Аялдама деген аты ғана…
Қоғамдық көлік тоқтайтын орынға келдік. Күн тас төбеде. Шілденің ми қайнатар ыстығы күйдіріп тұр. Жолаушылар жандарын қоярға жер таппай, жақын ғимараттардың көлеңкесін жағалап кетіпті. Әттең, егер аялдаманы о баста-ақ адамдарға жайлы етіп салса ғой…
Атырауда аялдама аз салынған жоқ. Шаһар әкімі ауысқан сайын жаңасы қондырылады. Жә, бұл үшін оларды кінә- лаудан аулақпыз. Әйтсе де, қайталап айтқанда, тұрғындарға жайлылығы алдыңғы кезекке шығуы шарт емес пе? Егер қыста бораннан, жазда ыстықтан қорғай алмаса, мұндай аялдамалар кімге керек? Сыртының жылтырап тұрғанынан не пайда, ішінде сая болмаса?
Жалпы, қандай нысанды тұрғызғанда да сол жердің табиғаты есепке алынғаны абзал. Қысы сал-қын, жазы ыстық Атырауда жан-жағы ашық, бір қабат әйнекпен көмкеріле салған аялдама түкке де керек емес. Көріп жүрміз, ақпанның ақырған аязында адамдар жақын жердегі дүкендерге кіріп жан сақтайды. Жаздағы жағдайды айттық. Немесе, кенет жаңбыр жауып кетсе, аялдамада тұрғандар тым-тырақай қашып жатады. Қыруар қаржыға тұрғызылған нысандардың халыққа қолайсыздығы осыдан-ақ көрініп тұрған жоқ па?
Оның үстіне, біздегі аялдамалар егіз қозыдай бір-бірінен аумайды. Құдды инкубатордан шыққан балапандар тәрізді. Бізде ұлттық үрдісімізбен нақышталған аялдама тұрғызуға мүмкіндік бар. Қазір құрылыс материалдары жеткілікті. Өзімізден де шығарылады, тыстан да тасымалданады. Ендеше, соны пайдаланған жөн емес пе? Рас, қымбаттау шығар. Бірақ, әр жылы ақша шығарып, аялдама жаңарта бергенше, бұзылмайтын етіп салуға болмас па?
Тағы да қараңызшы, аялдамалардың әйнектері түрлі жарнамадан көрінбейді. О баста жергілікті атқарушы билік оларға шаһардың көрікті орындарының суреттерін ілген-ді. Қазір солардың кейбірі жыртылып, бірқатары әлгі хабарландырулардың астында қалған. Бұдан біраз жыл бұрын бұған тыйым салынып, жарнама үшін арнайы орын белгіленген еді. Бүгінде бұл талап та орындалмайды. Оны тексеріп жатқан жан тағы көрінбейді.
Аялдамаларға автобустардың қай жерде келе жатқандығын көрсететін табло да қондырылды. Жылт еткен жағымды жаңалыққа сенгіш қалалықтар одан үлкен үміт күткен. Ақталмады. Ашығын айтқанда, солар жұмыс жасап жарытқан жоқ. Енді, жергілікті атқарушы билік оны жөндеуді басқа мекемеге тапсырмақ. Бұрынғысы ақшасын алып, қарасын батырған тәрізді. Әйтсе де, жолаушы тасымалы саласының ардагері Бағыт Меңдешевтің айтуынша, бүгінде кеңестік кездегідей автобустардың жүріс жиілігін, олардың аялдамаларға қай уақытта келетіндігін реттейтін талап жоқ көрінеді. Толымды табыс табуға талпынған жүргізушілер өздері-ақ шапшаң жүруге тырысады. Ендеше, қоғамдық көліктің қайда екенін қадағалайтын мұндай қымбат қондырғының не қажеті бар? Соған жұмсалмақ қаржыны жаңа жайлы аялдамалар салуға неге арнамаймыз?
Тағы бір мәселе – аялдамалар айналасының тазалығы. О баста мұнда қоқыс жинайтын жәшіктер қондырылған. Бүгінде солардың әбден тозығы жетіп, дені сынған. Ендеше, көпшілік жиі жиналатын аялдамалар төңірегіндегі қоқыс жәшіктерін де жаңғыртқан жөн.
Және бір түйткілді жайт – аялдамалардың аздығы. Жаңадан пайда болған ықшамаудандарды айтпағанда, олар шаһардың ескі бөлігінде де жоқ. Бұдан бірнеше жыл бұрын тұрғызылған нысандар әлдеқашан қирап қалған. Осы салаға жауап беретін басшылардың ол жаққа ат ізін салмағанына да талай жылдың жүзі болған сияқты. Тұрғындар үйлерінің алдына шығады, жолаушы іздеген жүргізушілер тоқтай қалады. Тіпті соған бәрі үйреніп кеткен. Бірақ, бұдан аялдама қажет емес деген тұжырым тумаса керек.
М.БАЕВ