Жарнама
ЖаңалықтарСаясат

Ауыл әкімін сайлау — демократияның көрінісі

Биыл тұңғыш рет өткелі отырған ауыл әкімдерін тікелей дауыс беру арқылы сайлау тәсілі қазақстандықтардың саяси мәдениеті мен санасының деңгейін көрсететін, егемен ел, тәуелсіз мемлекет өміріндегі демократиялық жаңару кезеңінде қол жеткізген жетістіктерінің дәйекті көрінісі, осы жолдағы жеңісінің жемісі деп бағаласақ артық емес.

Қазақстанда облыс әкімдерін Президент, ал қала, аудан әкімдерін облыс басшысы тағайындайды. Ал, ауыл әкімдерін халық сайлайды. Баламалы сайлауға қатысып, бағын сынағалы отырғандардың арасынан округ әкіміне лайықтысы бұған дейін қалалық, аудандық мәслихат депутаттарының таңдауымен (дауыс беруімен) айқындалатын. Яғни, әкімдерді сайлап қою бұған дейін де тәжірибеде бар.

Алайда, бұл жолғы сайлаудың жөні бөлек, мәні ерек болғалы тұр. Өйткені, мұнда ауыл әкімдері халықтың, яғни сайлаушылардың тікелей қатысуымен, солардың дауыс беруі арқылы сайланады. Саяси додаға кем дегенде үш үміткер түседі. Болашақ ауыл әкімі сол үшеуінің ішінен таңдалады.

Сайлаудың өз деңгейінде өтуі электораттың, яғни Сіз бен біздің оның маңызы мен қажеттілігі жөніндегі түсінігімізге, сайлаудың елдің саяси өміріндегі салмағын қаншалықты сараптай алатынымызға байланысты. Әрине, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер өздері ұсынған үміткерлердің сайлауда жеңіске жетуіне мүдделі. Доданың мәнісі де осында болса керек. Оның үстіне ауқымы жағынан шағындау болса да, ауыл әкіміне лайықты азаматтарды іріктеуде сол өңірдегі геосаяси ахуалдың да өзіндік ықпалы болатынын естен шығармағанымыз абзал.

Шынында, өтуіне санаулы күндер қалған ауыл әкімдерінің сайлауы аяқ астынан пайда болған үрдіс емес, тәуелсіздіктің 30 жылында елімізде жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқан саяси реформалардың нәтижесі. Өйткені, жергілікті әкімдерді сайлап қою жөніндегі шешім осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрын Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген болатын. Ал, оны нақты іске асырудың қолайлы сәті, мезеті енді келгендей.

Сайфолла САПАНОВ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button