Қазақстан Президенті Қасым — Жомарт Тоқаев твиттерде қандай жазбалар жазады?
Atr.kz/ 27 наурыз, 2019 жыл. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының твиттер парақшасында қандай пікірлер жазатынын назарларыңызға ұсынамыз.
Қазақстан Президенті Қасым — Жомарт Тоқаев твиттерді күнделікті қолданатын саясаткерлердің бірі. Ол парақшасында өзінің азаматтық көзқарасын көрсетіп келеді. Оның 111 мыңнан астам оқырманы, 5 935 жазбасы бар.
Президент 137 адамды оқиды. Олардың арасында қазақстандық және шетелдік саясаткерлер, БАҚ парақшалары және халықаралық әртүрлі ұйымдардың ресми парақшалары бар. Саясаткер актер Леонардо ди Каприоға, АҚШ президенті Дональд Трампқа және оның әйелі Мелания Трампқа, Бил және Хиллари Клинтондарға, миллиардер Билл Гейтске, Барак Обамаға жазылған.
Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің жазбаларын үш тілде бірдей жариялайды. Көбіне өзінің ресми кездесулері мен Сенаттың талқылауындағы мәселелер туралы жазған.
Ол қазақстандық спортшылар мен өнер иелерінің жетістіктері туралы да жазып тұрады. Мәселен, актриса Самал Еслямованың «Азияның үздік актрисасы» атануын қуана жеткізген.
Экс-сенатор барлық мерекелерде Қазақстан халқын өз атынан үш тілде құттықтайды.
Және өзі туралы ресми БАҚ-та жарияланған жаңалықтармен де бөлісіп тұрады.
Әлемдік ірі өзгерістерді, маңызды жаңалықтарды көбіне ағылшын тілінде, шетелдік ақпарат парақшаларынан бөліседі.
Саясаткер әлемдік экология мәселесіне жиі алаңдаушылық танытады.
Ол тек алаңдаушылық танытып қана қоймай, ағаш отырғызу маусымдарына да белсене қатысады. Және өзінің осы сәттегі суреттерін жариялап отырады.
Қасым — Жомарт Тоқаевтың парақшасынан көңілді жаңалықтарды да табуға болады. Мәселен, ол Қытай полицейлерінің қара көзілдірік таққаны туралы әзілмен бөліскен. Онда «Қытай полицейлері қара көзілдірік тақты. Матрицаға, қош келдіңіз» деп жазылған.
Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің күнделікті қарапайым өмірі туралы жиі жазбайды. Отбасы туралы мәлімет, олардың суреттерін де мүлдем жарияламайды. Күнделікті өмірінен тек жаттығу залындағы суреттерін ғана жариялаған.
Дереккөз: «Холаньюс»