Ауруханадағы ас-су талапқа сай емес
atr.kz/18 қыркүйек, 2020 жыл. Ауруханадағы науқастар тегін сапалы тамақпен қамтылуы қажет.
Бұл бағытта денсаулық сақтау нысандарындағы азық-түлік қорының деңгейі қандай? Мемлекеттік мекемеде бөлінген қаражаттар орынды жұмсалып жатыр ма? Осы және өзге де сауалдарға «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің медициналық орындарға жүргізген қоғамдық бақылауы барысында жауап іздедік.
Асханасы типтік стандартқа мүлдем сай келмейтін ескі нысанның бірі – облыстық тері-венерологиялық диспансерінде тұрмыз. Қазір бұл орында 32 науқас емделуде. Оның 6-уы балалар. Аймақтың әр түкпірінен келетін науқастарды қабылдайтын облыс орталығындағы бірден-бір медициналық мекемеде бірқатар олқылықтың беті ашылды.
Мұнда қоғамдық тамақтану нысандарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар еш сақталмаған. Сондай-ақ, диспансерде екі аптаға арналған маусымдық (жаз-күз, қыс-көктем) және апталық ас мәзірі жасақталмаған. Оның не себепті жоқтығын аталған диспансердің 20 жылдан аса тәжірибелі ем-дәм мейірбикесі Меңсұлу Айдынәлиева түсіндіріп бере алмады. Сондай-ақ, мониторинг кезінде кешкі ас мәзіріне баса назар аударылды. Аспазшының палауға дайындап қойған күріш мөлшері – 1 келі 300 грамм. Бұл белгіленген көрсеткішке сәйкес келеді.
Алайда, қуырып қойған еттің мөлшері 0,5 келіден аспады. Негізінен бір адамға қажетті ет мөлшері 40 грамм деп есептегенде, 32 науқас үшін 1 келі 280 грамм ет болуы тиіс еді. Анықтағанда, кешкі асты дәл осы белгіленген көрсеткішпен дайындауға қоймадағы ет те жеткілікті. Десек те, аспазшылардың әлгіндей әрекетін көргенде, мекеме қызметкерлері «байдың асын байғұс қызғанадының» кебін киіп отыр ма деген ойға қалдық.
Қоймадағы тазалық та санитарлық ережеге сай емес. Талапқа сәйкес азық-түлік өнімдері арнайы стеллаждарда сақталуы қажет. Яғни, еденнен кемінде 15 см ара-қашықтық болуы шарт. Алайда, диспансер қоймасында бұл талаптар да орындалмаған. Бір ғана нысаннан осынша кемшін тұсқа кезіккен қоғамдық бақылау өкілдері диспансер басшылығына ескертулерді жіпке тізіп берді. Емдеу мекемесінің директоры еңбек демалысында болса да, бұл олардың жауапкершіліктен оңай құтылып кететіндіктерін білдірмейді. Диспансер директорының міндетін атқарушы Биғайша Бекмағамбетоваға а т а л ғ а н кемшіліктерді мекеме басшысына жеткізіп, шұғыл түрде түзету қажеттігі тапсырылды.
Балалар ауруханасы: компот орнына қара шәй
Мониторингтік жұмыс облыстық балалар ауруханасында жалғасын тапты. Биыл 9 айда науқастарды тегін тамақпен қамтамасыз ету қызметіне аурухана бюджетінен 17 млн. теңге қаржы жұмсалған. Ал, қалған 4 айға тағы да 4 млн. теңгеге сұраныс жіберілген. Алайда, бұл ауруханада науқастың бір күндік шығыны 410-415 теңге аралығын құрайды.
Балалар мен жасөспірімдердің тамақтану рационында дәруменді-минералды кешенмен байытылған тағам өнімдері болуы маңызды. Десек те, мұндағы жұмыстардың өз деңгейінде жүргізілмеуі салдарынан «әттеген-ай» деген тұстар жетіп артылады. Мәселен, ауруханада екі аптаға арналған перспективті маусымдық және апталық ас мәзірі
бар. Дегенмен, ережедегі талаптар толыққанды орындалмаған. Ем-дәм мейірбикесімен бекітілген ас мәзірі талапқа сай емес. – Бұл – балалар ауруханасы. Сондықтан, олардың дұрыс-өсіп жетілуі үшін ас мәзірі де дәруменге бай тағамдардан жасақталуы тиіс. Негізінен санитарлық талапқа сәйкес, бір күнде шай, сүт, шырын сусындары алмастырылып берілуі қажет. Алайда, 11, 12, 13 қыркүйек күндері 3 жастан жоғары балалар және атааналары қара шаймен ғана қамтамасыз етілген, яғни үш күннің де ас мәзірі бірдей, — деді «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджері Әния Төлешова.
Облыстық балалар ауруханасының директоры Нұрқабыл Айтмұхамбетов мұндай мәселе қаржының жетіспеушілігінен орын алғанын түсіндірді. «Ауруханада 2-3 айдан бері дәруменге бай кейбір тағамдар берілмеді. Сары май, жеміс шырындары, кептірілген жемістерден жасалған сусын, жеміс- жидектер, кисель, балық, айран, сүзбе секілді тағамдар мүлдем жоқ» деді ол. Мониторингтік топ мүшелерінің айтуынша, мұнда ас мәзіріне және науқастар санына сәйкес күніне 21 литр сүт пайдаланылуы керек.
Аурухана тоңазытқышында артық сүт тұрмауы тиіс. Алайда, бақылау кезінде қоймадағы тоңазытқышта 27 литр сүттің бар екендігі анықталды. Бұл жерде сол күнгі тамақтардың пісірілу технологиясының бұзылғандығы, ал артық 8 литр сүттің тамаққа қосу немесе беру мөлшерінен үнемделгендігі жөнінде анықтама жоқ. Аурухана қызметкерлері бұл мәселеге де мардымды жауап қайтармады. Қазір ауруханада 121 бала ем қабылдап жатыр. Оның ішінде жаңа туғандарының саны 9 болса, 3 жасқа дейінгілері – 12.
Белгіленген заңдылыққа сәйкес, үш жасқа дейінгі балалар ата-аналарымен бірге жатқызылады. Балаға тамақ берілгенімен, ата-анасын тамақпен қамту қаралмаған. Ал, одан жоғары жастағы балаларға ата-аналарының көмегі аса қажет болмаса, олар өздері жатқызылады. Қоғамдық бақылау барысында ауруханадағы науқастармен де тілдестік. Десек те, баласын емдетіп, аурухана қабырғасынан тезірек үйіне шығуды ғана ойлаған ата-аналар мұндағы тамаққа қатысты шағымдарын, өкпе-наздарын айта қоймады. Науқастар үшін бірдей ас мәзірі бірнеше күн бойы қайталанбауы маңызды. Әр күн сайын мәзір өзгеріп отыруы қажет болғанымен, бұл олқылық облыстық кардиологиялық орталықта да кездесті.
«Аурухананың тамақпен қамтамасыз ету қызметінде биыл 9 айда бюджеттің 9 млн. теңгеден аса қаржысы игерілген. Қазір бұл орталықта 85 науқас бар. Олардың 14-і ерекше тамақтануы тиіс. Алайда, перспективті ас мәзірінде атауы бірдей тағамдардың, гарнирлердің немесе аспаздық өнімдердің бірнеше күн қайталануына жол берілген» деді Әния Ақанқызы. Бұл мониторингтік бақылаудан біз не түйдік?
Президент салада қолға алынған шаралар адамның өмір ұзақтығын болжамды 75 жасқа дейін жеткізуге мүмкіндік беретінін айтты. Егер медицина мекемелеріндегі тамақтандыру процесінен бастап осындай жүйесіздік жалғаса берсе, денсаулық сақтау саласын одан әрі дамыту қалай жүзеге асады? Түптеп келгенде, медицинадағы бөлінген қаржы азаматтардың саулығын жақсартуға емес, тиімсіз бағыттарға есептен тыс жұмсалып кетпесе болғаны…
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА