ТӘРБИЕ – ТАЛБЕСІКТЕН…

«Атырау» газетіндегі Әділет басқармасы басшысының сұхбатында келтірілген деректерді көріп, таң қалдық. Себебі, көрсетілген сандарға сүйенсек, жастар арасындағы ажырасу саны тіптен көп екен. «Күйдім, сүйдім» деп ата-анасының қалтасын қағып не несие алдыртып, жұрттан қалмай той жасауды міндеттейтіндері тағы бар. Ал, аз ғана уақыттан соң, «мінезіміз жараспады» деп бөлек кете қалуды тіптен оңай көреді.

 

Жалпы, қазағымыз қашан да отбасы беріктігі мен шаңырақтың шайқалмауын жоғары қойған. Ел аналары не өнегесі мол ұлағатты жеңгелер жастарды жарастыруға күш салып, сыйластық, адалдық сынды қасиеттерді аса қадірлеген. Қазіргі уақытта замана ағымы мен уақыт талабы солай дегенді желеу етіп, батыстық сарынды өмірімізге дендетіп енгізіп алдық. Соның бірі осы – ажырасу. Тіпті, ата-аналарының өзі «ішіме сыйған бала сыртыма да сыяды» деп екеуара болған сәл ғана түсініспеушіліктің салдарынан қыздарын айырып алып кететіні де жасырын емес.

Ажырасу – болашақ өмірге үлкен залал әкелетін құбылыс. Себебі, «қайтып келген» қыздың екінші рет бағы ашылып кетуі екіталай болса, «әйел жіберген» жігітке қызымды бермеймін» деп қарсы болатындар да аз болмасы анық. Ал, осы жердегі ең үлкен проблема балаларға қатысты. Себебі, әке не шешеден айрылып, толық емес отбасында өскен баланың тәрбиесіне қатысты біраз кедергілер туындайтыны анық. Сондықтан, бұл мәселеге ата-анамен ақылдаса отырып мұқият дайындықпен келген дұрыс деп ойламын.

Аққайша СӘЛУҚЫЗЫ, 
Алтын алқалы ана, 
Исатай ауданы.     
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз