“Ауыл” партиясының өңірлік өкілдігінде – жаңа төраға
Сәрсенбі күні “Ауыл” ХДПП-ның Атырау облыстық филиалының актив отырысы өтті.
Отырыс партия төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғановтың кіріспе сөзімен ашылды. Ол “Ауыл” партиясының республикалық қоғамдық бірлестігі саяси кеңесі төралқа отырысының шешімімен, осыған дейін партияның өңірлік өкілдігіне басшылық жасаған Қадыржан Арыстанның өз өтініші бойынша қызметінен босатылғанын хабарлады.
Филиал төрағасы лауазымына Нұртас Байжанов ұсынылып, төралқа мүшелерінің бірауыздан қолдауымен сайланғаны мәлімделді. Жиын барысында жаңа төрағаның өмірбаяны мен еңбек жолы таныстырылды.
Отыз алты жастағы Нұртас Байжанов 1988 жылдың ақпан айында Атырау қаласының Жұмыскер ауылында дүниеге келген. Ол Орта-Азиялық университеттің Алматы әлеуметтік-гуманитарлық колледжін “қаржы” мамандығы бойынша және Қазақстандық инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетін “экономика және құқық” мамандығы бойынша тәмамдаған.
Нұртас Байжанов – Қазақстан фермерлер қауымдастығының Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары әрі “Манас” шаруа қожалығының жетекшісі. Сонымен қатар, ол “Ауыл” партиясы өңірлік өкілдігі саяси кеңесінің мүшесі.
Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ