және гидрологиялық режимін жақсарту мақсатында түбін тереңдету жұмыстары басталды. Оның құны – 5 млрд. 422 млн. теңге. Бұл жұмысты «Павлодар өзен порты» ЖШС (156 шақырым) келесі жылы толықтай аяқтамақ. Сонымен бірге, 243,6 шақырымды құрайтын бұрынғы жобаға енбей қалған өзектер мен көлшіктердің, су каналдарының түбін тереңдету үшін жобалаусметалық құжаттама жасақталып жатыр.

– Жергілікті тұрғындарды таза ауыз сумен қамту жайы қалай шешілуде?

– Бұл пайызға шаққанда 87,7 пайызды құрайды немесе 43 ауылдық елді мекен қамтылды. Ал, Алипов, Асан, Үштаған, Қошалақ, Қарақұл және Көкарна ауылдарына су жеткізудің жобасы бар. Бүгінде Асан мен Үштағанға ауылішілік су құбырын жүргізу үшін қаржы бөлініп, мердігер анықталды. Қазір «СК-АВС» серіктестігі құрылыс жұмысын бастады.

Сүйіндік, Асан, Үштаған магистралды су құбыры желісі де қолға алынуда. Котяевка мен Кудряшова елді мекендеріндегі су тазарту имараттары мен құбыр желілерін қайта жаңғыртуға, Алға, Қарақұл, Гольбин, Көкарнаға ауыз су құбырын жүргізу мақсатында жобалықсметалық құжаттама жасақталып, сараптаманың оң қорытындысы алынды.

Кобяково–Забурын су каналын жаңғыртуға да қаражат бөлінді. Нұржау, Орлы, Құрманғазы, Жұмекен, Кадырка, Хиуаз ауылдары «АстраханМаңғышлақ» су құбырына қосылмақ. Ақкөлдегі су тазарту қондырғысы қайта жаңғыртылып жатса, Дәулеткерей, Көнеу елді мекенінде ауылішілік су құбыры желісінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

– Алыс ауылдар үшін табиғи отын қол жетпес армандай көрінетін. Осы мақсатқа қол жетті ме?

– Иә, бұл проблема Атырау облысының бұрынғы әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен қазіргі басшысы Нұрлан Ноғаевтың қолдауымен шешімін тауып отыр. Жергілікті халық бұл күнге дейін 77,5 пайыз «көгілдір отынмен» қамтылса, енді бұл көрсеткіш 98 пайызға жетті.

Қазіргі таңда аудан орталығынан үш жүз шақырым қашықтықтағы Азғыр өңіріндегі он елді мекенге (Қошалақ, Асан, Үштаған, Азғыр, Балқұдық, Қоңыртерек, Сүйіндік, Батырбек, Егінқұдық, Жалғызапан) газ жетіп, тұрғындар үлкен қуанышқа кенелуде. Ниетпай (Алипов) тұрғынының саны 50-ге жетпеуіне байланысты жалпы елді мекендер тізбесінен қысқартылады.

– Басты мәселе баспана екені белгілі. Бұл жайында не айтар едіңіз?

– Әрине, үй болмай, күй болмайды. Сондықтан, бұл мәселеге айрықша маңыз берудеміз. Өткен жылы 52 тұрғын үй пайдалануға берілсе, биыл бұл көрсеткіш 70-ке жетті. Оның көлемі 9323,2 шаршы метрді құрайды. Осы жылы Кадырка ауылындағы 60 пәтерлік үйді тапсыру жоспарлануда. Ауданда үш қабатты 60 пәтерлік үйдің құрылысы басталды. Қосымша 60 пәтерлік екі үй құрылысының құжаттамасына қаражат бөлініп, мердігер анықталды.

Құрманғазы ауылындағы «Шипажай» шағын ауданында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым бойынша құрылыс жұмыстары атқарылуда. Бұл жобамен тұрғын үй салынатын аймақтарға газ, су, электр желілері жүргізіліп, жол салынады. Осы жұмыстар аяқталғасын тұрғын үй кезегіндегі жергілікті халыққа үй салуға рұқсат беріледі.

– Кәсіпкерлік қалай қанат жаюда?

– Жергілікті жерде шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 2493 бірлікке жетті. Соның 2252-і жұмыс тұр. Олардың өндірген өнімінің көлемі (жұмыс, қызмет) 6381,7 млн. теңгені құрайды. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы Құрманғазы ауданы бойынша несиелеуге 33 жоба ұсынылып, 9 айдың қорытындысы бойынша 6 жоба несиелендірілді. «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 8 кәсіпкерлік субъектісіне 8 арнайы техника (құны 36 млн. теңге) лизингке берілді.

Сұхбаттасқан:

Азамат БАЗАРБАЕВ

Негізгі капиталға салынған инвестиция – 3808,0 млн. теңге.
Биыл Каспий теңізі мен Қиғаш өзенінің сағалық кеңістігінен 4913 тонна балық аулау лимиті бөлінді. Шаруашылықтар 2413 тонна су маржанын аулады.

Облыс әкімінің егіс көлемін 885 гектарға, тамшылатып суару технологиясымен өсірілетін егістік көлемін 265 гектарға жеткізу жөніндегі тапсырмасы бойынша ауылдық округтерге бөлу кестесі жасақталды.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button