АУДАҒЫ БАЛЫҚ АУЫЛҒА ЖЕТПЕЙ ТҰР…

Өткен ғасырдың 50-ші жылдарының орта тұстарына дейін біздің өңірде балығы тайдай тулаған Каспийдің «су маржандарын» сүзген бірнеше балық колхоздары болған-ды. Кейін олар Жайық тамағына көшіріліп, балық аулау жаңа шаруашылықтарға ірілендірілген еді. Отызыншы жылдардағы ашаршылық заманында сонау Нарынды мекендеген халықты құмның құмаршығы асыраса, қатқыл бойында өзен жағалағанның өзегін талдырмаған да теңіздің қара балығы болғанын көнекөз қарияларымыздан талай естігенбіз.

 

Міне, араға жарты ғасырдай уақыт салып, ауданда балық шаруашылығын дамыту қайта қолға алына бастады. Соңғы екі-үш жылда «Ракуша», «Жамбыл» өндірістік кооперативтері Жанбай және Забурын селолық округтерінің теңіз жағалауы аймақтарынан балық ауласа, биылдан бастап олардың қатары Аманкелді ӨК, «Тілекші» ЖШС, «Хазар» сынды жеке шаруашылықтармен толықты.

Табиғаттың осы ырысын қалай тиімді пайдалануға болады? Жергілікті тұрғындар мұндай мүмкіндіктің қайтарымын көріп жүр ме? Ауданда балық өндірісін дамытудың қандай жолдары бар? Каспий жағалауынан балық аулаушы құрылымдардың аталмыш саланы өңірде өрге бастыруға қауқары жете ме? Олардың жергілікті атқарушы органдармен байланысы, халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге, әсіресе, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге  деген ынта-ықыласы қандай дәрежеде?

Жақында аудандық әкімдіктің мәжіліс залында балық шаруашылығын дамыту жөнінде өткізілген «дөңгелек үстел» басындағы дидарласу барысында осындай өзекті мәселелер әңгіме арқауына айналды. Басқосуға теңізден балық аулаушы өндірістік кооперативтердің, құқық қорғау құрылымдарының, балық шаруашылығы инспекциясының, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшылары қатысты.

Шараны кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырған Исатай ауданының әкімі Тұрарбек Сұлтанбеков күзгі балық аулау маусымы басталар алдында құзырлы органдар өкілдерімен осы мәселелерді пысықтап, пікірлесіп, теңізден «су маржанын» сүзушілер тек балықты аулап қана қоймай, оны өңдеуге көшу арқылы нарыққа балық тағамдарын шығаруды уақыт талап етіп отырғандығын қаперлеп, бұл саланың мүмкіндіктері жөніндегі қатысушылардың ұсыныстарын естігісі келетіндігін айтты.

Алғашқы сөз кезегін «Ракуша» ӨК төрағасы Сырлыбай Қожамұратов алды. Балық шаруашылығы саласында ұзақ жылдардан бері еңбек етіп келе жатқан ол Каспий теңізінен балық аулау төрт-бес айлық науқандық шаруа екендігін, биылғы көктемде теңізден 70 тоннадай қара балық ауланғандығын айтты. Дегенмен, ол тиісті құжаттары бола тұрса да, кейде аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлері тарапынан жөн-жосықсыз тексерулердің болатындығын да жасырмады.

Руслан Исмағұлов, «Жамбыл» ӨК төрағасы:

– Өндірістік кооператив өнімдері Астрахан, Тараз, Шымкент қалаларына жіберіледі. Мені мазалайтын мәселе – облыстық ветеринарлық лабораторияның балықтың жарамдылығы жөніндегі қорытынды анықтаманың аймақтан, яғни Исатай ауданынан берілмейтіндігі. Жарамдылық мерзімі үш күндік бұл анықтаманы да жергілікті жердегі мекеме мамандарға жүктеуге болмас па еді? Теңізден ауланған балықты сату мәселесін де шұғыл ойластыру  керек. Балық аулайтын шаруашылықтарға тиісті сату күнін белгілеп, кесте бойынша ұйымдастырған дұрыс болар.

 Арман Молдашев, Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары:

– Балықшыларға қатысты күрмеулі мәселелерді шешуде  қиындық-кедергілердің  де аз  кездеспейтінін айта кеткен жөн. Мәселен, суда жүзу көліктерінің, яғни қозғалтқышының  қуаты 40 ат күшінен жоғары емес моторлы қайықтардың техникалық байқаудан өтпеуі, олардың тізгініне отырған адамдарда су көлігін жүргізуге рұқсат беретін  куәліктерінің болмауы кері әсерін тигізуде.

Балық аулау үшін ауданда балық шаруашылығы учаскелерін заңды тұлғаларға бекіту туралы ұсыныс ҚР Балық шаруашылығы комитетіне жолданды. Сонымен қатар, қыс мезгілінде мұз астынан балық аулау жұмыстарын ұйымдастыру шаралары қарастырылып жатқандығын әріптестер қаперіне бергім келеді. Меніңше, теңізден ауланған 810 тонна қара балықтың кемінде 10 пайызы жергілікті тұрғындарға сатылуы керек. Егер халық су маржанын дүкен сөрелерінен арзандау бәсіне сатып алып жесе, аз да болса браконьерліктің адымы қысқарып, жолына тосқауыл қойылар еді. Одан бөлек, теңізден заңды балық аулаушы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайын да естен шығармағанымыз дұрыс.

Ақтолқын Ахметжанова, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

– Бірден айтайын, теңізден бірнеше жүз тонналап ауланған балықтың қайырын қарапайым халық көріп жатқан жоқ. Балық шаруашылығы құрылымдары ауланған балықты тек тоңазытқышқа салып, қатырып, қалаларға жөнелткендеріне мәз. Жергілікті дүкендерге салып, неге сатпасқа? Соны ұйымдастыруға болмас па еді? Каспийдің жағасында тұрып, тірі балық жей алмауымыз тіпті ұят-ақ.

Қалыбай Айекенов, аудандық балық инспекциясының басшысы:

– Өндірістік кооперативтер мен серіктестіктер арқылы ауланған балықты теңізден шығарудан бастап, қабылдап алуға дейінгі жұмыстарға біздің инспекторлардың  қатысуы міндетті, оларсыз болмайды. Инспекциядағы 11 инспектордың бәрі дерлік Атырауда тұратындар. Бос жұмыс орындарына конкурстық негізде жұмысқа алу үшін газетке хабарландыру беріледі. Сол арқылы ғана қызметкерлерді  аламыз. 

Әліби Хайдаров, Жанбай селолық округінің әкімі:

– Өндірістік кооперативтерде маусымдық жұмыс жасайтын әр жұмысшы өзін сол ұжымның мүшесі екендігін сезінуі тиіс. Оларды  тек жұмыс күші ретінде пайдалану әдетке айналған, балық аулау науқандық болғанымен сол адамдар жыл да жұмысқа алынады ғой. Маусымдық жұмыстан босаған жұмысшыларға қыс кезінде ақысыз демалыс беріп, олар кооперативтің  есебінде тұруы керек  деп ойлаймын.

 Біздің селолық округ бойынша көктемгі тартым кезінде 118 адам жұмысқа алыныпты, осының тек екеуі ғана жұмыссыздар есебінде тұрғандар болып шықты. Мұндай көзқараспен мемлекеттің жұмыссыздарды еңбекке тарту жөнінде қойып отырған талабын қалай орындаймыз? Ал, ресми жұмыссыздар қатарын сейілтудің бірден-бір жолы біздің ауыл үшін осы теңізден заңды балық аулау кәсібі екендігі айдан анық.

Мұрат Тұрлыбеков, «Аманкелді» өндірістік кооперативі  төрағасының орынбасары:

– Күні бүгінге дейін тартымға жұмыс жасауға 106 адам қабылданды. Тамағы мен жатар орнынан басқа біздің келісім-шартпен төленетін  60-65 мың теңге айлық еңбекақыны жанбайлықтар місе тұтпайды. Сондықтан, газетке хабарландыру беру арқылы басқа жақтан жұмысшылар қабылдауға мәжбүр болып отырмыз. Теңізден ауланған қара балықты аудан тұрғындарына сатуды ұйымдастыру керек деген ұсынысты мен де қолдаймын. 

 Аслан Тұрғанов, аудан прокурорының орынбасары:

– Балық шаруашылығымен айналысатын құрылымдар өздеріне қажетті жұмысшыларды негізінен жұмыссыздардың есебінде тұрған, арнаулы дерекқор базасында тіркелген азаматтардың қатарынан іріктеп алуы қажет. Жұмыс беруші тарап олармен келісім-шарт жасасып, тиісті еңбекақыларын төлеп, зейнетақы жинақтаушы қорына тиісті төлемін аударып, барлығын да заңды түрде  жүзеге асырып отыруға міндетті. Заңсыз балық аулаушылармен бәріміз бірлесіп күрескенде ғана ісіміздің нәтижелі болары сөзсіз.

 Әнуар Тәжбентаев, аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі:

 – Құқық қорғау және балық қорын қорғаушы құзырлы органдардың тарапынан алынып жатқан іс-шараларға қарамастан балықты браконьерлік жолмен аулап,  тасымалдау тыйылар емес. Жаңағы кооператив жетекшісінің айтып отырғанындай, балық тиелген автокөлікті заң бойынша үш сағаттан артық ұстауға полиция қызметкерлерінің құқығы жоқ.  Күзгі маусым кезінде осы жағын қатаң ескеріп, құзырлы құрылымдармен бірлесіп қам-қарекет қылғанымыз абзал.

«Дөңгелек үстел» басындағы кездесуді қорытқан аудан әкімі Т.Сұлтанбеков болашақта өндірістік кооператив басшыларына науқандық жұмысқа   жергілікті уәкілді органда тіркеуде тұрған  адамдарды алу, теңіз жағалауынан қайықтар тұратын айлақ салу, азық-түлік бағасын тұрақтандыру саясатына орай ауданда балық өнімдерін қолжетімді бағамен сату, балық өндірісін дамыту шараларын жасақтап, өңдеу цехтарын ашу жобаларын дайындап, оны бірінші қазанға дейін әкімдікке ұсынуды тапсырды.

 

Түйін

Біз осынау басқосуда соңғы жылдары биік мінберлерден жиі-жиі айтылып, өндірістік кооператив жетекшілеріне қойылып жүрген талаптарды, құнды ұсыныс-пікірлерді тағы да естідік. Өз кезегінде олар да тартынып қалмады. «Қалай болғанда да нақты шарасын аламыз», «жұмыссыздарға жұмыс тауып береміз», «балық өңдеу цехын ашамыз», «халыққа дүкеннен балық сатамыз» деген сияқты уәделерін үйіп-төгіп беріп жатты. Берілген уәде үдеден шыға ма, жоқ па, оны алдағы уақыт еншісіне қалдыра тұрайық.

Ал, шынында, жұмыссыздық жайы, кәсіпкерлікті кеңейту, балықты жергілікті жерде өңдеу, ұқсату цехтарын ашу, Каспийдің «су маржанын» сүзіп, өзге өңірлерге жөнелте бермей, бір бөлігін дүкендер арқылы сатып, ауылдықтардың  дастарханына  ұсынатын, теңіз балығына көз алартқан сұғанақтардың жолына тегеурінді тосқауыл қою шараларын алатын уақыт та әлдеқашан жеткен жоқ па  еді?!

Бақытжан ЖҰМАТ,

Исатай ауданы.

Суреттерді  түсірген  Ә. ШАРАПИДЕНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз