Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Автокөлік – Айбекте!

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті жанындағы «Жайық» спорт кешенінде тарих ғылымдарының докторы, ҚР қоғамдық ғылымдар академиясының академигі Хисмет Табылдиевтің 80 жасқа толуына арналған қазақ күресінен (түйе палуан) республикалық ашық турнир өтті.

%d0%b0%d0%b2%d1%82%d0%be%d0%ba%d3%a9%d0%bb%d1%96%d0%ba-%d0%b0%d0%b9%d0%b1%d0%b5%d0%ba%d1%82%d0%b5

Мұнда еліміздің аймақтары мен Грузия, Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей елдерінен 28 палуан күш сынасты. Бас жүлдеге темір тұлпар тігілген қазақ күресінің алыптар бәсекесі өте тартысты өтті. Ал, Атырау облысының намысын көптеген халықаралық турнирлерде топ жарған Сұңғат Закарияев, Кенжебек Күзембаев сынды мықтылар қорғады.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев келген қонақтарға, палуандарға «қош келдіңізін» айтып, сәттілік тіледі. Елімізде ұлттық спорт түрлеріне, соның ішінде, қазақ күресіне қолдау зор екендігін баса айтты.

Ал, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Серік Түкеев мерейжас иесін «Қазақ күресіне қосқан ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттады.

Боз кілемде бес жекпе-жек өткізіп, бәрінде де қарсыластың жауырынын жерге тигізген қазақ күресінен төрт дүркін әлем чемпионы, «Қазақстан барысы», шығысқазақстандық Айбек Нұғымаров бұл жолы да жарыс жеңімпазы атанды.

Ақтық айқаста ол кездескен Алматы облысының палуаны, кезінде «Қазақстан барысы» турнирінде топ жарған Ұлан Рысқұл да мықты қарсылас екені белгілі. Кездесу соңына дейін палуандар  бір-бірінің осал тұсын таба алмай жүрді. Қос қазақ күресінің алыбы арасындағы белдесу тағдыры жекпе-жек аяқталуға бір секунд қалғанда ғана шешілді. Айбек қарсыласын соңғы секундта жамбасқа  түсіріп, тамаша жеңіске қол жеткізді.

Ал, күміс жүлдегер атанған Ұлан Рысқұл финалға дейінгі жолда әлем чемпионы грузиялық Гурам Тушишвилиды жеңіп, екінші айналымда Темірлан Көлбайдан да айласын  асыра білді. Ал, жартылай финалда Мақсат Исағабыловпен боз кілемде белдесті.

Турнир нәтижесінде Айбек Нұғымаров темір тұлпарды ұтып алса, күміс жүлдегер атанған Ұлан Рысқұл 500 мың теңге сыйақыға ие болды. Ал, қола жүлде үшін таласта жеңіске жеткен «Қазақстан күресі» турнирінің күміс жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Руслан Әбдразақовқа 250 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Сонымен қатар, көзге түскен өзге палуандарға да сый көрсетілді.

Жалпы айтқанда, турнирге келген палуандардың қай-қайсысының да дайындық деңгейі көңіл қуантады.

— Хисмет Табылдиев турнирі жоғары деңгейде өтті. Қазақ күресінен түрлі халықаралық, республикалық турнирлердің жеңімпаздары еліміздің түкпір-түкпірінен Атырау жеріне жиналды. Грузия елінен әлем және Еуропа біріншіліктерінің чемпиондары келіп, жарыстың тартысты өтуіне себепкер болды. Өзбекстан палуандары мен Ресей спортшылары да тәжірибесі толысқан нағыз шеберлер. Алайда, біздің отандастар мықты екендіктерін көрсете білді. Соның бір айғағы, жартылай финалға жолдама алған төрт палуан да – қазақстандықтар болды. Төрешілер әділ жұмыс жасады. Халық та өз бағасын берді. Бұл турнирден кейін қазақ күресі үлкен серпіліс алатынына сенімдімін, —  дейді жарыстың бас төрешісі және ұйымдастырушысы Аманбай Қыздарбаев.

Айгүл Ертілеу

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button