Жарнама
Жаңалықтар

Ауылда қалған қолтаңба

  Қазақтың дархан даласы мен аспанындай кең пейілді, ойынан да, бойынан да нағыз қазақ иісі сезіліп тұратын еңбекқор, айтқан сөзіне берік бір адам болса, ол Сәуірбай ініміз еді. Оның бойындағы ерекшелігі, мінез-құлқы мен өмірлік ұстанымы, білімдарлығы мен шығармашылығы туған жерінің табиғатына өте ұқсас.    Сәуірбай Жуалбайұлы Әбдіғали соғыстан кейін халық есін жаңа жинай бастаған 1949 жылдың бірінші сәуірінде дүниеге келген болатын. Ол отбасындағы жеті баланың үлкені болды. Әкесі – еңбекқор механизатор, ал, анасы отбасы ошағының иесі еді. Екеуі де заманының шуағы мен ызғарлы сәттерін көп кешіп, небәрі 40-50 жас шамасында дү-ниеден озды. Сәуірбай мектеп бітіргенше әжесі Әдиістің тәрбиесінде болды. Бала кезінен сыпайы, өмірлік тәжірибе жинауға бейім болып өсті. Сағыз стансасындағы №490 мектепті үлгілі бітіріп, сол заман-ғы жастардың арманы болған Алматы қаласындағы политехникалық институттың өндірістік және азаматтық құрылыс факультетіне оқуға түседі. Институт бітірген соң мамандығы бойынша абыройлы қызмет атқарады. Әдетте өмір, отбасы және мамандық аясындағы әңгіме бола қалса ол «Мен құрылысшы болу мамандығын бала кезімнен қаладым. Неге десеңіз, осы тіршіліктің негізі – құрылыста ғой» деп жауап беруші еді. Жоғары білім алған соң қатардағы құрылысшыдан осы ауданның басқарушылық қызметтеріне дейін өсті. Үлгілі отбасы болып, ұл-қыз өсірді, оларды қатарына қосты, әрқайсысы шаңырақ көтерді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары ортасында Сәуірбайды облыстық буынға қызметке шақырды. Бірақ, ол «мен ата тегімнің, әке-шешемнің жатқан жерінен ешқайда бармаймын. Олар мені дүниеге әкелді, білімге, мамандығыма жол ашты, ал менің борышым олардың арманын іске асыру», — деген еді. Сәуірбайдың өмірлік ұстанымы мен кәсіби деңгейі бұл аймақта бұрын-соңды болмаған су тасқыны тұсында әбден сыналды. Сол тасқын барысында сегіз мекеменің кеңсесі, төрт балабақша, екі орта мектеп суға кетіп, нөсер жаңбырдан төбесі ішіне түскен аудандық аурухана мен мәдениет үйі және басқа да нысандар болды. Осыншама құрылысты дереу қалпына келтіру ісінің алғы шебінде Сәукең басқарған агроқұрылыс акционерлік қоғамы болды. Тез арада бұл қиындықтан абыроймен шыққан құрылысшылардың бір жылда 217 ғимаратты қысқа мерзімде тұрғызуына тура келді. Бұл жауапты істі Сәукең абыроймен атқара білді. Жайшылықта дос-жаранға жарқын, абайламай сөйлейтін аңғал мінезі, кең даланың жон арқасын жібітер жайма-шуақ жазға ұқсайды. Туған жерінен, отбасы мен балалары және немерелерінен жырақтаса, аңқасы кеуіп, сағынышқа толы жүрекпен туған топырағын иіскемейінше мауқы басылмайтын. Бұл ойымызды текке айтып отырғанымыз жоқ. Бала кезден қазақтың жыр-дастандарымен сусындап, далалық салт-дәстүрдің сарқытын қанып ішкен ол күнделікті өмірде де даралық, көркемдік, ірілік көрсетті. Бұған оның бір жарасқан ортада қозғалған сұхбатта: «Туған жер, мекен, шаңырақ, отбасын, ойлау жүйесі қалыптаспаған ұлт – өспейді. Ол – құруға бет алған ұлт» деген сөзі де дәлел болса керек. Сәуірбай сонау мектеп табалдырығын аттаған сәттен ақын, жазушы, ойшылдардың дүниетану аясындағы еңбектеріне құмар болды. Оның бойы мен ойында негізгі кәсібімен тетелес билік жүйесінің барынша білгірі болып қалыптасуына, бала жасынан бойына сіңірген Шолақсай, Наршөккен, Топырақшашты, Шибұлақ бойындағы болған қарапайым тұрғындардың өмір ұстанымы тікелей әсер еткені аян. Ең бастысы, оның қолымен салынған құрылыстар Қызылқоғада жетерлік. Ендеше, туған жерде қолтаңбасы қалған адамның ұмытылуы мүмкін емес.

Нұртаза АҚИШАНҰЛЫ,

Қызылқоға ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button