Қазақ баласы неге ойыншыққа жарымайды?
Шындығында қазақ баласының ұлттық ойыншығы қайсы, осы? Тіпті болып па еді дерсіз? «Болды» дер біреулер, «болмады» дер екіншілер. «Болды» дейтіндер ұлттық ойыншығымызға нені балайды? Бәлкім, олар алдымен, асықты еске түсіретін шығар. Өйткені, «асық ойнаған азар…» дейтін құлаққа әбден сіңісті болған нақылды қанша естісе де бұрын ауылдың қарадомалақтары арасында асық ойнамағандар кемде-кем шығар.
Шыбықты ат қылып мінген, жалаң аяқ жарысқан сол кездің балалары кейде үлкен шеңбер сызып «шүлдік» дейтін ойынның да қызығына бататын еді. Өсе келе жібектей жүні үлпілдеген, бармақтың басындай қойдың терісіне қорғасын байлап, ләңгіні де тепті олар. Сартылдатып ләңгі тепкенде аяғы аяғына жұқпайтын сол балалардың ептілігіне, шапшаңдығына, асықты 7-8 қадам қашықтықтан атқандағы мергендігіне қатарластары қызыға қарайтын. Қызығы көп бала кезден есте қалған осынау ойындарда алдан көрінген сол балалар сабақты да нашар оқымады, кейін қатардан да қалмады. Олардың замандастары осындай ойындарды ойнап ержетті, ептілікке, шапшаңдыққа бір-бірін баулыды. Сол бір жылдары қойдың асығы қазақ баласының ұлттық ойыншығы секілді болып көрінетін. Ал, қазір оны ауыл балалары мүлдем ойнамайды деуге болады. Өйткені, бүгінгілер шаң-шаң болып асық атқаннан гөрі компьютерге, не смартфонға үңілгенді тәуір көреді. Алайда, бүгінгі қолданыстағы компьютерлерде тек батыстық атыс-шабыс ойындарынан өзге не бар?
Тегінде сәби тәй-тәй басқаннан бастап ойыншық ойнауға талпынатыны даусыз. Сонда оған ұлттық нақышпен айшықталған, ұлттық ерекшеліктеріміздің иісі аңқып тұратын отандық ойыншықтарымызды ұсына алып жүрміз бе? Әрине, өз баласының жақсы ойыншықпен ойнағанын қаламайтын ата-ана бар ма? Алайда, қазақ балаларының ойлау қабілеті дами бастағанда отандық жеңіл өнеркәсіпшілер шығарған ұлттық ойыншықты емге іздесең де таппайсың. Өйткені, базар біткен қытайлық ойыншықтарға сықап тұр. Аңдар бейнесі жұмсақ матадан кестеленген ойыншық керек пе, қызылды-жасылды жарығы жанатын, сан түрлі дыбыс беретін мәшине, атыс-шабыс қаруын іздейсіз бе, бәрін табасыз. Мамалаған-іңгәлаған қуыршақ та, музыкалық аспаптар ретінде жасалған ойыншықтар да – Қытай өндірісінің тауарлары. Ал, базардағы сатушылар қытайлық ойыншықтардың сертификатын көрсеткісі келмейді. Олар шын фабрикалардың өнімі ме, әлде жасырын кәсіпорындарда шығарылған ба, бұл тек бір өндірушіге ғана аян. Сапалы болсын, болмасын көрші елдің ойыншықтары қазақ балабақшаларын да «жаулай» бастады. Демек, қазақтың әр отбасындағы ойын баласының үйде де, балабақшада да қолына ұстайтыны, ойнайтыны – Қытайдың ойыншығы.
Қазір еліміздің әр қаласын, әр базары мен әр дүкенін, тіпті, әр отбасын Қытай ойыншығынсыз көзге елестету мүмкін емес. Бірақ, бір таңданарлығы, әр деңгейдегі атқарушы биліктің мәжілістерінде: «Қазақ баласының ұлттық ойыншығын шығару қажет», дейтін жанашырлық пікір айтылмайды. Бұл тіпті, ұлттық мәселе ретінде де көтерілмейді. Неге? Шындығында бүгінгі биліктегі басшылардың, тіпті, бизнесі өрістеген кәсіпкерлердің: «Қазақ баласы ойнайтын керемет ойыншық ұсынсақ қайтеді» деп бас ауыртпайтыны қалай?
Қытайдан елімізге бет алған сан мыңдаған керуенмен қаншама ойыншық келіп жатыр. Соларды сатып алу үшін Қазақ Үкіметінің қаншама қаржысы Қытай экономикасын дамытуға құйылып жатыр десеңші. Рас, екі ел арасындағы сыртқы сауда айналымын жандандыру қажет те шығар. Алайда, қытай баласының қаңсығын қазақ баласына таңсық еткен арзанқол дүниені сатып алуға кеткен қаржыны өзіміздің ұлттық ойыншығымызды шығаруға бағыттауға болмас па? Бұл туралы атқарушы билік, қазақ кәсіпкерлері неге ойланбайды? Әлде мұны да Мемлекет басшысы айтып, арнайы тапсырма беруі қажет пе? Кәсіпкерлер дегеннен шығады, қазір шағын және орта бизнес иелері шаштараз, мейрамхана, түнгі клубтар, дүкен, сауда орындарын ашуға бейім. Мүмкін мұндай сауда нүктелері қажет те шығар. Дегенмен, «елім», «ұлтым» дейтін кәсіпкерлердің ұлттың келешегіне, жас ұрпақтың отаншылдық, елжандылық сезімін оятуға қызмет ететін балалар ойыншығын шығаруға талпыныс танытпайтыны түсініксіз. «Экономиканы сауықтыруға, өнім шығаруға осынша қаржы салдық, мынадай теңгенің өнімін шығардық, мұнша адамға демеушілік көрсеттік» деп күпінетін әкімдер мен кәсіпкерлер балалар ойыншығын шығару үшін бас қатырып көрсе дейсің. Бұл ДСҰ-ға мүше болып, бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарынан орын аламыз деп үміттеніп отырғанда Қазақ елінің абыройын тасытар қадам болатыны даусыз.
Қазақтың қолынан бәрі келеді. Бұған белгілі әнші Қыдырәлі Болмановтың «Bal-bala» атауымен қазақша сөйлейтін қуыршақтар шығара бастағаны айқын дәлел. Алайда, оның бағасы қарапайым халық үшін қолжетімді емес. Десек те, осынау жаңашылдық неге қолдау таппайды? Бізде қазақ баласын баурайтын ұлттық нақыштағы ойыншық шығаруға ынта жоқ па, әлде бұл бағындырмас асудай қиын шаруа ма? Тегінде қазақ ертегілерінің желісінен балалар ойыншығын шығаруға кейіпкерлер легі жетерлік. Тау көтерген Толағайдың бір өзі есте сақтау, ойлау қабілеттері жетіле бастаған балаларға қаншалықты әсер етерін тәптіштеп айтудың қажеті жоқ шығар. Тек айтарымыз, Толағаймен ойнаған бала тау көтермесе де, тау көтермекке талпынып өсері анық. Ойыншықтың әсері дегенге қосарымыз, қалада көлік жүргізетін танысымның 8 сыныпта оқитын баласы кішкентай күнінде әкесіне: «Әке, мен өскенде «ГАИ» боламын, сөйтіп, сенің мәшинеңді қуамын», дегеніне куә болғанбыз. Өйткені, сол бала Қытайдың қызылды-жасылды жарығы жанып-сөнетін, адамды елең еткізетін дыбысы бар ойыншық мәшинемен ойнайды екен. Және күнбе-күн теледидардан берілетін бандыларды қуған полицейлер туралы киноларды көргеннен кейінгі баланың көңілге түйгені ғой бұл. Барша қазақ баласының санасында ұлттық ерекшеліктерімізді, ұлттық мінез-құлықты қалыптастыратын ойыншықтардың орны ойсырап-ақ тұр. Кішкене қыздарымыз қазақтың ұлттық киімін киген, қолаң шашы арқасына түскен қаракөз қуыршақтармен, ұлдарымыз Керқұла атты Кендебаймен, тау көтерген Толағаймен ойнаса дейсің. Ал, қазір балабақша балалары көгілдір көзді қуыршақты қолтықтап, саусақтың ұзындығындай сары шашты тарағыштап әлек.
Қазақтың киіз үйін сувенир етіп шығаратындар көп. Оны құрастырмалы ойыншық түрінде шығаруға болмас па? Астана, Алматы секілді қарқынды дамып келе жатқан үлкен шаһарлардың, елордада бой көтерген Бәйтерек, Бурабай, Медеу, Көктөбе, Сарайшық секілді мәдени-демалыс һәм тарихи орындардың көріністерін де қатырма қағаз бетінде құрастырылатын ойыншық түрінде балаларға ұсынуға болатын секілді. Елімізде тамаша табиғи көріністері бар жерлер көп: шығыстағы Мұзтау, қазақтың үш биі бас қосқан Ордабасыдағы тарихи орын, Нұқ пайғамбардың кемесі қалған дейтін Қазығұрт тауы, Іле Алатауы, Шарын шатқалы, Жасыбай көлі, Каспий теңізі дегендей. Қапысын тауып ұсына білсек, әр аймақтан да табылады мұндай тарихи-мәдени орындар. Алтайдағы маралдар, Каспийдегі итбалық, Алтынемелдегі құландар табыны, мұның бәрі қазақ балаларының ойыншығына сұранып тұрғандай. Еліміздегі әр мамандық иелерінің де бейнелері сомдалып жатса, тіптен артық етпейтін шығар. Осының бәрі жас ұрпақтың отаншыл, елжанды болып өсуіне ықпал етеріне ешкім дау айта қоймас. Тіпті, осындай ойыншықтарымызды өзге елдің нарығына ұсынуға болатын шығар. Қазақтың баласы қытайдың ойыншығымен ойнағанда, қазақтың ойыншығымен қытайдың, не ағылшынның баласы неге ойнамайды?
Мұнымен біреу келісер, біреу келіспес. Бірақ, біз ұлттық ойыншықтар өндірісін жолға қоюымыз керек. Өз елімізде сапасы көңілден шықса, отандық ойыншықтардың өтімді тауарға айналары да күмән туғызбас. Ал, бүгінгі мәселе әзірге қазақ баласының ұлттық ойыншығының болмай тұрғанына келіп тіреледі. «Осынау тосындау көрінер істі кім қашан қолға алады, ұлттық ойыншығымызбен қашан ойнаймыз?» деп қазақ баласы билік тізгінін ұстаған шенеуніктерге, қалталы кәсіпкерлерге жаутаңдайды.
Қазақтың баласын қашанғы өзге елдің ойыншығына телміртіп қоямыз?!
Жолдасбек КӨШЕРБАЙҰЛЫ.
Рас-ей, базарларда Қытай ойыншықтары қаптап тұр. Мейрамхана, дүкен ашу оңай да, ойыншық шығаратын өндіріс ашу қиын боп тұр ғой. Кәсіпкерлер ойлануы қажет.
Қытай ойыншығы қауіпті емес шығар. Әйтпесе, шекарадан өткізбес еді. Балаларымыз сол ойыншықпен өсіп жатыр. Зиянын көрген емеспін.