Ауылға оралған жастар
Мемлекет беріп отырған жеңілдікті пайдалана бастады
Биыл кәсіпкерлік саласы бойынша жаңа бағдарламалар қабылданып, ел өміріне елеулі өзгерістер енгізілуде. Оның ішінде жаңадан іс бастап жатқан жас бизнес иелеріне көрсетілетін қолдау түрлері көбеймек. Бұл ретте шалғай ауылда шағын кәсіп ашып, шаруасын дөңгелентіп отырған жастардың тірлігі қандай?
Мал баққан мұратына жетеді
Исатай ауданында мұндай жастар жетерлік. Солардың бірі – «Құмарбеков Н.А.» шаруа қожалығының иесі Нұрқат Құмарбеков. Небәрі жиырма екі жасында мал бағуды қолға алған азамат атакәсіппен айналысуды бала кезден армандағанын айтады.
— Қазіргі жастар дайын дүниелерге бой үйретіп алған соң ба, қиырда жүріп, қиындық көргісі келмейді. Қаланың қақ ортасында қиналмай қызмет қылуға құмар. Бірақ, бұл менің табиғатыма жат. Сондықтан, шаруашылықпен айналысуға бел буған о бастағы райымнан қайтпадым. «Қойшыбай» қыстағынан жер телімін алып, кәсібіме кірісіп кеттім. Себебі, қазір онша білінбегенімен, ертең мал шаруашылығының үлкен сұранысқа ие болатыны кәміл. Расымен де, еткен еңбек зая кетпей, бүгінде жемісін беріп жатыр. Бизнесті ауыл шаруашылығынан бастағаныма еш өкінбеймін. Иелігімдегі жер көлемі қазір 300 гектар аумақты құрайды, — дейді жас кәсіпкер.
Оның бизнесті бастауына әкесі Алпамыс Әбішев көмектескен екен. Ендігі жоспар – малды асылдандыру жұмыстарымен айналысу. Ендеше, іске сәт!
«Балықшылық – менің атакәсібім»
Кұрманғазы ауданында да ауыл шаруашылығын табыс көзіне айналдыра білген жастар баршылық. «Альжанов Х» жеке кәсіпкерлігінің иесі Сабыржан Әлжанов – осы сөзіміздің айқын дәлелі. Бұдан жеті жыл бұрын бизнесмен болып тіркелген ол бүгінде Каспий елді мекенінде балық шаруашылығын өркендетіп отыр. Үш адамды тұрақты жұмыспен қамтуда.
— Балықшылық та мал шаруашылығы секілді байырғы кәсіптердің бірі. Қазір ол ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге толықтай қабілетті деуге болады. Сондықтан, тек балық аулап, мал өсіріп қана қоймай, оның өнімін өңдеп, сатумен де айналысамыз. Отандық өнім Атыраудан бөлек Орал, Ақтөбе мен көршілес Ресейдің Астрахан облыстарында үлкен сұранысқа ие, — дейді ол.
Ал, Қызылқоғада тұратын жеке кәсіпкер Нұргүл Жекенова осыдан төрт жыл бұрын аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы Атырау қаласында бір айлық курстан өтіп, тігіншілік білімін жетілдіргенін айтады. Былтыр ол Миялы селосынан «Райян» атауымен тігін шеберханасын ашып, арманына қол жеткізген. Онда әртүрлі киімдерді тігеді. Олардың қатарында арнайы сән үлгілері, мектеп формасы, серуенде киетін және мерекелік костюмдер, үйлену тойының көйлектері, т.б. бар. Сондай-ақ, шақтап қысқарту, төсек-орын, перделер тігу секілді қосымша жұмыстар да атқарылады.
Тігінші Миялы селосындағы «Керуен» сауда орнының бір бөлмесін жалға алып отыр. Бүгінде ол аудан орталығынан бөлек, Жангелдин, Көздіғара, Жасқайрат ауылдарын да отандық өніммен қамтамасыз етеді. Тапсырыс та жылдан-жылға артып келеді. Тіпті, аз ғана уақыт ішінде Атырау қаласы, Жылыой, Құрманғазы аудандарынан сұраныс қабылдап үлгерген. Көздің жауын алатын әсем туындылар шетелдік брендтерден кем емес. Әрі, бағасы да қолжетімді. Сан түрлі эскиз үлгілері – тігіншінің өз идеясынан туындап отыр. Демек, оған деген қызығушылық көбеймесе, азаймақ емес. Нұргүлдің ендігі көздегені – кәсіпкерлік аясын кеңейту.
«Мемлекетке масыл болғымыз келмейді»
Тағы бір қызылқоғалық жас кәсіпкер Айдана Қайырғалиева да бұдан екі жыл бұрын «Айқын» фотосалонын ашқан. Осылайша, бизнесті жиырма жасында бастап кеткен. Енді кәсіби фотопортреттер, төлқұжатқа арналған суреттер, маңызды шаралар түсірілімдері, портфолио құжаттары, буклет пен каталогтар сияқты жарнамалық өнімдердің түр-түрі осында дайындалады.
Атырау қаласы, Бірлік селосының тумасы Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжінің түлегі екенін мақтанышпен айтады. Мамандығы – мұнай және газ өңдеу технологі. Оған қоса, бастауыш сынып мұғалімін де игеріп шыққан. Сағыз селосындағы Кенбай орта мектебінде оқи жүріп, сондағы мультимедиа кабинетінде зертханашы болып еңбекке араласқан. Осында біраз тәжірибе жинақтаған. Нәтижесінде «Агробизнес – 2020» бағдарламасы бойынша үш миллион теңге көлемінде несие алып, кәсіпкер атанып шыға келді. Енді өз фотосалоны бар, халқына аянбай еңбек етіп келеді.
…Міне, жас та болса бизнеске бас бола білген ауыл кәсіпкерлерінің тірлігі осындай. Мемлекетке масыл болғысы келмейтін олар түскен табысқа қосымша қожалықтар ашып, кәсібін кеңейтуді көздеп отыр. Өйтпегенде ше? Өңір экономикасының келешегі – енді солардың қолында.
Амандық Сағынтайұлы