Айбастан табылған адам сүйегі Х-ХІІІ ғасырларға тиесілі екені анықталды (ФОТО)
2017 жылғы маусым айында Исатай ауданы әкімшілігінен аудан аумағындағы Айбас елді мекенінде көне зираттың құмнан ашылып қалғаны туралы хабар келіп түскен болатын. Бұл орын алған жағдайды көзбен көріп, зерттеу, зерделеу мақсатымен маусымның 13-інде Нарын құмындағы аталған елді мекенді бағытқа ала іссапарға шықтық.
Айбас елді мекені Атырау қаласынан солтүстік-батысқа қарай – 195 шақырым, Аққыстау ауылынан солтүстік-батысқа – 130 шақырым, Қызыл үй ауылынан солтүстік-батысқа 100 шақырым жерде, Нарын құмының орталық бөлігінде орналасқан.
Табылған адам сүйегі шағыл құм ортасында жерленген, табиғи әсерлерден беткі топырағы ашылып қалыпты. Адам мүрдесінің биологиялық тәртібі сақталмаған, сүйектер екі жерге үйіліп, жинаулы жатыр. Бұны алғаш көріп, хабарлаған жергілікті тұрғын, зейнеткер Едіге Қарымсақов мүрде айналасынан темір қанжар сынығын, екіге бөлініп сынған темір қайшы, 3 дана моншақ жинап алған екен. Ол кісі бұл жәдігерлерді бізге әкеліп тапсырып, әрқайсысын өз орнына қойып көрсетті.
Сүйек табылған жерге қазба жұмысын жүргізіп, топырақтан тазартқанымызда, қола айна бөлігі табылды. Мәйіттің топырақта сақталып қалған іздеріне қарағанда, басын солтүстік-шығыс бағытқа, аяғын оңтүстік-батыс бағытқа қаратып жерлеген. Қанжар, қайшы, айна, моншақтар жерленген адаммен бірге қабірге қойылған, бұл тірі кезінде адамның өзі тұтынған заттары болған.
Айбас елді мекеніндегі жергілікті тұрғындардың айтуынша, зират табылған бұл жер бұрын тегіс болған екен, шағыл кейінгі кезде пайда болған көрінеді. ХХ ғасырдың 80-жылдары бұл жерде бұрынғы «Чапаев» атындағы кеңшардың №5 фермасы орналасқан, ал шағыл орнында машина-трактор паркі болған. Мұны осы маңда кездесетін әртүрлі техниканың металл бөлшектері де дәлелдеп тұр.
Енді табылған жәдігерлерді қысқаша сипаттап өтсек. Темір қанжардың сынығына қарап жүзі екі қырлы болғанын байқаймыз, ұшына қарай қанжар жүзі тарыла түскен. Қимасынан қарағандағы пішіні ромбы тәріздес. Жәдігердің жалпы ұзындығы – 14,5 см, жалпақтығы – 4,5 см, қалыңдығы – 1,8 см. Сабының кішкене бөлігі сақталған, ұзындығы – 1 см, ені – 1 см, қалыңдығы – 0,8 см. Темір жіңішке сабы ағаш, сүйек немесе бізге белгісіз басқа материалмен қапталып, қолға ұстауға ыңғайлы қалыпта болған болса керек. Қанжардың үшкір ұшы жақ бөлігі де сақталмаған. Қанжардың бетінен теріден жасалған қынының іздерін байқауға болады.
Ал моншақтар балқытылған шыны тәріздес қоспа — пастадан жасалған. Қара түсті моншақтың сырты қызыл, ақ, сары түсті нүктелі әшекейлермен безендірген. Пішіні цилиндр тәріздес. Моншақтың жарты бөлігі сақталмаған. Өлшемі: диаметрі – 1,1 см, ұзындығы – 0,9 см, тесігінің диаметрі – 0,4 см. Екінші моншақ қара-көк түсті. Сыртына сары түспен иректі әшекей салынған. Пішіні дөңгелек, шар тәріздес. Өлшемі: диаметрі – 0,8 см, биіктігі – 0,6 см, тесігінің диаметрі – 0,3 см. Үшінші моншақ ақ түсті, дөңгелек шар пішінді. Өлшемі: диаметрі – 0,9 см, биіктігі – 0,7 см, тесігінің диаметрі – 0,2 см.
Қола айна дөңгелек пішінді, диаметрі – 6,3 см, қалыңдығы – 0,3 см. Айнаның бөлігі сынған.
Қайшының түрі топсалы, пышақ тәріздес екі бөліктен бекітіліп жасалған. Бір жақ сабы сынық. Ұзындығы – 14,8 см, ені – 6,5 см, қалыңдығы – 1,5 см. Осы қайшының басқа жерлерден табылған аналогтарына қарап, бұл ескерткіштің уақытын анықтауға тырыстық.
Айбастан табылған қайшыға ұқсас қайшы Маңғыстау аймағындағы Төбешік 1 ескерткішінен табылған. Бұл ескерткіш бұрынғы кезеңдерде тоналған екен, уақытын зерттеушілер қыпшақ кезеңіне сай деп есептеген. Тағы бір ұқсас қайшы Астрахан облысы, Ахтуба ауданы, Успенка селосы маңындағы бұлғарлар кезеңіне тиесілі деп есептелетін, әйел адам жерленген қорғаннан табылған. Бұл ескерткішке 1984 жылы қазба жүргізген астрахандық археолог Е.В.Шнайдштейн жәдігерлерді зерделей келе оның кезеңін Х ғасырдан ерте емес деп есептеген болатын.
Осы мәліметтерді ескере отырып, табылған жәдігерлердің түрі, сипатына қарап, Айбас зиратының уақыты шамамен Х-ХІІІ ғасырлар деп дәйек келтіреміз. Паста моншақтардың Сарайшық қазбасынан көп табылып, сол жерде өндірілгеніне қарағанда, Айбас зиратында жерленген әйелдің моншақтары мен ортағасырлық қала арасында бір байланыс барын көрсететіндей. Өйткені, Ұлы Жібек жолының бір бөлігі – Сарайшық пен Алтын Орда мемлекетінің астанасы Сарай Бату қалаларының арасындағы керуен жолы дәл осы жердің үстімен, Нарынның жал-жал құмдарын кешіп өтетін болған. Көне деректерде бұл аралықты керуендер өте тез уақытта, 8-10 күн ішінде жүріп өтетіні жазылған. Демек, Нарын құмындағы сауда жолында керуеншілерге қызмет қылып, барлық жағынан қамтамасыз ететін тұщы сулы құдықтар, керуен-сарайлар, т.б. коммуникациялық тораптар жақсы жұмыс істеген.
Жерленген адам сүйектерінің осылай екі жерге жинақталып қойылуына әрі күн сәулесіне қатты қақталғанына қарағанда, бұдан бұрынғы уақыттарда да мүрде жер бетіне шығып қалып, сол кезде сүйектерді әлдекімдер қозғаған болса керек. Батыс Қазақстан аймағында ғана кездесетін «құмтөбелі қабірлер» деп аталатын ескерткіштер түрі бар. Бұл ертедегі жергілікті халықтың өзіндік ерекшелігі бар жерлеу түрі, қабір үстінде арнайы топырақ үймесі болмайды. Желдің соғу бағытымен қабірлер құм шағылдар астында көміліп қалып отырған. Ал, біраз уақыт өткесін құмның көшуіне байланысты кейбір жылдары керісінше ашылып та қалып отырды. Тіпті әртүрлі уақытта бірнеше рет ашылып та қалуы мүмкін. Аумағы үлкен шағылдың бет-бедері өте жиі өзгеріп отырғандықтан обаларды тонаушыларға қабірлерді табу негізінен мүмкін болмаған. Көбінесе құмтөбелі қабірлердің ашылуы шағылдардың желмен көшуіне байланысты кездейсоқ кездесіп қалатын. Облысымызда орналасқан Нарын, Тайсойған, Бүйрек, т.б. құмдарда мекен еткен көне халықтар шағылдарға көптеген құмтөбелі қабірлерді орналастырған.
Зиратты зерттеу кезінде өзімізге мәлім болған осындай жайттарды баяндай отыра тарихи-мәдени ескерткішті зерттеу барысында көп көмек көрсеткен азаматтар – Исатай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мүтиғолла Насихановқа, «Атырау» телеарнасының Исатай ауданы бойынша өкілі Ержан Шеруеновке, жол бастаушымыз болған Құрмет Идрисовке, сондай-ақ ескерткіш туралы дер кезінде хабарлап, мәдени мұраларымыздың сақталуына ұқыптылық танытқан Едіге Қарымсақов ақсақалға алғыс білдіреміз.
Айбек ТҰРАРҰЛЫ
Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің археологі