Қазақстанға көрсетілген құрмет
«Қазақстанның G20 саммитіне шақырылуы – елімізге көрсетілген зор құрмет». Қытайға жасаған сапарын қорытындылаған ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.
Отандық журналистерге берген сұхбатында Елбасы «Үлкен жиырмалықтың» жиыны мен саммит аясында өткен кездесулердің маңызына тоқталды. Президенттің айтуынша, жаһандық экономикадағы қазіргі жағдай көп елдің дамуын тежеп тұр. Дамушы мемлекеттерді айтпағанда, Еуропалық Одақта да жағдай мәз емес. Саммитке қатысушы елдер осы тығырықтан шығудың жолын қарады. Жиынның мәртебелі мейманы атанған Нұрсұлтан Назарбаев экономика және қаржы мәселелерін реттейтін біртұтас жаһандық ұйым құруды ұсынды. Әрі, әлем экономикасының тамырына қан жүгірту үшін жаңа индустриялық революция қажет екендігін айтты.
Брифинг барысында Елбасы Астана мен Бейжің байланысының басым бағыттарына тоқталып, Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен өткен кездесу нәтижелерін де айтып өтті.
Тараптар Қазақстанның ауыл шаруашылық өнімдерін Қытайға экспорттауға уағдаласты. Бұдан бөлек логистика, көлік саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге келісті.