«Ауыл life» жастарды рухани дамуға баулыды
Атырауда 18-35 жас аралығындағы қала жастары арасында ауыл өмірінің бай рухани-мәдени мұрасын тереңірек танып, ұлттық құндылықтарды бойға сіңіруге зор мүмкіндік беретін “Ауыл life” рухани сауаттандыру лагері өтті.
Облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен екі күн қатарынан қолға алынған лагерь бағдарламасында салт-дәстүрлер, ұлттық ойындар, табиғатпен үйлесім табу, сондай-ақ рухани даму мен тұлғалық өсуге бағытталған қызықты тренингтер мен шеберлік сабақтары өтті.
–»Ауыл life» жобасы алғаш рет ұйымдастырылуда. Жобаға қатысуға Атырау қаласынан 76 жас өтініш берді. Қатысушылар екі күнде қой сойып, оны жіліктеуді және қамыр илеп, жайма жаюды үйренеді. Сондай-ақ қазақ халқының ұмыт болып бара жатқан әдет-ғұрыптары мен ұлттық ойындарды қайта жаңғыртамыз,- дейді Атырау қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Мәнсия Сағидоллаева.
Аталмыш жоба жастар арасында ұлттық құндылықтарды дәріптеп қана қоймай, жаңа ортаны қалыптастыруға да мүмкіндік береді.
Тоғжан ЕРМЕК