Аяласаң, табиғатты аяла!
Бүгінде ауасы ластанған Атырауда қоршаған ортаны қорғау мәселесі өткір тұр. Өнеркәсіп орындарының ұлғаюынан, адамдардың салғырттығы мен бейқамдығынан бастау алған экологиялық күрделі ахуалды қалыпқа келтірудің жолы қандай? Түйткілді мәселелердің шешімі қаншалықты іске асуда? Осы және өзге де сауалдар аясында облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан АРЫСТАНМЕН сұхбаттасқан едік.
Жағымсыз иіс қайдан шығады?
– Қадыржан Бақтығалиұлы, атмосфералық ауаның ластануы басты проблема екендігі белгілі. Аймақта ауа тазалығын сақтауда қандай жұмыстар атқарылуда? Алдымен, әңгімемізді осы мәселеден бастасақ.
– Ауаның ластануына негізінен мұнай-газ өндіруші және оларды өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың қызметтері ғана емес, қаладан шығатын кәріздік-техникалық судың да, қоқыс полигонындағы қалдықтардың жағымсыз исі де әсер етеді. Ал, «қайсысы атмосфераны бүлдіруде басым?» деген сұраққа нақты жауап айту қиын. Атыраудағы мүңкіген иіс жел оңтүстік-шығыстан соққанда қатты білінеді. Оның исі мен мұнай-газ кешендерінен шыққан газ бәрі қосылып, ауаға таралады. Зиянды қалдықтар 10-15 минут ішінде ауада ыдырап кетеді. Бұл жағдайды терең зерттеуде басқарма жанында арнайы жедел топ құрылып, мамандар кезекшілікпен осы мәселемен айналысуы тиіс. Бұған дейін басқармада мұндай жұмыстарды жүргізетін арнайы экологиялық зертхана құрылып, кейін бұл «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының құрамына берілген. Бүгінде зертхананың жұмысын басқармада қайта жандандыру ойластырылуда.
Қалай десек те, ауаға жіберіліп отыр-ған зиянды қалдықтардың мөлшері азаймайынша, өлкеміздің экологиялық жағдайы бұрынғы қалпында қала бермек. Сондықтан, ауа тазалығын сақтау проблемаларын кешенді түрде шешу маңызды.
Қарабатан бағытына – жасыл белдеу
– Аймақтағы тағы бір мәселе – жасыл-желектің жетіспеушілігі жайын қозғасақ…
– Бүгінде ағаштарды көбірек отырғызуға баса көңіл бөлінуде. Қарабатан бағытына қарай тас жол бойын тұтас көгалдандыру – жоспардағы іс. Қазірдің өзінде тәжірибе негізінде бір гектар аумаққа теректер отырғызылып, олардың 70-80 пайызы өсіп тұр. Алдағы жылдары бұл жұмыстар көбейе түседі. Сондай-ақ, орман шаруашылығы мекемесінің жұмыстарын түлетіп, оңтайландыру үрдісі кезінде біріктіріліп кеткен Махамбет орман шаруашылығын дербес құру жоспарлануда.
Орман шаруашылығындағы басты мәселе – орманшылар еңбегінің бағалануы өте төмен. Ай сайынғы жалақыларының аздығын айтпағанда, олардың арнайы белгіленген кәсіби мерекесі де жоқ. Десек те, мұндай келеңсіздікке қарамастан, жылдар бойы еңбегін осы салаға арнап, тіптен орманшылар отбасы династиясын жалғастырып жатқандар да бар. Мәселен, Индер ауданындағы қырық жыл орманшы болып қызмет еткен Батыр Машаевтың ісін бүгінде оның баласы Тоғай Машаев 36 жылдан бері жалғастырып келеді.
Жел стансасы салынады
– «Жасыл экономикаға» көшу – Елбасы жүктеген міндеттердің бірі. Бұл тапсырма жергілікті жерде қаншалықты деңгейде жүзеге асуда?
– «Жасыл экономикаға» көшуде «Гринфортис» компаниясының жел электрстансасының құрылысы басталады. Облыс әкімдігі мен аталған компания арасында «Қуаттылығы 50 мВт жел электрстансасының құрылысы» бойынша жер телімі бөлініп, жобаны қаржыландыру мәселесі қаралуда. «Атырау» ӘКК ҰК» және «Enprode Engineering & Construction» компаниясы арасында «Karabatan WindFarm» біріккен кәсіпорнын құру жөнінде келісім-шарт жасақталды. Жел электрстансасының құрылысы бойынша екі жылға зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін аумағы 600 гектар жер учаскесі белгіленді. Қазір неміс банктерімен жобаны қаржыландыруда келіссөздер жүргізілуде. Қоршаған ортаның тазалығын арттыруда энергияның перспективалы түрлеріне көшу жұмыстары да ұйымдастырылуда.
Жайық – ұдайы бақылауда
– Жайық өзенінің бүгінгі жайы кім-кімді де толғандырады. Жыл сайын суының ластанып, тартылып жатқаны жөнінде не айтасыз?
– Рас, соңғы жылдары өзен жағалауындағы теректер қурай бастады. Бұл ағаштардың тамырына су жетпей, Жайықтың тартылып жатқанын аңғартады. Мұндай жағдай өткен жылы өзендегі судың ағынына кері әсер етіп, түсінің жасылдануына әкеп соқты. Алайда, мамандардың айтуынша, бұл құбылыс су құрамының бұзылуына кері әсер етпейді. Зерттеулер нәтижесінде, соңғы жылдары су құрамының өзгеруі байқалмаған. Жайықтың суы Еділ өзенінің суынан да таза. Ал, тайыздануы онда тіршілік ететін балықтардың өмір сүруіне қолайсыз жағдай туғызады. Бұл мәселелерді шешуде Жайықтың Ресей жақтағы бөлігінен суды көбірек жіберуіне ықпал ету жұмыстары қолға алынды. Өздеріңізге белгілі, Орынбор губернаторы Александр Бергтің Атырауға іссапары барысында Жайыққа жіберілетін су мөлшерін көбейту мәселесі облыс әкімі Нұрлан Асқарұлымен кеңінен талқыланды. Алдағы уақытта бұл көршілес облыстар арасындағы меморандумға да қол қойылады деп күтілуде.
– Облыстағы заңсыз жер қорын пайдалану жұмыстары жөнінде білсек?
– Заңсыз жер қорын пайдалану, ешбір рұқсатсыз карьерден топырақ қазып алу мәселелерінің бары рас. Мысалы, Құрманғазы ауданында болғанымда тас жол салу жұмыстарына қажетті топырақты тасу заңдастырылмағанына куә болдым. Осындай деректерді анықтауды жол бойындағы топырақ тасыған КамАЗ көліктерін тексеруден байқауға болады. Атырау–Индер тас жолында да құм, қазба жыныстар тасыған ауыр көліктер легі тоқтаусыз жалғасуда.
Бұдан басқа, топырақтың мұнай төгінділерімен ластану деректері де жиі орын алуда. Мәселен, Махамбет ауданында Бақсай елді мекенінен 30 шақырым қашықтықта мұнаймен ластанған аумақ пайда болған. Ластанған топырақтың аумағы 70 шаршы метрді құрайды. Оған кінәлілерді анықтау жұмыстары жүргізілуде. Бұған дейін осыған ұқсас дерек Атырау қаласындағы Ақжар ауылында да орын алды. Ұзақ жылдар бойы төгіліп жатқан мазуттың иесі кім екендігі зерттелуде. Топырақ мұнай қалдықтарымен аз мөлшерде ластанған жағдайда, оны қайта қалпына келтіруге болады. Ал, көп мөлшерде ластанса, оған қарсы күрес жүргізуге тура келеді.
Мұндай ақпараттарды дер кезінде анықтауға, бізге хабар жетпей жатады, оның себебі – басқармаға қарасты қалада, аудандарда ешбір бөлімше, маманның жоқтығы. Бұл жағдай сала мамандарының табиғатты қорғау жұмыстарында біраз қиындық тудыратыны жасырын емес. Сондықтан, «әр ауданда табиғат қорғау шараларына жауапты маман бекітілсе» деген ұсыныс бар.
Қоқысты жинай білу де – мәдениеттілік
– Атырау қаласында қоқыстарды жинау мәселесі шиеленісіп барады. Жауапты орын тұрғындарға кінә артудан, азаматтар құзырлы мекемелерге шағымданудан жалығар емес. Осы проблемаға орай сіздің пікіріңіз қандай?
– Мұның бәрі аймақта жаңа полигон сұрыптау кешені және қайта өңдеу цехтарын салуды қажет етеді. Аталған нысандардың құрылысы 2018-2020 жылдар аралығында жүзеге асырылады. 2019 жылдан бастап қалдықтарды сұрыпталмаған күйінде полигонға апаруға рұқсат берілмейді. Бұл бағытта арнайы автокөліктерге GPS құрылғысы орнатылады. Қалдықтарды сұрыптау – тиімді кәсіп. Мәселен, Жаңаөзендегі сұрыптау комбинаты бір жылдың өзінде 10 миллион теңгеден астам мемлекетке пайда түсірген, ал бұл жұмысты кәсіпкерлер қолға алатын болса, пайданың еселенетіні белгілі.
Қоқыстағы шиеленіскен мәселеден арылудың тағы бір жолы – тұрғындар арасында қалдықтарды тастау мәдениетін қалыптастыру. Шетелдік тәжірибеге де көңіл бөлу маңызды. Мәселен, Белоруссияда ата-аналар балаларды өздерімен бірге еріте жүріп, қоқысты арнайы жәшіктің ішіне салу қажеттігін ерте жастан үйретеді. Мұндай жұмыстарды бізде де қолға алған жөн. Тұрғындарға қоқысты тастау тәртібі, ережелері жазылған үнпарақтар таратылса, бейнероликтер көрсетілсе деймін. Бұл іске жастар мен үкіметтік емес ұйым өкілдерін жұмылдыру маңызды. Бұқаралық ақпарат құралдары да осы мәселеге баса үн қосса екен. Жалпы, басқарма экологиялық мәселелерді ақпараттандыруға биыл ерекше көңіл бөлуде. Журналистер арасында арнайы конкурс та ұйымдастырылуда. Сайып келгенде, мұның бәрі қордаланған мәселелерді жария етіп, қоршаған ортаны қорғауға бүкіл қоғамды жұмылдыру болып табылады.
– Сұхбатыңызға бек рахмет!
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА