Әуесбайдың Қанаты ATYRAY` телеарнасының жаңа жобалары туралы айтты
Қашанда ақпарат майданының алдыңғы шебінде жүретін әріптесіміз – ATYRAY` телеарнасы үшін өтіп бара жатқан Тышқан жылы да табысты болды. Жаһанды жайлаған пандемиямен байланысты кездескен қиындық-кедергілерге қарамастан, ұжым өз жұмысын бір сәтке де тоқтатқан жоқ.
Бірнеше жаңа жобалар жүзеге асты. Тележурналистердің тынымсыз еңбегі, тың ізденістері мен шығармашылық жетістіктеріне орай алған марапаттары, еншілеген жүлделері де аз болған жоқ. Болашаққа белгілеген жоба-жоспарлар мен бастамалар да баршылық. Бұл жөнінде айтылар әңгіменің тиегін «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Қанат ӘУЕСБАЙ ағытты.
— Сәті түскен сұхбатты коронавирус инфекциясының белең алуына байланысты республика көлемінде жарияланған төтенше жағдай, енгізілген карантин режимі кезінде қалыптасқан күрделі ахуалдан бастасақ?
— Расында да, дүние жүзін дендеп, дүрбелең туғызған індеттің бізді де айналып өтпегені ақиқат. Бекітілген ереже мен қатаң тәртіпке сәйкес денсаулық сақтау мен қоғамдық тәртіп сақшылары, басқа да карантиндік шектеулер кезінде мүлтіксіз сақталуы тиісті шаралардың орындалысын қадағалайтын, адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне жауапты мемлекеттік құрылымдардың сапында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, әсіресе, тікелей телевидениеде қызмет атқаратын әріптестер де иық тіресіп, қатар жүрді.
Арасында өздері де сырқаттанып қалып, қалай еткенде де қалыптасқан жағдайдың мән-жайына қарапайым халықтың көзін жеткізетіндей шынайы ақпарат тарату мақсатында бастарын қауіп пен қатерге тікті. Қиналып, өмір үшін арпалысқан жандардың қасынан табылып, мүмкіндігінше оларға көмек қолын созуға әзір тұрды. Науқастанып, төсек тартып жатып қалғандары да кездесті. Әйтсе де, оған мойыған жоқ, қиындыққа қайрат-жігерін қарсы тосты. Соның арқасында жеңіп шықты.
Өзгелер тәрізді бізге де онлайн-режимде жұмыс жасауымызға тура келді. Мұның өзі алғашында айтарлықтай қиындықтарды туғызғанын жасырмаймыз. Дегенмен кез-келген қиындықтың жаңа мүмкіндіктерді туындататыны түсінікті. Тікелей эфирге шығу үшін Zoom, Skype желілерін іске қосып, солардың мүмкіндіктерін пайдаландық. Сол арқылы алыс-жақындағы спикерлерді әңгімеге тартып, сұхбат алдық, түрлі қызықты да тартымды бағдарламаларды ұйымдастырдық. Тек облыс, ел көлемімен шектеліп қалмай, әлемнің қай қиырында жүрсе де сұхбат беретін адамдарды тауып алып, байланыс орнаттық.
Елге, әлеуметке індеттің алдын алу, сақтану жолдары жайлы дәрігерлік кеңестер ұйымдастырып, аса қажетті әрі маңызды ақпараттармен бөлістік. Есімдері елге белгілі дәрігерлердің берген консультацияларын жазып алып, көрерменге жеткіздік. Тіпті, Covid-тан көз жұмған марқұмдарды қалай, қайда жерлеуге болатынына дейінгі ақпаратты жеткізіп отыруға тырыстық.
Тағы бір түйгеніміз, тікелей эфирден гөрі мұнда спикерлер өз ойын батыл, еркін әрі ашық жеткізе алады екен. «Онлайн қосылудың тиімділігі немесе артықшылығы сонда ма?!» деп ойлап қалдық.
Басты мақсат – жалған, дақпырт ақпаратты жоққа шығарып, тек қана шынайы, ресми дерек көздерінен алынған, жан-жақты сараланған ақпаратты көрерменге елден бұрын жеткізу еді. Бұл мақсатты басын қатерге тігіп, қауіпті аймақтың қақ ортасында жүріп, күнделікті эфирге шығатын «Жаңалықтар қызметінің» тілшілері мінсіз атқарды деп айта аламын. Алғы шепте жүріп, ерлікке пара-пар еңбегімен еленген екі бірдей әріптесіміз Президент Жарлығына сәйкес «Халық алғысы» медалімен марапатталды.
Қолға алған бастамамыздың бірі – биылғы Еріктілер жылы аясында «Волонтер» хабарын шығардық. Мұнда да қайырымдылық көрсетіп, жомарттық танытқан жеке кәсіпкерлер, жүрек қалауымен елдік шараларға араласып, белсенділігімен көзге түскен замандастарымызды дәріптеп, олардың өнегелі істерін өзгелерге үлгі етуді көздедік. Әрине, жария еткенімізді жөн көрмей, келісім бермегендер де табылды. Әйтсе де, алған бетімізден тайған жоқпыз. Себебі, соларды насихаттай отырып, басқаларды да сондай ізгілікті амалдар істеуге үндейміз деп есептедік. Қиын жағдайда бір-біріміздің жанымыздан табыла білу керектігін ұғындырдық.
— Көрермендерді биыл ауыз толтырып айтарлықтай қандай жобалармен қуанта алдыңыздар?
— Жалпы телеарнаның жұмысы күзгі және көктемгі маусымнан тұрады. Атырау телеарнасының ұжымы да өз маусымдарында көрерменнің көңілінен шығатындай қызықты бағдарлама-хабарларды дайындап берді. Күзгі маусымның жеті жаңалығының бірі ретінде «Еуразия ендігінде» онлайн ток-шоуын атасақ артық болмас. Атырау облысы қос құрлықтың ендігінде орналасқандықтан, бағдарлама осылай аталды. Онда түрлі әлеуметтік мәселелер, көпшілікті толғандырып, шешімін күткен проблемаларды арқау еткен тақырыптар қозғалды. Мәселен, ажырасу, алимент төлеу, онлайн оқытудың тиімділігі мен кемшілігі, т.с.с. Бағдарламаға бір мезгілде еліміздің әр қиырынан 7-8 адамға дейін қатыса алады. Хабарды белгілі журналист Жәнібек Ғалым жүргізеді.
Екінші тың жоба – әлеуметтік толғау. Оның авторы әрі жүргізушісі, «Мен – қазақпын» әні авторларының бірі Нұржан Өмірбай. Заманындағы жыраулардың ізін жалғап, дәстүрін жаңғыртып, ақпараттық-сараптамалық мәліметтерді домбырамен үндестіріп айтып, ежелгі мақамға салып жеткізіп отыр. Бұл – өлең ұйқасымен өрілген, дәстүрлі айтыс сипатындағы телемонолог. Экология, ерте ажырасу, қазақ қыздарының шетелдіктерге тұрмысқа шығуы, коронавирустан сақтандыру, т.б. тақырыптар қозғалды. Бұл – «Нұржан айтады» жобасы.
Келесі бір жаңалығымыз – «Ақжелең»-күй терапиясы» хабары. Атырау өңірі – күй атасы Құрманғазы мен күй анасы Динаны дүниеге әкелген қасиетті де киелі топырақ. Соны ескеріп, бұл бағдарламаны табиғат аясында дәулескер күйшілер домбыра және қобыз үнімен батыс өлкесі күйлерінің антологиясы жасалды. Бір жағы, домбыраның үнімен туған табиғаттың тамаша көріністерін үндестіру мақсат етілді. Индер өңіріндегі атақты Тұзбұлақ, кең Жылыойдағы Ақтолағай, Нарынның етегіндегі Каспий жағалауында түсірілім жасалды.
Сонымен қатар, Әл-Фарабидің туғанына 1150, қазақтың данасы ұлы Абайдың 175 жылдығы, Атырау қаласының іргесі қаланғанына 380 толуына және облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің ғасырлық тойына арналып «Қайырымды Фараби», «Мәңгілік Абай», «Теңіз табанының тарихы», «Жүзжылдық шежіресі» атты тележобалар да көрерменмен қауышты.
Тұңғиық жырдың тұнығы, мемлекеттік Әнұран авторларының бірі Жұмекен ақынның туғанына 85 жыл толуына орайластырылған бағдарламадар тұрақты түрде эфирден көрінді. Атап айтқанда, «Жұмекен-85» жыр эстафетасының да Атыраудан басталып, республикада жалғасын табуы, оған есімдері елге белгілі Илья Жақанов, Төлеген Мұхамеджанов, Ұлықбек Есдәулет, Мереке Құлкенов, Алмас Ахметбекұлы сияқты өнер иелері, мәдениет қайраткерлері мен еліміздің мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, сондай-ақ өзге де танымал тұлғалардың қатысуы мәртебемізді асырып, мерейімізді тасытты.
— Санаулы күндерден кейін тарих парағына айналғалы отырған Тышқан жылы Сіздің ұжымыңыз үшін жүлде жауған жыл болды десек, артық айтқандық емес шығар?
— Шынымен солай. Ең алдымен, филиал құрамындағы 102.0 FM жиілігінде хабар тарататын Атырау радиосы биыл ұлттық дәрежедегі «Үркер» сыйлығын иеленді. Қазір облыстық радионың хабарлары қаладан 80 шақырымға дейінгі қашықтыққа таралады. Атап өту керек, әуе толқынына шығатын хабарлар теледидар эфиріне де шығып тұр.
Ал, Нұрислам Ғұмар есімді жас журналист Nur Otan партиясы тағайындаған «Нұр Сұңқар» жүлдесін еншіледі. Филиал ұжымы Президенттің Алғыс хатымен марапатталды. Мемлекет басшысының алғыс хатымен сондай-ақ, арнамызда 30 жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан режиссер Разия Қасымова да марапатталды. Сонымен қатар, биыл журналист Гүлназ Кәрімжанның бастамасымен, шетелдердегі қазақтардың тыныс-тіршілігін суреттейтін «Қандастар» жобасының да жұмысы лайықты бағаланғанын айта кеткеніміз ләзім. Ол төрт мемлекетте болып, жалпы саны 40-қа жуық хабар жасады. Г.Кәрімжанның осы еңбегі ескеріліп, «Тәуелсіздік және Елбасы» атты халықаралық байқауда топ жарып, баршамызды қуантты.
Айта берсек, ауыз толтырып айтар жобалармен қатар, қанжығамызға байлаған байрақтардың да аз болмағанын, жалпы 2020 жылдың біздің ұжым үшін олжаға толы болғанын атап көрсеткен жөн.
— Соңғы кездері «Атырау» телеарнасында көптеген мәдени, рухани іс-шара жиі өтетінін байқап жүрміз…
— «Атырау» телеарнасында былтыр ашылған Айтқали Құмарғалиұлы медиа-аудиториясында расында да елдік ауқымдағы игі іс-шараның біразын өткіздік. Соның бірі — халық жадында қаһармандығымен қалған Құныскерей Қожахметұлының 125 жылдығына орай «Атанған Құныскерей алты алашқа» тақырыбындағы ғылыми-практикалық дөңгелек үстел. Бас редакторлар Клубының көшпелі отырысы, көрнекті ғалым Қадыр Жүсіптің, мәдениет қайраткері Орақ Жауыровтың, ақын Гүлзада Ниетқалиева, Маржан Ершудың кітаптарының тұсаукесері телеарнамыздың төрінде өткенін айта кету керек. Осы арқылы біз телеарна мен Атыраудың руханият өкілдерімен шығармашылық байланыс орнатудың жақсы бір үлгісін қалыптастырғымыз келді.
— Қанат Әуесбайұлы, келер жылдың жоспар-жобаларын Атырау жұртшылығымен бөліссеңіз?
— Егер биыл Президент Жарлығына сай «Волонтер жылы» деп жарияланса, келер белесте Қазақ елінің егемендігін еншілеп, Тәуелсіздігін алғанына 30 жыл толғалы отыр. Осыған орай, осы салада еңбек еткен аға буын өкілдері – ардагерлермен және ұжым мүшелерімен ақылдасып, «Ордалы 30 жыл» атты циклды хабарлар дайындауды жоспарладық. Оған әзірлік шаралары басталып кетті.
Атырау өлкесінің бағалы байлығы саналатын балық шаруашылығы тақырыбына да бағдарламаларды арнағанды жөн деп шештік. Мұнда кәсіптік және әуесқой балықшылардың тыныс-тіршілігі, саланың жетістіктері мен кемшіліктері де қамтылады. Хабардың атауы «Су маржаны» деп аталады. Оның үстіне, республиканың тұңғыш балық шаруашылығы министрі де осы өңірден шыққан екен.
Сондай-ақ Атырау топырағында туған біраз танымал тұлғаның есімдері ұмытылып барады. Көзден кетсе де, көңілден өшпейтін қайраткерлерді есте қалдыру мақсатында «Елтұтқа» бағдарламасын эфирге шығару да ойымызда бар.
— Жаңа жылға айтар тілегіңіз?
— «Арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деп Шерхан Мұртаза ағамыз айтпақшы, ақпарат майданының бел ортасында жүрген барша әріптестерімді келе жатқан жаңа жылмен құттықтап, шығармашылық табыстар тілеймін!
Сұхбаттасқан Дәулетқали АРУЕВ