nogais

Ауылға – сапалы ауыз су бұл – мемлекеттің басты назарында

Жаңалықтар

Кеше өткен Үкіметтің кезекті отырысында халықты ауыз сумен қамтуға айрықша маңыз берілді. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығы құрылымдарының қызметін өрістету жайы да сөз болды. Алқалы жиынға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өзінің орынбасарлары, жергілікті құрылым басшыларымен бірге тікелей бейнебайланыс желісі арқылы қатынасты.

%d0%b0%d1%83%d1%8b%d0%bb%d2%93%d0%b0-%d1%81%d0%b0%d0%bf%d0%b0%d0%bb%d1%8b-%d0%b0%d1%83%d1%8b%d0%b7-%d1%81%d1%83

Инвестор игілік әкеле ме?

ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың баяндамасында елді елең еткізетін  бір жаңалық айтылды. Бүгінде елімізде су жүйесі арналарын инвесторларға беру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл ұсыныс  бюджетке түсер салмақты азайту мақсатынан туған.

– Елді мекендерді сумен қамту ісінде бірқатар проблемалар бар. Біріншісі – облыстық орталық пен ірі қалаларды сумен қамтамасыз ету мәселесі. «Ақ бұлақ» бағдарламасын іске асыру барысында сумен жабдықтау және су бұру желілері зерттелді, 53 қала бойынша инвестициялық негіздеменің бағдарламасы әзірленді. Нәтижесінде, сектордың жалпы инвестициялық қажеттілігі 1,97 трлн. теңгені құрайтыны белгілі болды, бұл республикалық бюджетке көп салмақ салады. Су арналарының нормативтік ысырабы 17-23 пайызды құрайды. Тарифтердің өсуін ескере отырып, қалалық елді мекендердегі су арналарын қаржыландыру бойынша бюджетке түсетін жүктемені төмендетуді орынды деп санаймын, – деді министр.

Тиімсіз менеджменттің нәтижесі

Кейбір жерлерде жұртшылықты ауыз сумен қамтамасыз ету күрмеуі қиын түйінге айналды. Коммуналдық саладағы менеджменттің тиімсіздігі судың қорын ысырап етуде. Тариф пен қаражатты жинау да төмен болып тұр.  ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев осы себептен ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтау проблемасын шешу үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қатынасын енгізуді ұсынды.

Өзге елдердің тәжірибесінде сумен жабдықтау саласына инвестор келгеннен соң өзінің тиімділігін көрсетеді екен. Сондықтан, өңірлік су арналарын, бірінші кезекте облыс орталықтарындағы су арналарын, техникалық серіктестіктермен бірлесіп басқаратын, білімі мен тәжірибесі бар бірыңғай операторға беру ұсынылып отыр. «Содан соң инвестициялық мүмкіндігі бар жеке әріптесті тартқан орынды деп санаймыз. Өйткені, олардың шығындары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы заңда көзделген тетіктер арқылы өтелетін болады» деді министр.

75 жобаға – 62,1 млрд. теңге

Биыл су инфрақұрылымын дамытуға «Нұрлы жол» және Өңірлерді дамыту бағдарламалары арқылы 75 жобаны іске асыру үшін 62,1 млрд. теңге бөлінді.

«Ақ бұлақ» бағдарламасы іске асырылған 2011-2015 жылдар аралығында орталық су жүйесімен қамту қалаларда бес пайызға, ауылдарда тоғыз пайызға өскен. Орталық су бұру жүйесінде де оң өзгерістер бар. Бұл орайда су құбырларының жағдайына баса назар аударылуда. Аталған саладағы жұмыстарды жүйелі жүзеге асыру мақсатында ауылдық елді мекендерді дамыту жобаларына мемлекеттен қаражат бөлу, ал қалалық елді мекендерді бюджеттен тыс көздерден қаржыландыру ұсынылды.

Айта кетейік, сумен қамту бағытында бүгінде халықаралық қаржы ұйымдарынан 17,9 млрд. теңге қаржы тартылып отыр.

Жайық пен Қиғаш тайыздап барады

Үкімет отырысында Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев тікелей бейнебайланысқа шықты.

Аймақ басшысы қазіргі таңда Атырау облысының 162 елді мекенінің 125-і орталықтандырылған суды пайдаланып отырғандығына тоқталды. Биыл тағы 11 елді мекенді іске қосқанда, жылдың аяғына дейін елді мекендердің 77,5 пайызы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етіледі.

– Атырау облысында ауыз су негізінен Қиғаш және Жайық өзендерінен алынады және көп елді мекендер Астраxан-Маңғышлақ су құбыры арқылы сумен қамтамасыз етіледі. Біздің Үкіметтің назарына қойып отырған мәселеміз– Жайық және Қиғаш өзендері тайыздап барады. Жазғы мезгілдерде осы су құбырынан су тұтынып отырған Атырау облысының елді мекендеріне су жетпейді. Су проблемасы бар, – деді Нұрлан Асқарұлы.

Бұл мәселені шешу мақсатында өңір жетекшісі Үкімет басшысына Ақтөбе облысындағы Көкжиде жерасты су қорынан құбыр тартуды ұсынды.

– Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында Көкжиде жерасты су қоры бар. Ол 80-жылдары табылған.  Тәулігіне 200 мың текше метрге дейін су шығаратын мүмкіншілігі бар. Мамандардың айтуы бойынша, су қоры толығымен зерттелмеген. Оның тәулігіне 500-600 мың текше метр су беретін мүмкіндігі айқындалған. Осыны ескере отырып, Көкжидеден Құлсары қаласына дейін су құбырын жүргізу бойынша мемлекеттік органдарға тапсырма беруіңізді сұраймыз. Бұл жердің арақашықтығы 300 шақырымды құрайды. Осы су қорын кеңінен зерттеп, мүмкіншіліктерін пайдалануды тиісті мемлекеттік органдарға тапсыруыңызды сұраймыз. Себебі, Атырау облысында сумен қамту мәселесі жылдан-жылға күрделеніп барады, – деп түйді сөзін Атырау облысының әкімі.

Қаражат кемігенімен, қарекет азаймайды

Жиынды қорытындылаған Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев ауылдық жерлерді таза ауыз сумен қамту жағдайына тоқталды. Үкімет басшысының баяндауынша, әлемдік дағдарысқа байланысты кезінде «Ақ бұлақ» бағдарламасына бөлінген қаражат кемігенімен, нәтиже жаман емес. «Солай екен» деп қарап отырмай, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізуіміз қажет» деді Бақытжан Сағынтаев.

 

Азамат Базарбаев

Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған