Азаттықтан асыл, байрақтан биік байлық жоқ
Биыл еліміз егемендігін алып, ата-бабамыз аңсап өткен Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге – 32 жыл. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде жаһандық көштен қалмай, іргетасының нық қалануы, егемендікті нығайту мен керегемізді кеңейту жұмыстарының оңайға түспегені белгілі. Бұл бағытта талай соқпақты жолдар мен соны іздер жатыр. Тақырып аясында бүгінде зиялы қауым тарапынан айтылып жүрген тұшымды ойлар мен салмақты пікірлер де аз емес. Жыл өткен сайын киелі де қастерлі ұғым тәуелсіздіктің құндылығы ұрпақтан ұрпаққа аманат ретінде қағаз бетіне қатталып, тарих болып қалуы да тиіс.
Тәуелсіздік күні қарсаңында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Атырау өлкесінің тарихы, археологиясы, этнографиясы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, саясаттанушы Сайполла Сапановпен пікірлескен едік.
1. Тәуелсіздіктің ел үшін ең маңызды жемісі неде?
2. Бүгінде әлемдегі алмағайып заманда егемендікті сақтап қалу жолында қандай идеологиялық жұмыстар қолға алынуы керек?
3. Тәуелсіздіктің елең-алаңында тың өзгерістердің басы-қасында болған кездерден ой бөліссеңіз…
– Біз Қазақстан тәуелсіздігінің 32 жылдығы қарсаңында өткен жолға қарап, келешек даму стратегиясын анықтау керек. Тәуелсіздік жылдары еліміз халықаралық қатынастардың субъектісіне айналды деп толық айта аламыз.
Сыртқы саясаттағы бастамалар мен ішкі саясаттағы реформалар басқа мемлекеттердің ғасырлық тарихи жолымен теңеседі. Қысқа уақыттың ішінде Қазақстанды әлем таныды. Біз БҰҰ, ЕҚЫҰ, Ислам конференциясы ұйымына мүше болып қана қоймай, олардың сессияларына төрағалық еттік. Мұндай мәртебе Орта Азия елдерінің ішінде Қазақстанның ғана маңдайына бұйырды. Ал, ядролық қарусыз қоғам құру, лаңкестікпен күрес, аймақтық дағдарыстарды шешудегі саясатты Қазақстан дипломатиясының айқын жеңістері қатарына жатқызуға болады.
Әрине, 32 жылда бәрі қауіп-қатерсіз болды деп айта алмаймыз. Әйтсе де, Жаңаөзен оқиғасы, экстремистік топтардың лаңкестік әрекеттері, табиғи апаттар, дарынсыз шенеуніктердің солақайлығы, қаңтар оқиғасы, ел тәуелсіздігіне күмәнмен қарайтын сыртқы күштердің дүдәмал мәлімдемелері Қазақстандағы тұрақтылық пен бейбіт өмірді шайқалта алған жоқ.
Ендеше, біздің бағыт айқын, біздің ұлттық идеологиямыз – Тәуелсіздік.
– Тәуелсіздік үшін күрес әлі тоқтаған жоқ. Біз Қазақстанды экономикасы дамыған, халқының тұрмысы жақсы, идеологиясы айқын мемлекет болғанын қалаймыз.
Мемлекеттің тәуелсіздігін сақтау жолында ұлттық дамуға негізделген идеологияның маңызы зор. Бүгінде сол бағытта жасалып жатқан саяси реформалар біртіндеп өз жемісін беріп келеді.
Болашақ Қазақстаның демократиялық, зайырлы мемлекет болып дамуының кепілі – тәуелсіздік идеологиясы. Бүгінде тәуелсіздік үшін, демократия үшін күресте бірқатар дамыған мемлекеттердің тәжірибесі көрсетіп отырғанындай, республиканың авторитаризмге қарсы тұруы үшін ең бастысы тәуелсіз саяси партиялар, тәуелсіз БАҚ, тәуелсіз сот жүйесінің жүйелі жасақталғаны жөн. Қазіргі басты идеологиялық мақсат – жаңа саяси мәдениеттің, жаңа саяси сананың, жаңа дүниетанымның қалыптасуы болуы керек.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақ мемлекеттік университетінде аспирант, жас педагогтардың бірі болдым. Сол кезде жас ғалым ретінде бізді университеттің болашағы, дамуы қатты алаңдатты. Сонау жылдары білім ордасына мемлекет тарапынан көрсетілген көмекті айрықша атап өткім келеді. Қызметкерлердің жалақысы тіпті төмен, оны да төлеуде біраз кешеуілдеулер орын алып жатқан кез. Университет ректоры: «біз білім ордасын қалай да осы қиын кезеңнен алып шықпасақ, елдегі жоғары оқу орнын жоғалттық деген сөз», — деп, мәселені төтесінен қойды. Содан бастап Үкімет тарапынан републикадағы белді оқу орындарына көңіл бөліне бастады, ғылымды сақтап қалуға күш салынды. Біз сол шақтардың тікелей куәсі болдық.
Мен 1995 жылы Францияға бару үшін грант жеңіп алдым. Идеологиялық шеңберден енді шыға бастаған кез ғой, Польшадағы алғашқы саясаттанушылар мектебінің басқосуына да қатыстық. Бұл жерде Қазақстанның тәуелсіз ел екенін, егемендіктің жемісі мол болатынын ерекше сезіндік. Бірнеше шет мемлекеттен жиналған саясаттанушылардың семинарында «Қазақстан – бай мемлекет қой» деп, бізге қызыға қараушылар көп болды. Бірақ сол кезеңдерде елдегі байлықты толық пайдалана алған жоқ едік, белгілі бір топтың қолында кеткені өкінішті.
Десек те, сол шақта біраз шетелмен ынтымақтастық орнап, елдегі ғылымды дамытуға басымдық берілді. Біз дамыған мемлекеттерде білімімізді жетілдіруге күш салдық. Әсіресе тарих ғылымын, халықаралық қатынастар мен байланыстарды нығайтуға кеңінен жол ашылды.
Екінші жағдай – тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республика Сыртқы істер вице-министрі еді, ол ҚазМУ-де Халықаралық қатынастар және сыртқы саясат кафедрасына келіп, дәріс оқитын. Осы кезеңдер мен үшін өте маңызды болды. Қасым-Жомарт Кемелұлының елдің сыртқы саясатқа бағыт бұруының мәнін ашық айтып, көп векторлы саясаттың мән-жайын жан-жақты түсіндіруі – менің өмірім үшін ең маңызды. Бұл дәрістердің менің ғылым докторы болуыма, халықаралық қатынастар тарихына бейімделуіме, оның ішінде Францияның сыртқы саясаты мен саяси жүйесін зерттеуіме, жалпы халықаралық қатынастарда Қазақстанның орнын анықтауға мамандануыма ерекше әсер етіп, ықпалы зор болды.
Тәуелсіздіктің елең-алаңындағы орын алған қиын кезеңдерге төтеп беріп, болашақ дипломаттарды даярлау саласында қалғаныма қазір еш өкінбеймін. Бүгінде Қазақстанның дипломатиясында жүрген біраз шәкірттеріме қарасам, олар Тәуелсіздіктің қарлығаштары ретінде университетке келіп, бізден жетік білім алды. Республика Премьер-Министрінің орынбасары–Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеуов, Қазақстанның АҚШ-тағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ержан Ашықбаев, олардан басқа елдің орталық басқару эшелонында лауазымды қызмет атқарып жүрген студенттерім көп. Бүгінде олардың нәтижелі жұмысына қарап, қиын-қыстау сәтте біздің еткен еңбегіміздің зая кетпегеніне қуанып, марқайып отырамын.
Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатының кәсіби кадрларын даярлауға қосқан өзіндік үлесім бар деп есептеймін. Өйткені, 1991 жылдан 2018 жылға дейін ҚазМУ-дің Халықаралық қатынастар факультетінде жас аспиранттан бастап кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы дәрежесіне дейін жеттім. Мұның барлығы елдегі егемендіктің жемісі екені сөзсіз.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА