Жарнама
ЖаңалықтарЭкология

Ауыз судың қадірін шөлдеген біледі

Елбасымыз ескерткен сырттан төнер жеті қауіп-қатердің бірі – ауыз су тапшылығы. Республика территориясындағы өзендердің бәрі дерлік бастауын көршілес елдерден алатындықтан, соларға азды-көпті тәуелді екеніміз жасырын емес. Рас, трансшекаралық су көздерін бірлесіп пайдалану туралы халықаралық келісім бар. Дегенмен, «әркімнің  өз жейдесі өзіне жақын» дегендей, су көздерінің жоғары жағында орналасқан мемлекеттер алдымен жеке қажетін өтеп, артылғанын ғана төмендегілерге береді. Бұл – табиғи заңдылық. Сонда басқалары қайтпек?

экология

Жұмыр жердің үштен бірі шөлдеп отыр

Жалпы, ғалымдардың есебін-ше, жер шарының үстіңгі қабаты 75 пайыз сумен көмкерілген. Дүниежүзілік мұхиттың көлемі – шамамен 1 трлн. 332 млрд. текше метр. Әйтсе де, соның бір пайызы ғана адамдардың күнделікті тұтынуына қолжетімді. Қалғаны – мұхиттар мен теңіздердің ащы суы немесе суық өлкеде қатып қалған мәңгілік мұз. Соның салдарынан жұмыр жер тұрғындарының үштен бірі ауыз суға зәру. Өйткені, олар мұндай табиғи байлық көзінен тым қашық тұрады. Әлі есімізде, сонау жылдары Еуропа елдері Арктика мұздарын бөлшектеп таси бастағаны жөнінде мәлімет тараған-ды. Қаталап бара жатса, қайтеді енді?

Рас, басқа планеталармен салыстырғанда Жерде тіршілік көзі – су бар. Ол оның үштен екі бөлігін алып жатыр. Әйтсе де, халық санының да күрт артып келе жатқандығын естен шығармаған жөн. Биылғы 15 ақпандағы дерекпен жер тұрғындары 7 млрд. 484 млн. адамға жетіпті. Әр жылғы өсім шамамен 83 млн. адамды құрайды. Жалпы, планета халқы үш есе көбейгенде, олардың ауыз суды тұтыну көлемі 17 есе артады екен. Қазірдің өзінде әрбір алтыншы адам ауыз су тапшылығын сезініп отыр.

Үнемдеуді ұмытып барамыз

Жалпы, ғалымдардың тұжырымдауынша, жер бетіндегі су жоғалмайды. Ендеше, оның жетіспеушілігі жөнінде неге дабыл қағып жатырмыз? Мәселе – осы мол байлықты тиімді пайдаланбай, әрі шамадан тыс көп, әрі жедел қарқынмен тұтынуымызда. Қалпына келуіне үлгертпейміз. Әр жылы ауыз суды қажетімізге қолдану көлемі жеті пайызға өсіп отыр.

Су тапшылығы табиғатқа да орасан залал тигізеді. Өсімдіктер әлемі солады, жануарлар дүниесі құрбан болады. Мұнай-газ өндірісінің де кері әсері жетерлік. «Қара алтын» өндіруші компаниялар қателігінен орын алар апат қабат қойнауын бүлдіріп, жерасты суларын ластайды. Оның үстіне, бүгінде айдын төсіне жаппай бұрғы салынуда. Осы орайда Мексика шығанағында болған апат жаһан жұртшылығының жадында. Оның қайталанбасына да ешкім кепілдік бере алмайды. Ал, әлем мұхиты ластанса, тұтас тіршілікке қауіп төнеді.

Бүгінгі болжам бойынша, 2025 жылға қарай жер бетіндегі мемлекеттердің жартысынан көбі ауыз судың жетіспестігін өткір сезінеді. Ал, ХХІ ғасырдың ортасында мұндай тапшылыққа дүние жүзі халқының төрттен үші тап болады. Шамамен, 2030 жылы әлем тұрғындарының 47 пайызы ауыз суға зәрулікті бастан кешеді. Оның үстіне, қазір-ақ бір ұрттам суға зар болып отырған дамушы елдер халқының 2050 жылға қарай еселеп өсуі күтілуде. Ең алдымен Африка, Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс пен Солтүстік Қытай сусыз қалуы ықтимал. Қазіргі есеппен 2020 жылға қарай бұл бағытта климаттың өзгеруі салдарынан Африкада 75 миллионнан 250 млн. адамға дейін ауыр ахуалға тап болмақшы. Құрғақшылық халықтың атамекенін тастап, жаппай қоныс аударуына соқтырады. Шамамен 24 миллионнан 700 млн. адамға дейін көшуі мүмкін. Олар, әрине, барған жеріндегі қалыпты тұрмысты бұзады.

Құрғақшылық жайлап барады

Жалпы, суға деген сұраныс әлемде көмірсутегі шикізатына қажеттіліктен кейінгі екінші орында тұр. Оның үстіне, күрделі кәсіпорындарға, ауыл шаруашылығына, коммуналдық қызметке техникалық су да қажет. Дүние жүзінде әр жылы алты миллион гектарға жуық жер шөлейтке айналады. Кісі шошырлық дәйектер емес пе? Оның соңы экологиялық апатқа әкелері анық. Болашақта су көздерінің тапшылығы салдарынан жаппай қуаңшылық белең алып, егін түсімінің күрт кемуіне      соқтыруы ықтимал. Ал, бұл азық-түлік қорын жасақтауға кері әсерін тигізеді. Турасын айтқанда, ашаршылыққа әкеледі.

Су қорын пайдалануда энергетикалық және ауыл шаруашылығы салалары арасындағы бәсекелестік жыл санап артуда. Мәселен, бір литр биологиялық отын алу үшін 2,5 мың литр шамасында су жұмсалады. Осыншама шығынды қажет ететін жаңа технология өзін ақтай ма? Оның өзіндік құнын тиімді санауға бола ма? Әлде әлемде шөлден кенезесі кепкен миллиондаған адамның бір ұрттам суға деген зәрулігін қанағаттандыр-ған жөн бе? Бүгінде адамзат осындай таңдаудың да алдында тұр.

Сапаға назар керек

Әрі, ауыз судың сапасы да жыл санап нашарлап келеді. Мамандардың есептеуінше, әр жылы ашық көздерден 160 млрд. текше метр су алынады. Халық соны тұтынуға мәжбүр. Оның үстіне, кәсіпорындар мен тұрғындардың пайдаланған өндірістік және тұрмыстық сұйық қалдықтың 90 пайызы ешбір қадағалаусыз су қорларына құйылуда. Бұл да – барымызды бағаламаудың бір көрінісі.

Табиғи су көздерін жекешелендіру түйткілдері де бастан асады. Біріккен Ұлттар Ұйымының ұйғарымымен жер бетіндегі су адамзаттың ортақ байлығы саналады. Өткен ғасырда су қоры әр мемлекеттің өз құзырында болды. Кейін коммуналдық құрылымдар құрылғанда да олардың қызметі бақылауда ұсталды. Әйтсе де, мұндай нысандардың жеткілікті жұмыс жасамауы бұл бағытта жекеменшік мекемелердің пайда болуына соқтырды. Ал, бұлар тарифті еселеп өсіруі мүмкін. Өзінде су көзі жоқ мемлекеттер содан сескенеді.

Орта Азиядағы ахуал да аса жақсы емес. Мәселен, Қазақстан, Өзбекстан және Түркіменстан жоғарыдан басталатын су көздеріне Тәжікстан мен Қырғызстанның жаңа электр стансаларын салып жатқанына қарсы. Соның салдарынан төмендегі үш мемлекет су тапшылығын сезінуі ықтимал. Әсіресе, трансшекаралық саналатын Әмудария мен Сырдария өзендерін плотиналар салу арқылы бекіту миллиондаған адамның тағдырын таразыға тартпақшы. Ал, кезінде Арал теңізінің сарқылуы салдарынан 4 млн. гектардан аса жер құнарсызданған-ды.

P.S. Қысқасы, келешекте бір ұрттам ауыз судың бағасы бір тонна мұнайдан әлденеше есе қымбатқа түскелі тұр. Әлем халқын алаңдатып отырған да осы жай. Оның шешімі қандай және түйіні  қашан тарқатылады — әзірге жауабы жоқ сауал.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button