Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Қазақ мұнайының құлагері Таумұш Жұмағалиев туралы толғаныс

Мұнай кен орындарын алғаш ашушы, республикаға еңбегі сіңген геолог-барлаушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Атырау облысы мен Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы, профессор, ғұмырының алпыс жылдан астамын мұнай-газ өндіру саласына арнап, соңына өшпестей із қалдырған абыз аға Таумұш Жұмағалиевтің 100 жылдығы облыс көлемінде қызметтес болып, абыз ақсақалдың телегей теңіз білімінен, тынымсыз да тиянақты ісінен өзіне дәріс тоқыған шәкірттерінің, әріптестері мен жалпы мұнайлы өлке жұртшылығы арасында аталып өтілуде. Мұнайлы аймақта, республикамызда Таумұш Нұрышұлының есімі жылдар өткен сайын Ақ Жайықтай асқақ, Алатаудай айбынды естіледі. Қаншама жылдар өтсе де, Таумұш ағамыздың жарқын бейнесі, оның халқы үшін жасаған ұлан-ғайыр еңбегі әрқашан баршамыздың жүрегімізден өшпейді.

8-9

Әр жетістіктің артында талай тағдыр тұр

Тау тұлға туралы талай толғаулар жазылып, сыр шертілді, еске алу кештері ұйымдастырылды. Бұл шаралардың барлығында да Таумұш Нұрышұлының жүріп өткен өмір жолы кестедей төгілді. Әріптестері, құрдастары, қызметтес шәкірттері ол туралы терең естеліктерімен бөлісті.

Биылғы Таумұш Нұрышұлының 100 жылдығына орай Атырау облысы әкімдігінің, Атырау мұнай және газ университетінің, Қазақстанның мұнайшы-геологтар қоғамдық ұйымының, ел ардақтысының жары Бәтіш Төреғалиқызы ұйытқы болып, отбасының ұйымдастырып отырған ауқымды шаралар легі еліміздің болашақ үкілі үміттері – жастарымыз үшін өнеге сағаты болмақ.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани  жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөз­дің байыбына бара бермейміз. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш. Қыруар істі атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр» деген болатын. Елбасының мақаласы ең алдымен тарихымыздың жаңғыруына кең жол ашып отыр. Ұлы даламыздың дара тұлғаларын, дана кемеңгерлерін еске алып, ұлттық қасиеттерімізді қастерлеуді қолға алудамыз.

Өткенімізге оралып, кемелдігіміз кемерінен асқан осындай шұғылалы уақытта қарт тарихтың қойнаулы беттерін ақтарып, рухы асқақ бабаларымызды, ардақты ағаларымызды бүгінгі күннің төріне шығара бастадық. Солардың бірегейі – «қазақ мұнайының Құлагері» атанған Таумұш Нұрышұлы Жұмағалиев.

8-92

Таңдау

Шын мәнінде Таумұш Нұрышұлының «қазақ мұнайының Құлагері» атануы оның бала кезінен өскен өлкенің әр тасына деген сүйіспеншілік пен туған топырақтың әр түйіріне деген махаббаттан, әкесінің ұрпағына берген өмірлік бағдарлы бағытынан туған. Кейін Таумұш аға өзінің бір естелігінде: «…Бастауыш мектептің 4 класында оқып жүргенімде бірде әкем: «Өскенде кім болғың келеді?» деп сұрады. Мен «Прокурор боламын» деп жауап бердім. Әкем Нұрыш сауатты жан болатын, екі кластық орыс-қырғыз мектебін бітірген, ауыл кеңсесінде жұмыс жасайтын. «Балам, тілімді алсаң, мұнайшы-геолог бол, мен қазақтың тұңғыш геологы Атшыбаев Беркін Мұқашұлы деген кісіні көріп едім, Мәскеуден тау-кен академиясын бітірген тұңғыш инженер еді, 1937 жылы атылып кетті» деді. Сосын қалтасынан географиялық карта шығарып, «жердің асты-үстін зерттеп, қыр-сырын меңгергенге не жетсін» деп ойланып қалды. Осы сөзі менің бала жүрегіме үлкен әсер етті. Мамандықты дұрыс таңдауыма осылайша кеңес берген әкемді ыстық ілтипатпен еске аламын» дейді.

8-93

Алғашқы баспалдақ

Таумұш Нұрышұлы 1918 жылы Атырау облысының қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, Алаштың ардақтылары дүниеге келген, батырлардың ізі қалған, ақындардың жыры арналған Қызылқоға ауданындағы Көздіғара ауылында дүниеге келді. Оқуға, білімге деген шынайы көзқарасы бозбаланы денсаулығына қарамастан тек алға ұмтылдырды. 1938 жылы Гурьев мұнай техникумын тәмамдағаннан кейін «Ембімұнай» тресінің Доссор және Ескене мұнай кәсіпшіліктерінде геолог болып қызмет істеді. 1940-1945 жылдары студенттік өмірдің ыстық-суығын бастан кеше жүріп, Геология ғылыми институтында аға коллектор, кіші ғылыми қызметкер міндеттерін қоса атқарады, аспирантурада оқыды. Есімі әлемге әйгілі ұлы ғалым, қайраткер Қаныш Сәтбаевтың ақыл-кеңесін алды. 1942 жылы танк жасайтын мырыш қажет болып, ол Қ.И.Сәтбаевтың ұсынысы бойынша оқудан он ай қол үзіп, қорғаныстық айрықша үлкен маңызы бар марганец кендерін іздестіруші экспедиция құрамында Маңғыстау түбегіне жіберіледі. Жастық шағы соғыстың қанқұйлы кезеңіне тұспа-тұс келген жас маман өзінің кәсіби біліктілігін, маңдай терін Ұлы Жеңісті жақындатуға арнады.

1945-1947 жылдары Ескене кәсіпшілігінде бас геолог болып жұмыс жасады. 1945 жылы Қазақ тау-кен металлургия институтының геологиялық барлау факультетін бітірді. Т.Н.Жұмағалиев Қазақ КСР Ғылым Академиясының Орал-Ембі ғылым-зерттеу базасына ауыстырылды. Ал, бұл ұжым 1956 жылы Мұнай институты, кейіннен Қазақ ғылыми-зерттеу геологиялық барлау институты (Қазғзгби) болып қайта құрылды. Мұнда ол ғылыми қызметкер, ғылыми хатшы, зертхана меңгерушісі қызметтерін жауапкершілікпен атқарып, 1962 жылы институт директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасарлығына тағайындалады.

Ол кезде кадр мәселесі, жауапты тағайындаулар Мәскеу арқылы шешілетін болғандықтан, талай мәрте Одақ басшыларының алдында қызмет саласына байланысты стратегиялық жоспарды әрі талдауға, әрі қорғауға тура келді. Осы кезде Таумұш Нұрышұлының іскерлігі, істің мән-жайын анық білуі, мәселені баяндау шеберлігі, кез келген қалыпта өзін ұстай білуі қазақтың қарапайым ұлына деген, еңбек адамына деген көп басшының пікірін өзгерткен болатын. Ал, елде өзі сыйлаған ағалары мен артынан ерген тамаша ізбасарлары білікті басшы, талапшыл маман Таумұш Нұрышұлына үлкен сенім биігінен қарады.

8-94

Сенім жүгі

Т.Жұмағалиевтың тәжірибеге сүйене негізделген ғылыми тұжырымдары мен аянбай күш-жігер жұмсауы арқасында Еділ-Жайық арасында жоғары сапалы мұнайы мол Мартыши, Қамысты, Жаңаталап және Гран кен орындары ашылды. Таумұш Нұрышұлы 1968-1972 жылдары Батыс Қазақстан геологиялық басқармасын және Қазақ КСР Геология министрлігінің ірілендірілген аумақтық мұнай-газ барлау   экспедициясын басқарды.

Қарапайым еңбек адамынан басталып, одан әрі тереңдей өрбіген еңбек жолындағы қызметтік сапары Таумұш Нұрышұлын жеке бір басына ғана емес, бүкіл елдің мұнай-газ саласына қатысты үлкен міндеттерді жүктеуге және ол міндеттерді дұрыс шешу үшін қателесуді кешірмейтін аса қажетті шешімдер шығаруға мүдделі етті. Бұл жолда оған алған білімі, ұстаздарының ұстанымдары, әріптестерінің сенімі мен қанаттас інілерінің қолдауы, әрі жылдар бойы жинақталған өмірлік тәжірибесі мол мүмкіндік туғызды. Шығыс Жетібай, Шағырлы-Шөмішті, Дунга, Арыстанды, Гран, Октябрск, Қарақұдық, тағы басқа кен орындарын, Каспий бойы ойпатының тұзасты қабаттарын геологиялық барлау кезінде, ҚазҒЗГБИ директоры қызметінде, Индер ауданы табиғи қорларын кешенді түрде игеру жұмыстарында, Жаңажол ойпатының шығыс жақ бүйірінен мұнай көзі, ал, 1979 жылы солтүстігінде Қарашығанақ газ конденсаты кен орнын ашуда ол өзін шебер ұйымдастырушы, тәжірибені ғылыммен байланыстыра отырып, нәтижеге жеткен ізденімпаз ретінде көрсетті. ҚазҒЗГБИ ұжымының Қарашығанақ кен орнын іске қосу жөнінде ең оңтайлы жолды ойлап тапқан ізденістері үшін, ішінде Таумұш Нұрыш-ұлы да бар топтың, 1986 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығына ұсынылуы заңды еді.

Бірнеше ғылыми еңбектің авторы, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты Таумұш Нұрышұлы ел экономикасының дамуына қосқан үлесі үшін мемлекеттік марапаттарға, «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағына ие болды.

Тәрбие мектебі

«Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шә­кіртіне талмас талап сыйлайды» демекші, осындай асыл ағаларымыздың ерен еңбектері мен ғылыми зерттеулері, өнегелі ғұмыры – бүгінде жастарға, болашақ мұнайшыларға үлкен үлгі. Ол туған жерінің сүйікті ұлы, ұлтының патриоты ретінде барлық алған білімін сарқып, өмірлік тәжірибесін, көрген-білген ұлағатын ұғынған жанға ұсына білді. Ерінбей еңбек етті, жемісін терді, геолог-барлаушы мәртебелі мамандығына әрқашан адал болды. Ол мейірлі махаббатпен Бәтіш Төреғалиқызындай адал жар сүйді, ұл-қыз – ұрпағына аяулы әке, немере-шөбересіне ардақты ата атанды. Ол артынан ерген ізбасар інілері мен шәкірттері сағынышпен еске алатын, алыстаған сайын биіктей түсер Асқартауға, талай тағдырдың толғауын толқынына жасырған Ақжайыққа айналды.

Түйін:

Атырау мұнай және газ университетінің Таумұш Нұрышұлы атындағы Үлкен геологиялық аудиториясында студенттер жер қойнауын зерделеуші, геолог-барлаушы мамандығын алып, жақсы білікті маман атану үшін білім алуда. Университеттің профессор-оқытушылар құрамы бүгінгі күні білім мен ғылым саласына қойылып отырған талаптар үрдісінен шығып, абырой биігінен көріну үшін бар күш-жігерімен ғылым, білім, өндірісті интеграциялау идеяларын, бәсекеге қабілетті маман даярлауды жүзеге асыруда алдыңғы қатарлы техникалық жоғары оқу орнына және ғылыми-зерттеу орталығына айналу үшін көптеген игі істердің ұйытқысы болуды мақсат тұтуда.

Өткенімізден өнеге ала білетін елдігімізді көрсетіп, жаратылысы бөлек тау тұлға – Таумұш ағамыздың рухын биіктетіп, оның есімін есте қалдыру арқылы ұрпақты ұлтжандылыққа, еңбексүйгіштікке, адалдыққа, білімділікке тәрбиелеу үшін атқарылып жатқан осынау істеріміз әрқашан жалғасын табатынына сенімдімін.

Әли Әбішев,

Атырау мұнай және газ университетінің

басқарма төрағасы-ректор, экономика ғылымдарының докторы, профессор.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button