Ауылдастардың алғысын арқалап…
Волонтерлік үрдіс кең қанат жайып келеді. Соның бір мысалы – қазіргі таңда қала, аудан ғана емес, ауылдарда да осындай ұйымдар құрылып, белсенді жұмыстанып жүргенін айта кеткен жөн.
Осыдан екі жыл бұрын Жанбай ауылында құрылған «B-elsendi» қоғамдық қоры аудан, облысқа танымал ұйымның бірі. «Қазіргі таңда құрамымызда жиырма шақты ерікті бар. Ең үлкені 32 жаста, ең жасы 17-де» деген қор төрағасы Дулат Шыманов алдағы жоспарларымен де бөлісті. Екі жыл қатарынан Исатай ауданы бойынша «Үздік волонтерлік топ» аталымы бойынша жеңімпаз атанған белсенділердің қанжығасында облыс бойынша «Үздік жас волонтерлік ұйым» аталымы да бар. Ауыл ішіндегі кез-келген жұмысқа белсене араласып, əлеуметік қолдау, өзге де демеу түрлерін ұдайы ұйымдастырып жүрген қоғамдық қор жастармен жұмыс бағытын да жандандыруды көздеп отыр.
«Samruk-Kazyna Trust» əлеуметтік жобаларды дамыту қоры өткізген «Əрекет» республикалық байқауына қатысып, қайтарымсыз грант ұтып алдық. Қазір келісім-шартқа отыру рəсімдері жүргізілуде. Таяу уақыттарда аудан жастарына арнап, антикафе ашу, тегін тренингтер, түрлі форматтағы басқосулар ұйымдастыру бағытында жоспарларымыз бар» деді қор жетекшісі бізбен əңгімесінде.
Гүлжан ƏМІРОВА