Азғыр өңіріне газ тарту жұмыстары басталды
Азғыр өңіріне газ тарту жұмыстары басталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Құрманғазы ауданының әкімі Бибоз Шаяхметов хабарлады.
Алыстағы Азғыр өңірін көгілдір отынмен қамту жайы – бірнеше жылдан бері айтылып келе жатқан тақырыптың бірі. Белгілі болғанындай, алыс ауылдарға газ тарту жұмыстарының басталғанына 15 күндей уақыт өткен.
«Құрылыс жұмыстары басталды. Мердігер мекеме — «КаСтрой ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Тапсырыс беруші – облыстық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі. Жұмыстың жалпы құны – 9,8 миллиард теңге. Осы жылдың қазан айында бастау алған жұмыс 3 жыл мерзімге жоспарланған»,- дейді аудан әкімі Б.Шаяхметов.
Қазіргі уақытта Сүйіндік ауылынан Ақкөл ауылына дейінгі қазу жұмыстары басталған. Көлемі – 285 шақырым. Бұл – тек аталған аумаққа газ тарту, яғни, тіке Сүйіндік ауылына көгілдір отын жеткізуге қатысты көрсеткіштер. Газ желісі Балқұдық ауылына қарай 40 шақырымға, Асан ауылына қарай 150 шақырымға бұрылады. Тұтастай, барлық елдімекендерге тарту жоспарланған. Бұл жұмыстарға, яғни, селоішілік газ тарту жұмыстарына қосымша 450 миллион теңге қаралады.
Азғыр – алыс аудан. Сондықтан, жол шалғайлығы да жергілікті тұрғындар үшін өте маңызды мәселе. Осы ретте жол салу мәселесіне қатысты да сауал жолдадық.
«Аталған тақырып облыс әкімінің қабылдауында болған кезде де көтерілді. Десек те, әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Жалпы, осы өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсарту, азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесі Үкімет басшысы Б.Сағынтаев келген кезде де ұсынылған. Өткір тұрған мәселенің тағы бірі – Балқұдықтағы шекарадан өту пунктін автокөлікпен өтуге мүмкіндік туғызу. Яғни, қазіргі таңда ол жерден тек 30 келі жүк алып шығуға рұқсат берілген. Көршілес Ресейдің Қарабайлы елдімекеніне барып келуге де тек 3 күнге ғана рұқсат беріледі. Жергілікті халық үлкен көлікпен өтуге мүмкіндік алса, азық-түлік тасымалдауға да мүмкіндік туар еді. Сонымен қатар, ертеңгі күні газ тартылып, кәсіпкерліктің дамуына да жағдай жасалған сәтте сапалы жолмен қалай да қамтамасыз етуіміз тиіс деген мәселе туындайтыны анық. Бұл жерде айта кететін бір мәселе — жалпы, шекараға қатысты жағдайлар Үкіметаралық деңгейде шешімін табуы тиіс»,- дейді аудан әкімі.
Брифинг кезінде Ресеймен шекаралас аудандағы азық-түлік бағасы да назардан тыс қалмады. «Ауданға іргелес Астрахань облысынан азық-түлік тасымалданады. Күні бүгінге дейін баға қалыпты ұсталып келді. Қазіргі таңда санаулы, яғни, 3-4 өнімнің ғана бағасы сәл көтерілгені байқалады. Бұған себеп ретінде кәсіпкерлер «бензин қымбаттады» дегенді айтуда. Бұл бағытта да кәсіпкерлермен түсінік жұмыстарын жүргізудеміз. Жалпы, қор бар, баға көтеруге негіз жоқ»,-деді Б.Шаяхметов.
Атырау өңіріндегі ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосып отырған алыстағы Құрманғазы ауданы ата кәсіп, мал шаруашылығын өрістетуде де жоғары көрсеткіштерге ие.
Гүлжан ӘМІРОВА