
Ауылдағы әсерлі кеш
Махамбет ауданына қарасты Бейбарыс ауылында ерекше рухани кеш өтті. Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармонияның дәстүрлі әншілері ауыл тұрғындары мен қонақтарына «Ән-қазына, жыр-керуен» атты концерттік бағдарламасын ұсынды.

Кеш аясында халқымыздың төл өнерінің жауһар туындылары орындалып, көрермен қауымды ерекше әсерге бөледі. Бағдарламада Батыс Қазақстан дәстүрлі ән мектебінің негізін қалаған Мұхит Мералыұлы мен Ғарифолла Құрманғалиевтің, Жеті қайқының бірі Тастемір Шыршығұлұлының, Сыр сүлейлерінің көрнекті өкілі Тұрмағамбет Ізтілеуовтің, Арқа мектебінің сазгері Естай Беркімбайұлының, Жайық бойынан шыққан Қиса Көбжанұлының әндері шырқалды. Сондай-ақ Сыпыра жырау, Есенқұл Жақыпбек, Тұрсынжан Шапай, Әсет Бейсеуов, Әбілахат Есбаев, Айбол Құдайбергенов сынды өнер иелерінің шығармалары мен халық әндері мен термелер орындалып, ұлттық өнердің бай мұрасы насихатталды.
Кеш барысында халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпаздары Жасұлан Базарбаев, Шолпан Мұқашева, Алида Хуанова, Болатбек Құбашев және «Мұрагер» фольклорлық ансамблі өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Филармония ұжымы ұйымдастырған бұл рухани кеш ауыл халқына ерекше әсер мен қуаныш сыйлап, ұлттық мұрамыздың асыл арқауы – дәстүрлі ән өнерінің қадір-қасиетін тағы бір мәрте айшықтай түсті.
— «Ән-қазына, жыр-керуен» атты концерттік бағдарламамыздың басты мақсаты — халқымыздың асыл мұрасы болып саналатын дәстүрлі ән өнерін кеңінен насихаттау, жас ұрпаққа жеткізу және ауыл тұрғындарының мәдени сұранысын өтеу. Кеш атмосферасы, көрермен ықыласы біздің осы бағыттағы жұмысымыздың маңыздылығын тағы бір дәлелдеді. Ұлттық өнер — рухани тамырымыз. Сол тамырмен байланыс үзілмесе, ұлттық болмысымыз да жойылмайды. Алдағы уақытта осындай концерттік сапарларымызды жалғастырып, ел ішіндегі мәдени өмірді жандандыруды көздеп отырмыз,- деп атап өтті Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының директоры Бақытбек Сартбаев.