«Ауру балаға қайырым етсеңіз…»
Соңғы кезде осындай жазуы бар жәшікті қолтықтаған жасөспірімдердің жол бойында тұруы, сауда орындарының ішінде жүруі, өткен-кеткеннен қаржылай көмек сұрауы жиіледі. Оларды жазғырып отырғанымыз жоқ. Шынымен сырқат, қолдауға зәру сәби болса, көпшіліктен көмек сұрағанның айыбы жоқ. Бірақ, бүгінгі айтарымыз басқа.
…Түс әлеті. Жұмыстан келе жатқанмын. Үй жақтағы дүкен бұрышында он үш-он төрт шамасындағы қос ұл қолдарындағы «қайырымдылық жәшігінің» ішінен ақша алды да, дүкенге кірді. Нан алуым есіме түскен мен де олардың соңдарынан ілестім. Қарындары ашып қалған ба, сусыны бар, басқасы бар – біраз тағам алды. Асықпай сауда жасаған оларға:
– Ана жәшіктен алған ақшаға тамақ алуларың дұрыс па? Ол ауру баланы емдету үшін жинап жүрген қаржыларың емес пе? — дедім. Осы сұрақты қоюым мұң екен, екеуі алды-арттарына қарамай, жедел басып шығып кетті. Олардың тарапынан ешқандай жауап болмаған соң, не ойларымды білмедім. Неге екенін білмеймін, біртүрлі көңілге күдік ұялады. Қазіргі күнде дәл осындай жәшіктер қаладағы сауда орындарын, базарларды айтпағанда, аты дардай супермаркеттерде де тұр…
Оның үстіне әлеуметтік желілер арқылы түрлі видео жіберіліп: «Неғұрлым көбірек таратсаңыздар, соғұрлым сырқат сәбиге молырақ қаражат түседі. Оның ем-домына, сауығып кетуіне сіз де үлес қосасыз!» — деп жатады. Қызығы, артынша тағы да дыбысты СМС келіп, оның жалған екенін, ақшаның ауру балаға емес, оны жолдап отырған алаяққа түсетінін айтады. Осылайша дүбәра күй кешетін көпшілік кімге сенерін білмейді. Бұдан кейін желі қолданушыларының да, көпшіліктің де «Ауру баланы сылтау етіп, жұрттан жылу жинаудың жаңа түрі шыққан жоқ па екен?» деп ойлауы да орынды-ау деп түйесің.
Міне, қым-қуыт қарбаласпен жүргенде, тағы бір жылымыз артта қалып, тарих қойнауына енді. Ескі жылымыз есіркеп, жаңа жылымыз жарылқасын дейміз, қадірлі оқырман. Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын!
Лиза СЕЙТІМОВА