Жарнама
БілімЖаңалықтарШаһар шырайы

Қазақ ғылымының қарашаңырағы

Ұлттық  инженерлік  академиясына – 25  жыл

Тәуелсіздік құрдасы Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясына да (ҰИА) биыл ширек ғасыр толып отыр. Атаулы датаға орай, Атырау мұнай және газ университетінде «Тұрақты ғылыми-технологиялық даму: Трендтер мен технологиялар» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған ҰИА-ның бірінші вице-президенті Нәдір Нәдіровтің өзі және көптеген академиктер, Академияның корреспондент-мүшелері, өндіріс орындарының өкілдері, университеттің профессор-оқытушылары мен студенттер қатысты.

%d2%9b%d0%b0%d0%b7%d0%b0%d2%9b-%d2%93%d1%8b%d0%bb%d1%8b%d0%bc%d1%8b%d0%bd%d1%8b%d2%a3-%d2%9b%d0%b0%d1%80%d0%b0%d1%88%d0%b0%d2%a3%d1%8b%d1%80%d0%b0%d2%93%d1%8b-2

Алғашқы пленарлық мәжіліс ғалымдардың тақырыптық баяндамаларына арналды.

— Еліміздегі ғалымдардың басын бір арнаға тоғыстырған ғылым ордасы – Ұлттық инженерлік академиясының алғаш құрылғанына биыл 25 жыл толуда. Мерейтой аясында еліміздің барлық жоғары және орта оқу орындарында бірқатар шаралар өткізілуде. Бүгінгі атыраулық ғалымдардың бәрі де осы киелі ғылым мектебінің шәкірттері, — деді университеттің ғылыми жұмыстар және инновация жөніндегі проректоры Әбілсейіт Мұхтар.

Алдымен университет ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҰИА академигі Әли Әбішев алматылық қонақтарға «қош келдіңіздер» айтып, жұмыстарына табыс тіледі.

— Аталмыш академияның барлық өңірлерде 13 бөлімшесі бар. Ол өмірге қажетті 35 саланы қамтиды. Университет базасында атыраулық бөлімшенің жұмыс жасауы да – біз үшін зор мәртебе. Еліміздің мықты инженерлері, жетекші технолог мамандары, өндіріс орны, кәсіпорын, түрлі ұйымдар мен мекемелер басшылары, өзіміздің және шетелдік ғалымдар мен сарапшылары – бәрі де осы академияның корреспондент-мүшелері. Осыдан тура 25 жыл бұрын академияның алғаш құрылғандағы мақсаты – қазақ ғылымын дамыту. Ендеше, Бақытжан Тұрсынұлының басшылығымен алға басқан осынау үлкен ұжымды мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз, — деді ол.

Содан соң аталған академияның бірінші вице-президенті, химия ғылымдарының докторы, профессор, академик Нәдір Нәдіров сөз алды.

— Елімізде Ұлттық ғылым академиясы бар. Ендеше, инженерлік академияның не қажеті бар? Бұл сауалдың жауабы мынандай. Бұрынғы Кеңес дәуірінде тыныс-тіршілігі тұтастай Мәскеу билігіне тәуелді болған Қазақстанның өз алдына ғылыми орталығын ашу мүмкін емес еді. Бұл қажеттілік арада өткен ширек ғасыр ішінде толықтай өтелді. Естеріңізде болса, осыдан 15 жыл бұрын ғылымға аудит, яғни, тексеріс жұмыстары жүргізілді. Сол кезде елімізге Америка, Еуропа елдерінен сарапшылар келді. Не үшін? Ол ғылым мен өндірісті интеграциялауға қажет. Міне, бұл – академия филиалдарының басты міндеті. Атырауда жастар көп шоғырланған. Білім мен ғылымның болашағы солардың қолында.

Сондай-ақ, академия халықаралық деңгейде қызмет етеді. Келесі жылы 1 маусымда халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында болашақ энергиясы талқыға салынатын ғалымдар конгресі өтеді. Жергілікті ғалымдарды соған қатысуға шақырамын. Академияда берілетін марапат белгілері мен ғылыми атақтарды және үлкен алтын медальді алуға атыраулық оқымыстылардың да толық мүмкіндігі бар. Жақында ғана университет атанған бұл оқу орнын болашақта «мұнайлы академия» деп атағымыз келеді. Соған бірігіп жұмыстанайық. Ол үшін не істеу керек?  

Жалпы, жоғары білімнің сапасын қалай арттыруға болады? Біріншіден, оқытушылар ғылыми басылымдарға мазмұны мен тәжірибесі жағынан құнды мақалалар жариялауы тиіс. Екіншіден, оқу ордасы өндіріс орындарымен тығыз байланыста болуы шарт. Қазыналы өңірде мұнай-газ саласының мамандарын даярлайтын оқу орнының орналасуы тегін емес. Мақсат – өндіріс орындарымен берік  байланыс орнату.

Бәрінен бұрын қазіргі ұстаздар заманауи тәсілмен білім беруге машықтануы қажет. «Ауруын жасырған өледі» демекші, өкінішке орай, арамызда он жыл бойы бірде-бір ғылыми мақала жарияламаған ғалымдар бар. Тіпті, Теңіз бен Қашаған кен орындарының қайда екенін білмейтін оқытушылар да кездесіп жатады. Сонда студент кімнен үлгі алады? Кімді пір тұтады? Ұжымға Әли Әжімұлындай білікті басшы келгеннен кейін, академиялық ұтқырлық, дуальды оқыту жүйесі сияқты жаңа жұмыстар қолға алынғанына куә болдым. Әсіресе, өндірісті көзбен көрмеген студенттер үшін дуальды оқытудың берері мол. Кейін өндірістік тәжірибеден өткендерге сол жерге жұмысқа тұруына ықпал жасауымыз қажет. 

Университет ұстаздарының түгелге жуығы – бұрынғы Гурьев педагогикалық институтының түлектері. Себебі, ол кезде ешкімді сырттан әкелмей, жергілікті мамандарды пайдалану жолға қойылған болатын. Соның нәтижесінде, оқытушылар біліктіліктерін арттырып, мақалаларын жариялап, өндіріс ошақтарымен келісім-шартқа отырды. Әр ұстаздың жұмысына баллдық негізде баға қойылды. Тиісті балл жинай алмағаны жұмыстан кетті. Осы үрдіс бүгін де сұранысқа ие. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Біздің күшіміз – бірлікте» деген ұраны бар. Біріксек, алмайтын қамалымыз жоқ, — деді Нәдір Кәрімұлы.

Осыдан соң, ҰИА-ның корреспондент-мүшесі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Насихан Жұмамұхамбетов «ҰИА-ның даму тарихындағы Атырау филиалының үлесі» тақырыбында баяндама жасады. Турасын айтқанда, қағазда қатып тұрған құр есептік көрсеткіштерден гөрі  осындай тамыры тереңде жатқан, талай талқылаулар мен тәжірибелік сараптамалардан өткен баяндамалар сапасы анағұрлым жоғары. Әсіресе, еліміздің генетика, экология, экологиялық және радиациялық генетика салаларының білгірі, биология ғылымдарының докторы, профессор Айтқожа Биғалиевтың «Каспий – тіршілік пен энергия көзі» тақырыбындағы дәрісі де көпшіліктің көңілінен шықты.

Келесі сөз кезегін геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, профессор Қосан Тасқынбаев алып, Каспий өңірі бойынша жүргізілген кешенді геологиялық-геохимиялық зерттеулер нәтижесін жариялады. Одан кейінгі баяндамалар легін «Мұнай-газ болжамына орай, ҚР-ның шөгінді бассейндеріндегі дәстүрлі емес мұнай-газ тұтқыштары» тақырыбында геология-минералогия ғылымдарының кандидаты Л.Шестаперова, К.Жұмалиева, Г.Мақсотова, «Өнеркәсіптік электржабдықтау жүйелерін тиімді пайдаланудағы автоматтандыру тәсілдерін қолдану» тақырыбында техника ғылымдарының кандидаты, профессор Владимир Яшков, «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамының өкілі В.Шмунк жалғады.

Басқосу соңы «Мұнай-газ саласының ғылыми-техникалық дамуы» атты секциялық мәжіліске ұласып, ғалымдар ғылыми-технологиялық даму бағытындағы бүгінгі күннің он өзекті тақырыбын талқыға салды. Олардың 12 ғылыми баяндамасы тыңдалды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button