Карантин кәсіпкерлерге қалай әсер етті?

imgpreview 2 Жаңалықтар

 Атырауда кәсіпкерлерді мемлекеттік орындардың заңсыз тексерген, жер телімдерін беру кезінде шектеулер қойған, айыппұл салған жағдайлары кездесті. Осы себепті әуре-сарсаңға түскен кәсіп иелері амалсыз облыс прокуроры Халидолла Дәуешовке шағымдануға мәжбүр болды. Қадағалау органының басшысы Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасында бірлескен Меморандум аясында жеке қабылдау өткізді.

Кәсіпкер Бәтима Әлиева бизнесін кеңейту үшін 2009 жылдан бері жер телімін ала алмай жүр. Құзырлы орындарға бірнеше рет жүгінген кәсіп иесіне сұраған жер учаскесі көлемінің жартысы ғана уақытша пайдалануға берілген. Қалған бөлігі басқа адамға тиесілі екені айтылған. «Екі көршіме бұл аумақтан тұрақты мемлекеттік актімен жер телімі берілді. Ал менің өтінішім жылдар бойы неге шешімін таппайды?» деп өкпе-назын білдірген кәсіп иесіне жазбаша өтініш жазуға кеңес берілді. Соның негізінде құзыретті мемлекеттік орындар әрекеттерінің заңдылығы тексеріледі.

Ал кәсіпкер Ақан Оңдағанов қалалық әкімдік қызметкерлерінің әрекетіне наразы. Жеке тұлғаның өтініші негізінде автокөліктердің өтуі үшін оның жер учаскесінен қоршауды алып тастау талап етіліп отыр. Әйтпесе айыппұл салынаты­ны ескертілген.

– Менің құрылыс материалда­рына арналған базам бар. Мұнда қиыршық тас пен құм-қиыршық тас қоспасы сатылады. Бұл учаске жалға алу құқығымен маған тиесілі. Мен аумақты қоршап алдым. Алайда, екінші жағында жол бар. Соған қарамастан, менен автокөліктердің өтуі үшін қоршауды алып тастау сұралуда. Менің учаскемнің жаны­нан жоғары қысымды газ желілері өтеді. Бұл жерде автокөліктердің жүруіне тыйым салынған. Десек те, сөзіме ешкім құлақ асқысы келмейді, – деді А.Оңдағанов.

Прокуратура өкілдері бұл дерек бойынша тексеру жүргізілгенін, нәтижесінде құзырлы құрылым қызметкерлерінің әрекеті заңсыз деп танылғанын айтты.

Дамира Досқалиеваның шағын дәріханасы бар. Ол биыл жаздан бастап дәрілік препарат бағасын көтеру дерегі бойынша өзінің кінәсіздігін дәлелдей алмай келеді.

– «Коронавирус ушыққан сәтте ауырсынуды басатын дәрі-дәрмектің бағасын қымбаттатты» деген айып тағылды. Нәтижесінде, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жал­пы сомасы 700 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Алайда, сот фискалдық чекте әр дәрі-дәрмектің бағасы бөлек көрсетілмегеніне, тек жалпы сома жазылғанына назар аудармады. Сотта өтініш берушінің өзі болған жоқ. Ал менің өтінішім тыңдалмады. Әрі қарай аппелляцияға бергеніммен, шағым тағы да қабылданбады. Ал екінші сотта екі өтініш беруші болды, олар бұл препаратты қашан және қандай бағамен сатып алғаны туралы сұрақтарға нақты жауап бере алмады, – деді кәсіпкер.

Десек те, кәсіпкердің құқығы қорғалмай отыр. Екі шағым бойынша оның лицензиясы алты айға тоқтатылды. «Осы секілді дәлелсіз шағым үшінші рет түссе, лицензиядан мүлдем айырыламын» деген ол Жоғарғы сотқа жүгінетінін айтты.

Осы және өзге де кәсіпкерлердің жанайқайын тыңдаған облыс прокуроры Х.Дәуешов кәсіп иелерін қашан да өз құқықтарын қорғауда белсенді болуға шақырды. Облыс прокурорының қабылдауына жазылу үшін бизнес субъектілерінің иелері Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасына жүгінуі қажет.

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз