Жарнама
ЖаңалықтарСарапTimeЭкономика

Ауылдағы малдың мазасын қашырған не?

Atr.kz/4 ақпан, 2020 жыл. Мал қыстату – агроөнеркәсіп кешеніндегі маңызды науқанның бірі. Ауыл шаруашылығы басқармасынан алынған ақпараттарға қарағанда, биыл шаруа қожалықтарында 72 350 мүйізді ірі қара, 46 630 жылқы, 286 мыңнан астам қой-ешкі және 16 мыңға жуық түйе 1 474 орында қыстатылуда. Шаруашылықтар 556 мың тонна ірі сабақты мал азығымен қамтамасыз етілген.

Салалық басқарманың бас маманы Таңатар Мусиннің мәлімдеуінше, қыстақ орындары алдын ала жөнделіп, сын кезеңге сақадай сай әзірленген. Қажетті жемшөппен жеткілікті мөлшерде қамтылып, шалғайдағы шаруагерлермен тұрақты байланыс орнатылып отыр.

Облыстағы малды өңірлердің бірі – Қызылқоға ауданында атакәсіппен айналысатын шаруашылық құрылымдарының саны 326-ны құрайды. Оның 311-і – шаруа қожалығы, алтауы – өндірістік кооператив, бесеуі – жауапкершілігі шектеулі серіктестік және біреуі – агрофирма. Бұлардың иелігінде 15 459 мүйізді ірі қара, 65 100 ұсақ мал, 7 750 жылқы мен 930 түйе бар. Жаз айларындағы құрғақшылық пен қуаңшылыққа қарамастан, қызылқоғалықтар қыстық мал азығын ауданның аумағынан дайындады.

Ал, «Сағыз» ЖШС, «Тасшағыл» ӨК, «Құрман», «Думан», «Ақшелек», «Әнуар», «Сарқұмақ», «Қасым» ШҚ-тарының әрқайсысы қажеттісінен басқа 500 тоннадан резервтік қор жасақтап алуға қол жеткізді. Одан бөлек, аудандағы 54 шаруа қожалығы 63 дана күн сәулесінен қуат өндіретін панельді сатып алса, соның 52-ін қыстақтағы құдық басына орнатқан. Соның қайтарымы ретінде мемлекеттен 103,5 млн. теңге сомасында субсидия алыпты.

Мұның сыртында 23 шаруа қожалығы арнайы тапсырыспен 27 ұңғымалы құдық қаздырса, оның да 19-ынан су шығарылып, пайдаланылуда. Осындай жетістіктермен бірге кемшіліктер де жоқ емес. Төрт түлік мал арасында бруцеллез ауруының бой көтеруіне жол беріліп қалуда. Мәселен, Жангелдин ауылдық округінің өзінде өткен жылы тексеріспен қамтылған 2 700-дің үстіндегі мүйізді ірі қараның 12-сі, 11 мыңнан астам қой-ешкінің 460-сы «оң» реакция беріп, бруцеллез белгісі анықталған мал түгелдей жойылды. Алдыңғы жылмен салыстырғанда, мүйізді ірі қарадан анықталған ауру дерегі 19-ға азайса, керісінше, ұсақ малдан 111-ге көбейіпті.

Бүгінде Көздіғара ауылдық округінің шаруашылықтары мен тұрғындарын мазалайтын жайдың бірі – мал ұрлығы. Бұл әсіресе, жеке меншік мал иелері үшін өзекті мәселенің бірі болып тұр. Қос өзен аралығында қоныстанған Исатай ауданында мал қыстату науқаны қалыпты жағдайда өтіп жатыр. Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Ризабек Жақсыбаевтың айтуынша, мұнда 20 189 мүйізді ірі, 37 817 қой-ешкі, 19 591 жылқы және 8 461 түйе 184 орында қыстатылып отыр.

Ауданның Айбас, Мыңтөбе, Үштаған, Сасық тау, Қаштай, Бегайдар, Үшқызыл, Шәуіптен, Жасқайрат елді мекендерінің аумағында орналасқан шаруа қожалықтары мен жеке шаруалар сын шақта сыр бермеуде. Бұлар да күн көзінен қуат алатын қондырғылардың игілігін көруде. Тәулігіне 3-4 кВт-қа дейін электр энергиясын өндіретін заманауи технологияның көмегімен су соратын насостарын, өзге де күнделікті тұрмысына қажетті техникаларын іске қосуға дағдыланған.

Әрине, мұнда ешқандай проблема жоқ деу де қисынсыз. Төскейінде төрт түліктің толғанына қарамастан, ауданда жайылымдық
және шабындық жерлердің жетіспеушілігі, құнарының азайып, пайдалануға тиімсіз болып жатқандығы өзекті проблемаға айналуда. Соның салдарынан, исатайлықтар қажетті пішеннің басым бөлігін Құрманғазы мен Қызылқоға, көршілес Батыс Қазақстан облысының аудандарынан дайындап әкеліп, аспандаған бәсіне бұлдайды. Соған байланысты, ауласында мал ұстаған ауылдағы ағайынның керегін қымбат бағасына сатып алуына тура келеді.

Соңғы жылдары Құрманғазы ауданында да мал шаруашылығына бет бұрған шаруа қожалықтарының қатары толығып, тұқымын асылдандыруға жіті назар аударылуда. Атап айтарымыз, бұл – қыстық мал азығын өз жерінен дайындайтын облыстағы бірден-бір өңір. Қажетті жем-шөп қорын молынан жасақтап алған құрманғазылық шаруагерлердің қыстан қысылатын реті жоқ. Дегенмен, ауылдағы ағайынды қатты алаңдатып отырған жайдың барын жасыра алмадық.

Мамандардың мәліметінше, аудан орталығынан шалғайдағы Азғыр өңірінде тағы да түз тағысы көбейіп тұр. Кейінгі кездері ашыққан азулылар өрістегіні қойып, аулақорадағы малға да ауыз салатынды шығарыпты. Осыған ұқсас жағдай Индер ауданының Жарсуат ауылдық округіне қарасты елді мекендерде де орын алыпты. Оның үстіне, кейбір шаруа қожалықтары қыс кезінде де ауыз су мен мал ішетін судан тапшылық көріп отырған көрінеді.

Дәулетқали АРУЕВ

  • Мал қыстату – агроөнеркәсіп кешеніндегі маңызды науқанның бірі. Ауыл шаруашылығы басқармасынан алынған ақпараттарға қарағанда, биыл шаруа қожалықтарында 72 350 мүйізді ірі қара, 46 630 жылқы, 286 мыңнан астам қой-ешкі және 16 мыңға жуық түйе 1 474 орында қыстатылуда. Шаруашылықтар 556 мың тонна ірі сабақты мал азығымен қамтамасыз етілген.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button