
Ауыл жастары көк туды желбіретті
Құрманғазы ауданы Бірлік ауылдық округі мен Индер ауданы Мемлекеттік рәміздер күніне орай патриоттық іс-шаралар ұйымдастырды, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Бірлік ауылында Қиғаш өзенінің жағасында өткен флешмоб барысында ауыл жастары көк туды желбіретіп, еліміздің басты құндылықтарын дәріптеді. Табиғат аясындағы бұл көрініс көпшілікке ерекше әсер сыйлады.

Ал Индер ауданында автошеру ұйымдастырылып, тұрғындар көк туды биікке көтеріп жүріп өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл іс-шара – азаматтық жауапкершілік пен ұлттық рухтың көрінісі.
— Бастама туған елге деген сүйіспеншілік пен мемлекеттік рәміздерге деген құрметтің жарқын мысалы болды. Қиғаш бойында ұйымдастырылған флешмоб ауыл тұрғындарының ыстық ықыласына ие болып, жастардың патриоттық рухын оятты, — деді Бірлік ауылдық жастар ұйымының төрағасы Ұлан Иманғали.

Іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік рәміздердің маңызын ұлықтап, жас ұрпақтың елге деген сүйіспеншілігін арттыру.
Айта кетейік, облыстың өзге аудандары да Рәміздер күніне арналған түрлі патриоттық іс-шаралар өткізді.