«Азаматтардың қатысуынсыз қоғамдық тәртіп орнату мүмкін емес»
Atr.kz/21 қараша, 2019 жыл. Кеше Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы құқықбұзушылықтың алдын-алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.
Комиссияда Индер, Жылыой және Махамбет аудандары әкімдерінің баяндамалары тыңдалды. Талқыланған негізгі мәселелер – кәмелетке толмағандар тарапынан құқықбұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздік және мал ұрлаумен күрес.
Тұтастай алғанда, құқықбұзушылықтардың алдын алу жұмыстары аудандарда тиісті деңгейде жүргізілуде. Алайда, проблемалық тұстар да бар. Мәселен, малды бақылаусыз жайғаны үшін мал иелерінің әкімшілік жауапкершілігін күшейту ұсынылып отыр. Жергілікті атқарушы органдар мен қауіпсіздік сақшыларының қызметіндегі тағы бір маңызды мәселе — кәмелетке толмағандар жасайтын құқықбұзушылықтар.
Бұл үшін оқу орындарында, отбасында үлкен жұмыс жүргізілуі тиіс. Қоғамдық жерлерде жасалатын бұзушылықтар – спирттік ішімдіктер ішу, ортақ пайдаланылатын жерлерді ластау және қоқыстау, кәмелетке толмағандарға спирттік ішімдіктер сату – бұл мәселелермен тек полиция қызметкерлері айналыспауы керек.
— Біз мынаны ұғынуымыз керек: азаматтардың өздері бұл іске белсенді қатыспай, қоғамдық тәртіпті қорғап, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заңдылықты сақтап, құқықтық тәртіпті нығайту мүмкін емес , — деді Нұрлан Ноғаев.
Облыстық білім беру және жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармалардың басшылары жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтарды азайту шаралары туралы ақпарат берді. Жалпы, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтарды азайту, олардың алдын алу жұмыстарының тиімділігін арттыру – қазіргі қоғамдағы неғұрлым өзекті, әлеуметтік маңызды мәселенің бірі екені сөзсіз.
Өйткені, бүгін түрлі өмірлік жағдайлардың себебінен теріс жат ықпалдың әсеріне бейім жасөспірімдердің «тәуекелдік топтары» көбейіп келеді. Комиссия мүшелерінің пікірінше, кәмелетке толмағандардың арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін, бұндай жұмыстарға отбасын, жасөспірімдердің ең жақын ортасын тарту қажет. Ал, кәмелетке толмағандардың құқықбұзушылықтарының басты себебі – олардың рухани тәрбиесіндегі олқылықтар.
Атырау облысы полиция департаментінің басшысы кәмелетке толмағандарды түнде ойын-сауық орындарында болдырмау, оларға алкогольдік және темекі өнімдерін сатқызбау, мектеп инспекторларының жұмысын күшейту шаралары туралы баяндады.
Комиссияда мал ұрлау, заңсыз мал сою және ветеринариялық қызметтің осыған бақылау жасау мәселесі де қаралды. Көп жағдайда бұған малдың бақылаусыз жайылуы себеп болып отыр, мал ұрлаушылар осыны пайдаланады. Көбінесе, үй жануарлары қараусыз жайылымдардан жоғалып кетеді, бұл – мал иелерінің кінәсі.
Қазір малды бақылаусыз жайғаны үшін мал иелерінің әкімшілік жауапкершілігін заңнамалық негізде бекіту мәселесі қаралуда. Айта кетейік, «Ветеринария туралы» Заңда жеке және заңды тұлғалардың ауыл шаруашылығы жануарларын идентификациялау бойынша міндеттемелері қаралған.
Ведомствоаралық комиссияның отырысын қорытындылай келе, өңір басшысы комиссия мүшелерінің пікірлерін ескере отырып, нақты ұсынымдар жасақтауды тапсырды.
Бұдан бөлек, отырыс кезінде аталған кемшіліктер мен ескертпелерді хаттамаға енгізіп, оларды түзету үшін нәтижелі жұмыс жүргізуді тапсырды.
Дереккөз: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі