Жарнама
Жаңалықтар

Ғабит Кенжебаев ауылдан шыққан академик атанды

Жақында елімізге белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Ғабит Қапизұлы Кенжебаев Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының толық мүшесі, академигі атанды.

Ғабит Қапизұлы  Қызылқоға ауданының Мұқыр селосында дүниеге келіп, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің тарих факультетін бітірген. Университетті бітірген соң еңбек жолын Мұқыр орта мектебінде мұғалім болып бастап, ғалымдыққа икемі бар жас маман көп кешікпей Атырау университетіне жұмысқа шақырылған. Ғабиттің  содан басталған ғалымдық жолы қырық жылдан астам уақыт бойы Қазақстан тарихын зерттеуге, оның олқы тұстарын түгендеуге арналды. Ол осыған орай ондаған оқулықтарды жазуға қатысса, жүздеген зерттеу мақалалары жарық көрді. Көптеген жас ғалымдардың ғылыми жетекшісі болып, олардың  болашақтарына жол ашты. Ол ғылыммен айналыса жүріп, Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университеттің басшыларының бірі ретінде оқу орнының әлемдік деңгейдегі үздік университеттерінің қатарына қосылуы үшін аянбай еңбек етті. Мыңдаған шәкірттеріне қайта жаңғырған Қазақстан тарихы туралы тұшымды дәріс берді, тарихтағы ақтаңдақтарды зерттеп, еліміздің толыққанды шежіресінің жазылуына үлес қосты.  

Бір атап өтерлік жәй, Ғабит Қапизұлы Қызылқоға өңірінен шыққан заңғарлар-Салық Зиманов, Зейнолла Қабдолов сынды академик ағаларымыздан кейін осындай үлкен ғылыми атаққа ие болған үшінші адам. Ендеше, Ғабитқа берілген бұл жоғары атақ Мұқыр орта мектебі үшін де, биыл құрылғанына 80 жыл толып отырған  жалпы Қызылқоға жұрты үшін де, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті үшін де, барша атыраулықтар үшін де мақтаныш, үлкен абырой екені сөзсіз.

Біз Ғабит Қапизұлын Ғылым жолындағы жоғары әрі мәртебелі атағымен құттықтап, тарихы терең болса да жазылуы әлі жүйеге түсе қоймаған ел шежіресінің лайықты болып жарыққа шығуына үлесін қосады деген сенімдеміз.

 Нұрлан ҚАБЫЛОВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі

Сурет: bpmpp.uma.ac.id

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button