Автокөлік тарихын тексеру енді eGov Mobile арқылы қолжетімді
Автокөлік сатып алу кезінде көліктің тарихын тексеру енді бұрынғыдан әлдеқайда оңай әрі жылдам бола түсті. eGov Mobile қосымшасында пайда болған жаңа қызмет кез келген пайдаланушыға автокөлік туралы маңызды ақпаратты ұсынады.
Жаңа сервис арқылы автокөлік иелерінің жалпы саны, оның алғаш тіркелген күні, сондай-ақ кепілде немесе қандай да бір шектеуде бар-жоғы туралы мәліметтер алуға болады. Бұл ақпарат автокөлік сатып алушыларға маңызды шешім қабылдау кезінде туындайтын тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.
Қосымшада автокөліктің мемлекеттік нөмірін және техникалық төлқұжат нөмірін енгізу жеткілікті. Осыдан кейін пайдаланушы көлік құралы туралы мынадай деректерге қол жеткізе алады: маркасы, шығарылған жылы, қозғалтқыш көлемі, кузов түсі, қосымша жабдықтары.
Алдыңғы иелердің жеке деректері құпия сақталатынын да атап өткен жөн.
Бұл қызметтің басты артықшылығы – автокөлік тарихын тексеру процесін жеңілдетіп, сатып алу кезінде туындайтын қауіпті мейлінше азайту.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ
Сурет: kursiv.kz