
Әуеден су төгу – ең тиімді тәсіл
Қазіргі таңда Атырау облысындағы «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватына жайылған өртті толықтай сөндіру бағытында барлық мүмкін шаралар қолға алынып отыр. Бірінші күннен бастап өрт сөндірушілер мен техникалар жұмылдырылып, бүгін қосымша тікұшақ та тартылды. Бұл – өте дұрыс және қажетті қадам. Әуеден су төгу – батпақты және қолжетімсіз аймақтарда өртті тоқтатудың ең тиімді тәсілдерінің бірі.
Сондай-ақ, минералданған жолақтар жасау арқылы өрттің одан әрі таралуының алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатқаны да – жағдайды бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Мұндай жолақтар өртке отын болатын шөп пен бұталардан арылып, оттың басқа аумақтарға өтуін тежейді.
Алайда, күшті жел мен жердің батпақты болуы өртті сөндіру жұмыстарына айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Мұндай табиғи факторлар өрт сөндіру техникасы мен мамандардың жұмысына ауырлық түсіреді. Дегенмен, тәулік бойы жұмыс істеп жатқан жедел штаб пен жұмылдырылған барлық күштердің үйлесімді әрекеті нәтижесінде жақын арада жағдай тұрақталады деп сенеміз.
Асыланбек ХАФИЗҰЛЫ,
Атырау облысы ТЖД Жоспарлау және жедел басқару орталығы басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі