Аймақ басшысы бизнес өкілдерін ашық әңгімеге шақырды (ФОТО)
Аймақ кәсіпкерлерін қандай мәселелер толғандырады? Бизнесті өркендетуге не кедергі? Жеңілдетілген несие кімдерге беріледі? Осы және басқа да көптеген сауалдарға «Ренессанс» қонақ үйінде бас қосқан 250 кәсіпкер тиісті мамандардан жауап іздеді. «Ашық әңгіме: билік және бизнес» тақырыбында өткен еркін форматтағы жиынға облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың өзі төрағалық етіп, кәсіпкерлікті дамытуға балта шауып отырған жайттарға жеке қанықты.
Кездесу барысында кәсіпкерлердің көп бөлігін жермен, сумен, жарықпен, жылумен, газбен қамтамасыз ету мәселесі толғандыратыны байқалды. Сонымен бірге, кәсіп ашқан жандар мемлекеттен жеңілдетілген несие алу жолдарының қиын екенін, осы мақсатта жасалған бағдарламалардың нақты жүзеге асу тетігі жоқтығын, екінші деңгейлі банктер тарапынан қойылатын талаптар мен шарттардың миға қонымсыз екенін алға тартты.
Өңір басшысы облыстық басқармалар өкілдері мен жауапты мамандарға қай проблеманы да жүйелік тұрғыдан қарап, барынша оңтайлы шешуге тапсырмалар берді.
– Бүгінде шағын және орта бизнес алдында тұрған өзекті мәселелер жеткілікті. Соның бәрін бір уақытта шешіп тастамасақ та, жүйелі түрде жолға қоюымыз керек. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында «Даму» кәсіпкерлікті қолдау және ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорлары арқылы жергілікті бюджеттен соңғы төрт жылда 1 миллиард 75 миллион теңге бөлінген. Биылдың өзінде де 600 миллион теңге бөлініп отыр, — деді ол.
«Аймақ басшысымен күнде кездесе бермейміз ғой» деген ойларын жасырмаған кәсіп иелері көкейде жүрген көп ойларын еш бүкпесіз жайып салды. Өйтпегенде ше? Бірі биыл заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес жылда берілетін субсидиядан қағылып жатса, екіншісі мемлекетке салық төлей алмай отыр.
Солардың бірі – облыстық бюджеттен ұзын сабақты мал азығына бөлінетін қаржыдан қол үзген кәсіпкер Есболат Құбашев. Бұған қолдан ұрықтандыру әдісінің «30 сиырға бір бұқа» принципіне құрылған «Сыбаға» бағдарламасына енбей қалуы себеп болыпты. Облыстық ауыл шаруашылық басқармасының мамандары бұл мәселенің орынды көтеріліп отырғанын мойындайды. Біріншіден, әкім қаулысы шыққан кезде оған қолдан ұрықтандыру нормативі қосылмай қалған. Енді министрліктен жаңа норматив сұралып отыр. Бұрынғы 2013 жылы шыққан норматив бойынша бір сиырға 4800 теңге төлеу керек. Енді оны шамамен 5000 теңгеге көтеру көзделіп отыр.
Міне, мұндай мысалдар жетіп артылады. Бұл күні көтерілген мәселелер барлығы болмаса да, көп бөлігі мейлінші оң шешімін тапты. Айта кетейік, билік пен бизнес иелері арасында мұндай ашық әңгіме соңғы рет осыдан 15 жыл бұрын болған екен.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ