Ауыл кәсіпкерлеріне – 16 миллион теңге!
Бұл – ынталандырудың жаңа мүмкіндігі
«…Егер бұрын «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша уақытша жұмыс орындарына көңіл бөлінсе, енді оқыту арқылы тек тұрақты жұмыс орындарына ғана назар аударылады. Ең бастысы, адамдарға өз істерін ашуға және жаңа жұмыс орындарын қалыптастыруға мүмкіндік беріледі. Жауапты органдар анықталды, өкілеттіліктер берілді, олардың арасында жергілікті атқарушы органдар да бар».
Бақытжан САҒЫНТАЕВ,
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі.
Нәсібін кәсіптен тапқан бизнесмендер үшін Тауық жылы табысты басталды. Олай деуімізге негіз де жоқ емес. Біріншіден, агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Онда ауыл кәсіпкерлеріне 16 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несие беру қарастырылған. Екіншіден, бұрынғы «Жұмыспен қамту-2020», «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламаларының орнына «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» деп аталатын жаңа бағдарлама қабылданды. Ол толық жүзеге асырылған жағдайда екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастарды арнайы оқытып, жұмысқа орналастыруға мүмкіндік тумақ.
16 миллион теңге туралы айтсақ, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова несиенің шаруаға 6 пайыздық үстемемен белгілі бір өндірілген өнім үшін берілетінін ескертеді. Әдетте, бұрын ауыл кәсіпкерлері үш миллион теңгені бес жылдың ішінде қайтаруға мәжбүр болатын. Енді бұл мерзім жеті жылға ұзартылды. Жеңілдіктің тағы бір түрі – 1,5 млн. теңгеге дейін кепілсіз несие беру. Әрине, несие алған азамат табыс тауып жатса жақсы ғой. Ал, егер түрлі себептерге байланысты бастаған жұмыс тоқтап, кіріс түспей қалса несие қалай қайтарылады? Бұл ретте мемлекет несиенің 85 пайызын кепілдендіреді.
Бүгінде еліміздегі экономикалық тұрғыдан белсенді адам саны 9 миллионды құрап отыр. Оның бір миллионға жуығы жұмыссыз және отыз пайызы – кәсіби білімсіз. Шындығында, мұндай кісіні кім жұмысқа алады? Осыны ескерген Үкімет жаппай кәсіпкерлікті дамытуды қолға алып отыр. Бұл бағытта микрокредиттеудің барлық түрлері мен тәсілдері біріктіріліп, мейлінше оңтайландырылады. Сөйтіп, азаматтарға өз ісін ашып, аясын кеңейтуге, кооперативтер құруға немесе кәсіпкерлікке қажетті инфрақұрылымды жақсартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, 2021 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы жиынын 3,3 трлн. теңгеден 4,3 трлн. теңгеге; еңбек өнімділігін 1,2 млн. теңгеден 1,9 млн. теңгеге; экспорт көлемін 2,1 млрд-тан 2,5 млрд. АҚШ долларына дейін ұлғайту және импортты 3,4 млрд-тан 2,8 млрд. долларға төмендету көзделіп отыр. Сондай-ақ, суармалы жерлердің үлесін 1,4 млн. гектардан екі миллион гектарға дейін арттыру қарастырылған. Нәтижесінде кіріс 30 есеге көбейеді. Негізгі басымдық фермерлерге беріледі. Оның ішінде, мемлекеттік қолдау жеті есе артады. Міне, осыдан кейін ауылшаруашылық саласы негізгі кіріс көзіне айналмай көрсін!
Келесі бағдарламаға ойыссақ, нәтижелі жұмыспен қамту – өмірден туындап отырған қажеттілік. Жоғары оқу орындарына түсе алмаған 9-11 сынып түлектеріне еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болу үшін тегін қолдау көрсетілетін болады. Жергілікті жердің сұранысына сай, ауыл тұрғындары көбірек қамтылады. Мектеп түлектері кәсіптік-техникалық оқу орындарында ақысыз оқытылып, 2,5 жылдан соң белгілі бір мамандықты игеріп шығады. Ал, ересек азаматтар (25-44 жас аралығы) бір айдан алты айға дейінгі мерзім аралығында дуальдық жүйемен оқып, кәсіп иесі атанады. Оқытудың басым бөлігі кәсіпорындарда жүргізіледі. Оқу барысында бір реттік тамақтануға қаржы бөлініп, шәкіртақы тағайындалады. Жоспар бойынша 21 мыңнан астам адам қамтылмақ. Сондай-ақ, елімізде жұмыс іздестірудің бірыңғай базасы құрылады. Осылайша, еңбек нарығын реттейтін барлық сала бір жүйеге бірік-тіріледі.
…Сонымен, бірыңғай бағдарламаның тиімділігі неде?
Статистикалық деректер не дейді?
Соңғы он жылда экономикалық белсенді халық үлесі 11%-ға, жаңа жалдамалы жұмыскерлер саны 1,5 млн-ға артқан. Жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны азайған. Бүгінде жұмыссыздық деңгейі 47%-ға қысқарған және халықтың экономикалық белсенді санының 4,9%-ын құрайды. Соңғы жылдары «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасымен 700 мыңнан астам адам қамтылған.
Асқар МЫРЗАХМЕТОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
«Алдымен – агросектор, басқасы кейін…»
— Жаңа бағдарламалар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың аграрлық секторды жедел дамыту жөніндегі тапсырмасы негізінде әзірленген. Қазіргі жаһандану заманында аграрлық сектордың дамуына аса мән берілуде. Алдағы бес жыл ішінде ауылшаруашылық өнімдерін өндіру мен өңдеу – экономикалық өсім мен оны әртараптандырудың жетекші күшіне айналады. Есесіне, мемлекетіміз тұрақты түрде дамып, еңбек өнімділігі артады. Қосалқы шаруашылық пен ұсақ қожалықтарға қолдау білдіру – басты мақсат. Өндірістің даму факторы мен ауыл тұрғындарының күнкөріс деңгейін ескере отырып, кооперацияларды ауқымды түрде дамыту қажет.
Нұргүл Сайлауқызы, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау филиалы директорының орынбасары:
«Келешектің кілті – кооперативтерде»
— Мемлекеттік бағдарлама негізінде еліміздің әрбір фермері ауыл шаруашылығы кооперативі арқылы мемлекеттік қолдауға ие бола алады. Нәтижесінде шикізатпен қамтамасыз ететін кәсіпорындардың үлесі еселеп артады. Ауыл тұрғындарының кірісі өсіп, сауданың үстеме бағасы төмендейді. Кооперацияның тағы бір артықшылығы – агроөндірістік мақсатта және ауыл шаруашылығына қатысты емес бизнес түрлерін ашуға несие беру қарастырылған. Сонымен қатар, кооператив арқылы күнделікті тұтынушылық бағытта да несие алуға болады. Ол үшін банкке немесе аудан мен облыс орталығына барып, уақыт жоғалтудың қажеті болмайды.
Дамир ТОҚТАРОВ, жеке кәсіпкер:
Аса қажет бағдарлама
– Жергілікті жерде кәсіпкерлік қанат жайып, ауыл шаруашылығы өркендесін десек, осындай бағдарламалар керек. Әсіресе, ауыл кәсіпкерлері үшін 16 миллион теңге көлемінде несие берілетін болса, бұл – жаңа кәсіп ашуға ынталандыратын тамаша мүмкіндік. Екіншіден, жұмыссыз жүрген жастарды кәсіпке баулу – кезек күттір-мейтін мәселе. Бұл ретте «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының маңызы зор деп санаймын. Оның Атырауда сәтті жүзеге асуына тілектеспін.