Жарнама
Медицина

Аузыңды ашсаң, 1 млн. теңге!..

Отыз екі тісіңнің түгел әрі сау болуы – бүгінде байлықпен пара-пар. Өйткені тіс емдеу қызметі қалтаға әжептәуір салмақ түсіреді. Тісті жұлдырудың өзі бұрынғыдай емес, қымбатшылықтың шырқау шегіне жеткен. Ал протез салдыру немесе күрделі ем қабылдау туралы айтудың өзі артық. Жыл басынан бері елімізде стоматологиялық қызметтерге сұраныс күрт артып, бұл саладағы табыс көлемі рекордтық деңгейге жетуде. Бұл нені білдіреді? Тұрғындар тіс саулығына көбірек көңіл бөліп жүр ме, әлде ауыз қуысы аурулары белең алып бара ма?..

Несиеге тіс салдырады

Атырау қаласының қай көшесімен жүрсеңіз де сәнді маңдайшасы жарқыраған жеке тіс емханалары көп екендігін байқайсыз. Бір қарағанда, бұл бәсекелестік медициналық нысандардағы көрсетілген бағаларды төмендетуі керек секілді еді. Алайда іс жүзінде керісінше болып тұр. Тіс емдетудің құны қарапайым халық үшін күннен-күнге қол жеткізбей көтеріліп барады.

Жуырда біз өңірдегі үздік деген он стоматологиялық орталықпен байланысып, қазіргі қызмет бағасын саралап көрген едік. Сондағы байқағанымыз мынау: Тіс жұлдырудың орташа құны 15 мың теңгеден басталады. Емдеу мен пломба салу құны 20 мың теңгеден жоғары. Егер тісті қайта қалпына келтіріп, керамика қойғыңыз келсе, 80-100 мың теңгені қалтаға салып баруыңыз керек. Имплант салдыру 100 мың теңгеден әрі асады.

Қала тұрғыны Айсұлу Төлегенова – көпбалалы ана. Үшінші баласын дүниеге әкелген соң тіс ауруы мазалап, амалдың жоқтығынан ақылы клиникаға жүгінуге мәжбүр болыпты.

– Мемлекеттік емханада тіс емдеудің мүмкіндігі болмады. Ал жекеменшік клиникада бір тісті емдеу 30 мың теңгеден басталады екен. Мұндағылар «барлығы – 450 мың теңге болады» деп есептеп берді. Үйде бала қарап отырған мен мұндай қаражатты қайдан табамын? Ақыры, банк арқылы бөліп төлеу қызметін рәсімдедім. Қазір ай сайын тіс үшін қарыз төлеп отырмын,-дейді ол.

Ал жақында 4 тісін емдеткен Дархан Нұртасов бұл саладағы қызмет ақысының жыл сайын күрт өсіп жатқанына назалы.

– Рентген, анестезия, ақыл тісті жұлдыру, емдеу – бәрі қосылып, 800 мың теңгеге шықты. Ал протез салдыру үшін кемінде 1 миллион теңге керек екен. Бұл енді ем емес, қаржылық операцияға айналып барады,-дейді ол.

Зейнетақы қорындағы қаражатты пайдаланған

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі енгізілгелі бері тегін медициналық қызметтердің қолжетімділігі туралы жиі айтылып жүр. Дегенмен бұл жүйе арқылы стоматологиялық көмекке жүгіну көпшілік үшін әлі қиын шаруа. Себебі МӘМС аясында тіс емдеу тек санаулы санаттағы адамдарға – балаларға, жүкті әйелдерге, зейнеткерлер мен кейбір әлеуметтік осал топтарға ғана тегін көрсетіледі. Ал өзге тұрғындар үшін бұл қызмет түрі ақылы болып қалып отыр.

Тіс ауруының жынысы да, жасы да жоқ екенін ескерсек, стоматологиялық қызметтің қолжетімділігі – бүгінгі медицинаның ең өзекті мәселелерінің бірі. Қалтасы көтермеген тұрғындар амалсыздан ауырсынуды ұзақ уақытқа дейін көтеріп, тісін жұлдырғаннан басқа амал таппайды. Дегенмен соңғы жылдары адамдардың тіс емдеуге қол жеткізуінің тағы бір тиімді жолы пайда болды. Ол – зейнетақы жинағын пайдалану.

2021 жылдан бері зейнетақы қорындағы шекті сомадан асқан қаражатты тұрғындар медициналық мақсатқа, соның ішінде тіс емдетуге де жұмсай алады. Алайда бұл мүмкіндіктің де өз шектеуі бар: тісті емдеу немесе пломба салу бұл тізімге кірмейді. Зейнетақы жинағы арқылы тек екі қызмет түріне – тісті протездеу мен имплантацияға ғана жүгінуге болады.

Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сүйенсек, соңғы жылдары қазақстандықтардың зейнетақы қорынан медицинаға аударған қаражаты бірнеше миллиард теңгеден асып кеткен. Оның ішінде 80 пайыздан астамы дәл стоматологиялық клиникалардың шотына түскен екен. Бұл деректің өзі халықтың тіс мәселесіне қаншалықты көңіл бөліп отырғанын және қызметтің қымбаттығын көрсетсе керек.

Атырау қаласындағы бірнеше клиниканың қызмет құнына шолу жасау барысында бір жайт анық байқалды: баға тұрақты емес, ол емхананың деңгейіне, дәрігердің тәжірибесіне, қолданылатын материалдарға, тіпті дәрігердің имиджі мен әлеуметтік желідегі танымалдығына байланысты өзгеріп отырады. Бір клиникада 60 мың теңге тұратын қызмет, екіншісінде 100 мыңнан асып түсіп жатады.

Зейнетақы қорындағы қаржысын тиімді пайдаланып, тісін емдеткендердің бірі – Күләш Жолдасова. Бірнеше жыл бойы медицина саласында еңбек еткен ардагер бүгінде зейнет демалысында.

 Ол тек қаржылық емес, психологиялық тұрғыда да жеңілдік алғанын айтады. Ауыз толтырып сөйлей алмау, езу тартуға ұялу, тіпті кейбір тағамнан бас тарту секілді мәселелер протез салынғаннан кейін біржола артта қалған.

Өзге елде екі есе арзан

Тіс ауырса жан қиналады. Ал оны емдету үшін қалтаң да қиналатын болса, жұрт амалдың басқа жолын қарастырады. Соңғы жылдары тұрғындардың бір емес, бірнеше тісін емдету үшін жақын шет елдерге, соның ішінде Өзбекстанға жол тартып, ем алуы үйреншікті үрдіске айналып барады. Әсіресе, стоматологиялық туризм қарқын алып тұр.

Ресми деректерге сүйенсек, жыл басынан бері Өзбекстанға медицина туризмі мақсатында 7 мыңға жуық қазақстандық барған. Оның жартысынан көбі – тіс емдету үшін. Бір ғана өзбек тіс дәрігері аптасына оннан астам қазақстандықты қабылдайды екен. Бұл нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігі бұзылғандығын және халықтың отандық медицинаға деген сенімінің кеміп бара жатқанын көрсететін дабыл іспетті.

Көрші елдегі ем бағасы қазақстандықтар үшін таң қаларлықтай төмен. Жергілікті клиникаларда тіс емдеу құны 5000 теңгеден басталады. Ал орташа деңгейдегі сапалы пломбаны небәрі 8000 теңгеге салуға болады. Бір емес, бірнеше тісін емдетіп келген отандастардың айтуынша, бар-жоғы 100 мың теңгеге толық ем қабылдауға мүмкіндік бар. Мұндай баға біздегі бір-екі тісті ғана емдеуге жететіні жасырын емес.

Атырау қаласының тұрғыны, зейнеткер Ақкүміс Алдабергенова жуырда Өзбекстанда тісін емдетіп қайтқан. Оның айтуынша, қаладағы клиникалармен салыстырғанда баға бірнеше есе арзан болуына қарамастан, қызмет сапасы өте жоғары.

– Бірнеше жылдан бері тіс мәселесінен көз ашпадым. Атырауда бір тісті емдеу құны 30 мыңнан асып кетеді. Өзбекстандағы клиникада бар-жоғы 7 мың теңгеге емдеді. Жол шығынын қоса есептегеннің өзінде Қазақстанда тіс емдеткеннен әлдеқайда тиімді болды. Жұмысы ұқыпты, дәрігердің қарым-қатынасы да жақсы. Қазір туыстарымның бәрі сонда барып жүр,-дейді ол.

Ташкент қаласындағы жеке стоматология орталығының дәрігері Мухлиса Дадабаева қазақстандық науқастардың легі жылдан-жылға қайта көбейіп жатқанын растайды.

– Қазақтар бізге бұрын да жиі келетін. Соңғы екі-үш жылда олардың саны тіпті артып кетті. Әсіресе, Атырау және Ақтау қалаларынан келетіндер көп. Біз бес күннің ішінде диагностика, емдеу және протездеуді толық жасап үлгеруге жұмыстанамыз. Қазақстанда стоматология жақсы дамыған, бірақ пациенттердің бізге ағылуы баға айырмашылығына тікелей байланысты,-дейді ол.

Материал шетелден алынады

«Тіс емдету неге қымбат?» деген сұрақты тіс дәрігерлері күнде естиді. Жұрттың қалтасына салмақ салған қызмет түрінің құнының шарықтауына не себеп? Осы сауалды біз стоматолог Ержігіт Омаровқа қойған едік.

– Бұл – бүгінгі қоғамда ең жиі қойылатын сұрақтардың бірі. Түсінемін, иә, тіс емдеу қарапайым адам үшін арзанға түспейді. Бірақ әр клиниканың өзіне тән бекітілген бағалау парағы бар. Тұтынушы сол тізімнен өз қалтасына лайық қызмет түрін таңдауға құқылы. Кеше ғана бір пациентке брекет орнаттым. Қолына үш түрлі нұсқа бердік – арзан, орташа және жоғары сапалы. Ол орта бағаны таңдады. Әрине, қаржысы бар адам ең үздік материалды алғысы келеді,-дейді дәрігер.

Маманның айтуынша, қызмет құнын қымбаттатып тұрған – дәрігердің білігі ғана емес, импорттық жабдықтар мен шығын материалдары. Германия, Оңтүстік Корея, Жапония секілді елдерден жеткізілетін сапалы құрылғылар мен пломбалар өздігінен арзандап кетпейді. Оған қоса бір тісті емдеу үшін кететін уақыт, еңбек күші мен технологияның күрделілігі де бағалауға әсер етеді.

Ал жақында жеке клиника ашқан атыраулық тіс дәрігері Әли Рахымов бағаның қымбаттығын материал мен маман тапшылығымен байланыстырады. Ол сондай-ақ кейбір клиникаларда табыс табу басты мақсатқа айналғанын да жасырмады.

– Бұған дейін жұмыс істеген клиникада күніне 9-10 адамды қабылдайтынбыз. Қазір өз орталығымда жұмыс істеймін. Тоқталғым келетіні, тіс дәрігерлерін «ақшаның соңында жүрген жандар» деп ойлауға болмайды. Рас, кейінгі жылдары стоматология таза бизнес көзіне айнала бастады. Қолма-қол ақшамен жұмыс істеуді көздейтін орталықтар бар. Бұл да бағаның шарықтауына себепші. Бізде барлық бағыт қамтылған: терапевт, ортопед, ортодонт, хирург, балалар дәрігері, имплантолог – толық құраммен қызмет көрсетеміз. Қызмет құны – сапа мен уақыттың теңгерімі,-дейді ол.

Тіс дәрігері болу – оңай емес. Бұл мамандық білім мен тәжірибені ғана емес, мол қаржылық салым мен үздіксіз ізденісті талап етеді. Қазақстанда стоматолог мамандарды даярлау 1950 жылдардан бастап қолға алынған. Алайда бұл саладағы оқудың өзі бүгінде екінің біріне қолжетімсіз болып отыр. Ал ақылы оқу құны жылдан-жылға шарықтап келеді. Тиісінше, бес жыл бойы көп шығынға батқан түлек маман атанған соң сол салған инвестициясын қайтарғысы келетіні заңдылық.

Жігер Сақтанов, қала тұрғыны:

Қарапайым халық қайда барады?

– Баламның тісін тегін мемлекеттік емханада емдетейін деп барған едім. Бірақ, өкінішке қарай, балаларға арналған наркоз – сереван газы жоқ екен. Ақ халаттылар «газ жоқ, тек ауыртып емдей аламыз» дейді. Ал кішкентай баланы қалай қинап қоярсың?! Амалсыздан жеке клиникаға жүгінуге тура келді.

 Бірақ онда да оңай болмады. Сереван газы арқылы ұйықтатып емдеу сағатына 40 мың теңге екен. Бірнеше тісі ауырған соң бір сеанспен шектелмейді ғой. Ақыры төрт тісін емдетуге 300 мың теңгеге жуық қаражат жұмсадым. Бұл – көп балалы отбасылар үшін өте үлкен сома. Мемлекеттік емханаларда қажетті жабдық болмаса, қарапайым халық қайда барады?

Бүгінде тіс емдету – қалтаға салмақ, кейде тіпті отбасы бюджетіне қауіп. Сол себепті дәрігерлер миллиондар жұмсап, қарызға белшеден батпау үшін әр адам тіс күтімін ерте қолға алып, күнделікті гигиенаны сақтап, профилактикалық тексерулерден уақытылы өтіп отырғаны жөн екенін айтады. Тіс ауырғанда ғана дәрігер іздеу – денсаулыққа деген салғырттықтың көрінісі. Ұмытпайық, тіс – күлкіңіздің көркі ғана емес, денсаулығыңыздың да айнасы.

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button