Атыраулықтар «Aqyl Battle CUP» зияткерлік турнирінде жүлдеге ие болды
Бүгін республика Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен еліміздегі ең беделді зияткерлік сайыстардың бірі – «Aqyl Battle CUP» финалы өз мәресіне жетті. Бұл іс-шара «Тіл тағдыры – ел тағдыры» жобасы аясында 14 пен 35 жас аралығындағы жастар арасында ұйымдастырылып, білімге деген қызығушылықты арттыру мен шығармашылық, зияткерлік дамуға бағытталған.
Аталған жобаның мақсаты – жастардың білім деңгейін көтеру арқылы олардың болашаққа деген сенімін нығайту және қоғамға үлес қосуға деген ынтасын арттыру. Осы мақсатта еліміздің әр өңірінде сайыстың іріктеу кезеңдері өтті. Жалпы, облыстық деңгейдегі жарыстарға 1500-ге жуық адам қатысса, ақтық мәреге 23 команда іріктеліп шықты.
Биылғы турнирдің ерекшелігі ретінде Өзбекстан Республикасының ең танымал зияткерлік ұйымы «Zakovat»-тың «Зиялы жастар» командасының қатысуын атап өтуге болады. Олар қазақ тілінде бақ сынап, өз білімдерін көрсетті.
Жарыстың қорытындысы бойынша, бас жүлде Шығыс Қазақстан облысының командасына бұйырды. Бірінші орынды Қызылорда облысының командасы иеленсе, Ақмола облысының өкілдері екінші орынға табан тіреді. Ал үшінші орынды Атырау облысының зияткерлік командасы жеңіп алды.
Министрліктің баспасөз қызметі мәлімдегендей, бұл турнир алдағы уақытта да жастар арасында білім мен ой өрісін кеңейтуге арналған маңызды алаңдардың бірі болмақ.
А.НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ