АЯЗ АТАНЫҢ СЫЙЫ
Жаңа жылды тағатсыз күткендердің бірі – Вокзал маңы мөлтек ауданының кішкентай тұрғындары – Альбина мен Азамат. Ағайынды Есбосыновтар жыл сайын Аяз атаға хат жолдап, өз тілектерін жазады екен. №27 орта мектебінің алтыншы сынып оқушысы Альбина мен үшінші сынып оқушысы Азаматқа жаңа жылдың кейіпкерлері балалардың тілегі бойынша ұялы телефонды табыс етіп, сан алуан пошта маркаларының жиынтықтарын қоса сыйға тартты. Ерекше көңіл-күйге енген балғындар Аяз атаға өз өнерлерін көрсетіп, алғыстарын жаудырды.
«Жаңа жыл қарсаңында облыстық «Атырау» газетінен «Аяз атаға хат» акциясының басталғанын оқыдық. Мұнда көрсетілген пошта мекен-жайына балалар өз тілектері мен қалауын жазып, жолдады. Хат Аяз атаға жетті ме, қандай жауап болады екен деген балалар оларды асыға күтті. Бүгін, міне, балғындардың тілектері орындалып жатқанына ризамыз. Ұйымдастырушылармен қатар облыстың жаңалықтарын жұртшылыққа дер кезінде ұсынып отырған «Атыраудың» ұжымына да алғысымыз шексіз» деді Азамат пен Альбинаның анасы Гүлнәр Дінқуатова. Жолдасы Мақсот Есбосын – Ауған соғысының ардагері. Облыстық басылымды үзбей оқып, әр парағынан жаңалық күтетін бұл отбасы Қой жылында да газет бетінде жағымды хабарлар көп болсын деген тілектерін жеткізді.
Одан әрі Аяз Ата мен Ақшақар кішкентай атыраулықтар – Герман Сүлиевке қалауы бойынша ұялы телефон, ал, Аружан Сақтаеваға қуыршақ, басқа да бағалы ойыншықтарды сыйға тартты.
Поштаның өкілдері – жаңа жыл кейіпкерлерінің айтуынша, балалар Аяз атаның барына сенеді. Ең бастысы, олардың сенімі жоғалып кетпеуі керек. Биыл аймақтың әр түкпірінен 250-ден аса хат түсіп, тіркелген. Оның көпшілігінде балалар заманауи байланыс құралдары – планшет, ұялы телефон, қол компьютерді қажет етеді.
Сондай-ақ, «балаларға арналған журналдарға жазылсақ» деген хаттар да кездесті. Әрбір хат жауапсыз қалмады. Ауданнан түскен хаттардың сыйы пошта арқылы жөнелтілді.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.