Жарнама
Жаңалықтар

«АтырауМұнайМаш»: Алыптың аршынды адымы

Ұзындығы 27 метр, диаметрі 6 метр, салмағы 220 тонна. Бұл – «АтырауМұнайМаш» зауытынан құрастырылып  шығарылған алып технологиялық қондырғының техникалық мәліметтері.

Атыраулық мұнай машиналарын жасау зауыты жұмысшылары жақында отандық кәсіпорындар арасында тұңғыш рет осындай алып технологиялық қондырғыны  Жапонияның «Марубени Корпорейшн» компаниясының тапсырысы бойынша жасап шығарды. Өңірлік индустрияландыру картасы бойынша «Атырау мұнай өңдеу зауытының»  қайта жаңғырту жобасына сәйкес мұнайды тереңдетіп өңдеу саласына арналған қондырғылар тапсырыс берушіге салтанатты жағдайда тапсырылды. 

 Мұнай машиналарын жасау зауытының аса ауыр және көлемді технологиялық қондырғылар дайындайтын жаңа цехының құрылысы осыдан үш жыл бұрын қолға алынған болатын. Айлапат қондырғыларды сырттан тасымалдаудың зор машақатын, әрі орасан көп шығынды талап ететіндігін  түсінген отандық кәсіпорындар мен шетелдік мердігер компаниялар «АтырауМұнайМаш» зауытымен осы қондырғыларды шығару жөніндегі келісім-шарттарға қол қойған еді. Осының арқасында бұл цех өткен жылдың соңынан бастап жедел іске қосылды.

Аталған зауыттың бас директорының орынбасары Мақсот Ищаевтың айтуынша, аса ауыр және көлемді технологиялық қондырғылар дайындау цехының ұзындығы 144 метр, ені 60, ал биіктігі 31 метрді құрайды. Алып крандардың бір сәтте 150 тонна салмақтағы қондырғыларды көтеруге мүмкіндігі бар. 

— Салмағы 220 тонна болатын қазандықтар бұған дейін  тек АҚШ пен Еуропа елдерінен ғана тасымалданатын. Қазір біз оларды өзіміздің зауытта жасап шығаруға болатындығын дәлелдедік. Өндіріс орнында 360 маман-жұмысшы еңбек етеді. Бізде кадрлар дайындау мәселесіне аса  қатты мән берілген. Көпшілігі автоматтандырылған аргонды дәнекерлеу кәсібін Италияда оқып, екі айлық тәжірибеден өтіп келді. Жұмысшылардың 90 пайызы жергілікті адамдар. Олардың алаңсыз еңбек етуіне зауытта барлық жағдай жасалған, — дейді бас директордың орынбасары.

Мұнай машиналарын жасау зауыты жұмысшылары «ҚазМұнайГаз», «Маңғыстаумұнайгаз», «ТШО» және «Атырау мұнай өңдеу зауытын» жаңғырту жобаларын жүзеге асырушы «Марубени», «Синопек» сияқты отандық және шетелдік компаниялардың тапсырыстарын орындауды көздеп отыр. Биылғы жылға олар 8 млрд. теңгенің тапсырысын қабылдады.  Осы уақытқа дейін 2 млрд. теңгенің өнімін шығарып үлгеріпті.

Тапсырыс беруші компания өкілдерінің пікірінше, француз технологиясы бойынша құрастырылған, халықаралық талаптарға сай келетін қондырғылар сапасы жағынан кез-келген әлемдік деңгейдегі өніммен бәсекеге түсе алатындай дәрежеде. «Қазақстанда осындай зауыттың болуы бізді көп машақаттан құтқарды. Ал, мұндай аса ауыр салмақтағы мұнай өнімдерін сақтауға арналған ыдыстарды өзге елдерден жеткізуді көзге елестетудің өзі қиын» дейді «Марубени» компаниясының өкілі Тото Масахира мырза.

Алғашқы тапсырысты абыроймен орындаған зауыт жұмысшылары келесі жобаға кірісіп кеткен. Ол – салмағы 515 тонналық, биіктігі 87, ал ұзындығы 53 метр болатын қондырғы.

 

Бақытжан ЖҰМАТ. 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button