Жарнама
ЖаңалықтарСарапTimeЭкология

Ауамыз да «Қызыл кітапқа» ене ме?

Atr.kz/31 қаңтар, 2019 жыл. Солай екен. Аймақтағы ірі компаниялардың табиғат қорғау шараларын көпшілік талқысына шығарған Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу мен бақылау комитетінің төрағасы Зұлпұхар Жолдасов осылай деді. Сондықтан, орталық орган өкілі мұнайлы мекенде бірінші рет ұйымдастырылып отырған шараны келешекте дәстүрге айналдыру қажеттігін айтты.

ИТ ТІРЛІКТЕН БЕЗІНДІ ИТБАЛЫҚТАР…

« Б а й т а қ Б о л а ш а қ » экологиялық альянсының мүшесі Махамбет ХАКІМОВ тура осылай деді. Ол айдын төсіне бұрғы бойлатқан сәттенақ Каспий тазалығына атсалысып келеді. Инвесторлар қауіпсіз қызмет істейтінін айтып, қаншама сендіргенімен, өзінің дәлелді тұжырымдарын алға тартады. Бұл жолы да ортаға оралымды ой тастады. Расында да, дүние жүзіндегі ең ірі тұйық көлде көлденең апат орын алса, не болғаны? Оның жағалауындағы бес мемлекет бар жауапкершілікті біздің елімізге артса, халықаралық даудан басымызды арашалай аламыз ба? Өйткені, Солтүстік Каспий жобасына қатысушылар тарапынан адам өмірі де, жануарлар әлемі де, өсімдіктер дүниесі де сақтандырылмаған.

Ал, мұнда «Қызыл кітапқа» енген аса сирек кездесетін тіршілік иелері толып жатыр. Ендеше, шынында да, соларды сақтау жолында жасалып жатқан шаралар жеткілікті ме? Жетіқат жер астының тылсым сырына ешкім де қанық емес. Ертеңгі күні бес шақырым тереңдіктен буырқанып мұнай атып кетсе, оны ауыздықтау жеңілге түсе ме? Егер «қара алтын» құрамында күкірт қоспасы бар екенін ескерсек, тосын жайдың алдын алуға ертең емес, бүгін қам жасау қажет. Мәселен, Мексика шығанағындағы апатты адамзат ұмытқан жоқ. Рас, ол шағын теңізде емес, даңғайыр мұхитта орын алды. Ал, Каспий бүлінсе, ағып кететін сыртқы әлеммен байланысы жоқ, осындағы тіршілік түгел тоқтатылады.

Байырғы эколог жиналғандар назарына осы қатерді қайта салды. Әділдік үшін айтар болсақ, НКОК өз тарапынан айдындағы ахуалды қадағалап отырған сыңайлы. Біраз қаражат жұмсап, бірқатар шаруа тындырыпты. Соның ішінде Каспий итбалығын зерттеуде екен. «Атырау» газеті бұл тақырыпты тұрақты қозғаған. Итбалықтардың итшілеген тірлігіне құзырлы орындар мен жұртшылықтың назарын аударған. Содан бері не өзгерді?

Бұл мәселені ардагерэколог Бостан СҮЛЕЙМЕНОВ көтерді. Сөйтсек, олардың саны қанша екені де белгісіз көрінеді. Міне, биыл жеті жыл өтіпті, есепке алынбаған. Неге? Енді, компания өз тарапынан тоғыз итбалыққа ен тағып, айдынға жіберіпті. Демек, олардың қайда барып-келіп жүргенін қадағалап отырмақ. Ал, қазақстандық мамандармен бірлесіп жұмыс жасауға келіскен ресейлік әріптестер түк тындырмаған. Енді өздері ғана әрекет етуге тура келетін тәрізді.

«САСЫҚ САЙДЫҢ» СОҢҒЫ КҮНДЕРІ

Атырау мұнай өңдеу зауыты қоршаған ортаны қорғау бөлімі басшысының орынбасары Қанат САҒЫЗБАЕВТЫҢ айтуынша, кәсіпорын құрылғаннан бері пайдаланып келген буландыру алаңы толық жабылады. Бұрын оған дейінгі 3,5 шақырым канал қазылып, сарқынды сулар сол арқылы ағызылған еді. Кейін оны пластик тұрбамен ауыстыруға шешім қабылданған.

Енді мүлдем қажет болмайтын түрі бар. Өйткені, былтырғы 17 қазанда облыстық әкімдікпен жасалған келісімге сәйкес зауыттың қалдық суы шаһардың сол жағын қамтитын, қазір тұрғызылып жатқан жаңа кәріздік тазалау стансасына қосылады. Аталмыш нысан биылғы жылдың ортасында пайдалануға беріледі. Кәсіпорыннан сол нысанға дейін арнайы құбыр тартылады. Айтпақшы, осы кәріздік қондырғыны зауыттықтар тағы бір мақсатқа жаратқалы тұр. Яғни, осында тазаланған суды кәсіпорынның техникалық қажетіне жұмсамақшы. Соның нәтижесінде Жайықтан су алу көлемі едәуір азаймақ.

Жалпы, бұл мөлшер бұрын да онша көп емес екен. Зауыттағы жеті айналма құбыр жүйесіндегі су ішкі сұранысты толық дерлік қанағаттандырып отыр. Ал, аумағы 860 гектарлық буландыру алаңы ше? Ол әбден тазаланып, кейін орнына ағаш егіледі. Келешекте тұтас тоғай қалыптасуы ықтимал. Ағаш демекші, қазір зауыт
территориясында тал-терек отырғызатын орын қалмапты. Барлығы 805 га қорғаныш аймағының 224 гектары көгалдандырылыпты. Төрттен бірі ғой. Өзгесінде өндірістік объектілер тұр.

Қазір зауыт басшылығы жергілікті атқарушы биліктен ағаш егетін бос жер сұрауға мәжбүр. Бұл, турасын айтқанда, қуанышты хабар. Әйтсе де, «Сасық сай» тазаланған соң кейде қаланы кернеп кететін сасық иіс тоқтай ма? Әлде тұрғындардың тынысын тарылтып, ауаға жайыла бере ме? Зауыт маманының айтуынша, қазір қолға алынған «Тазалық» жобасы осы мәселені шешуге бағытталған. Рас, бұл бағыттағы табиғат қорғау қондырғылары пайдалануға біртіндеп берілмекші.

ІЛЕСПЕ ГАЗДЫ ПАЙДАЛАНУ – 99 ПАЙЫЗ

« Т е ң і з ш е в р о й л » жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек АРТЫҒАЛИЕВТІҢ айтуынша, бірнеше жылдан бері кен орнындағы ұңғымалардан мұнаймен бірге шығатын газ тиімді пайдаланылып келеді екен. Сонау кезде экологтардың бас ауруына айналып, бірлескен кәсіпорын үнемі айыппұл төлеп келсе, енді бұл мәселе түбегейлі шешілгендей. Жалпы, ТШО 2000 жылдан бері табиғат қорғау шараларына 466 млрд. теңге жұмсапты. Қыруар қаржының қайтарымы бар ма? Әрине.

Содан бері ауыз толтырып айтатын біраз шаруа тындырылған. Әсіресе, жұртшылықты қалдықтарды кәдеге асыру жайы қызықтырады. Мәселен, 2015 жылдан бері 140 тонна қағаз қалдықтары жиналған. Аз ба? Егер аймақтағы әр мекеме осындай іс атқарса, онда күнделікті өртеліп немесе жыртылып жатқан қағаздардан әлдеқашан арылар едік-ау. Бірлескен кәсіпорын бұдан біраз жыл бұрын пайдаланған суды қайта қолдануды қолға алған-ды.

Қазір соның нақты нәтижесін көріп отыр. Мәселен, соңғы он жылда өндіріс көлемі еселеп артып, кеніште жұмыс жасаушылар саны өскенімен, ауыз суды шығындау деңгейі сол күйінде қалыпты. Қызметкерлер оны өндірісте ғана емес, қарапайым тұрмыста да тиімді тұтынуды үйренген. Жиналғандар тарапынан Қиғашқа салмақ салмай, жерасты суларын іздестіру мүмкіндігі айтылды.

Сөйтсек, мұндай жоба кезінде талқыға түскен екен. Іргелес Атырау мен Маңғыстау облыстарының және ТШО компаниясының басшылығы Бәлиорпаға бұрғы бойлатуды жоспарлаған. Мамандар шақырылып, ұсыныс талқыға түскен. Жаңасу кен орны да қарастырылған. Бірлескен кәсіпорын қаржыландыруға да қарсы емес еді. Соңғы сәтте атқарушы билік қолдамаған. Өйткені, жерасты суларының тұзданып кету қаупінен сақтанған. Әйтсе де, бұл біздің байқауымызша, кейінге қалдырылған қор тәрізді. Уақыты жеткенде халық игілігіне айналады.

Басқосуға қатысқандар бірлескен кәсіпорынды көгалдандыру шарасына белсене атсалысуға шақырған. ТШО өкілі Атырауда ретропарк, Құлсарыда қос саябақ салған инвестордың мұндай істен қашпайтынын жеткізді. Тіпті, әр тұрғынға қажетті көшетті тегін таратып беруге даяр екен. Бұл бастама да қолдауға тұрарлық тәрізді. Өйткені, біреудің тал-терегінен гөрі адамдар өз қолымен отырғызған ағашын көбірек күтімге алады.

P.S. Аймақтағы ірі компаниялардың табиғат қорғау шаралары жөнінде жұртшылық алдында есеп беру жиналысында айтылған пікірлер мен қойылған сауалдар сан алуан болды. Балықтардың жаппай қырылуы, мұнай ағындыларына қарсы әрекет базасын жолаушылар терминалына айналдыру жайы, Қиғаш құбырын күрделі жөндеу мәселесі, тағы басқалары кеңінен қозғалды. Ғасырдан аса «қара алтын» өндірген өңірде қордаланған проблема жеткілікті. Енді жер қойнауын пайдаланушылардың халық алдында есеп беруі алдағы уақытта тұрақты ұйымдастырылмақ. Сондықтан, атыраулықтар да жеңіл жайлармен шектелмей, құзырлы құрылымдарға салмақты сауалдарын жолдағаны жөн.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button