Атыраулық журналистер боулинг бәсекесінде бақ сынады
Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында боулингтен командалық турнир ұйымдастырылды. Атырау қаласы әкімдігі ұйымдастырған турнирге аймақтағы БАҚ қызметкерлері, баспасөз хатшылары қатысты.
Бұл сында əр командада ерлер мен əйелдер араласып ойнау талап етілді. Əріптестерімен кездесіп, белсенді демалыс кешін сезінген БАҚ өкілдері турнирге қатысуға ерекше ықылас танытқаны байқалды. Шараға арнайы келген Атырау қаласы əкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов өңірдің дамуына, халықтың уақытында ақпарат алуына атқарып жатқан БАҚ қызметкерлерінің роліне тоқталып, кəсіби мерекемен құттықтады.
Барлығы 12 команданың əрқайсысы 6 адамнан құралды. Қызықты да тартысты өткен бəсекеде ойыншылардың ептілігі сыналды. Ойын нəтижесінде 594 ұпай жинаған «Кstrike» (Caspian News телеарнасы) командасы жеңімпаз атанса, КТО («Атырау-Ақпарат» ЖШС) командасы 567 ұпаймен екінші орынға қол жеткізді, жүлделі үштікті 560 ұпаймен «Ақжайық» редакциясының командасы аяқтады. Ал, республикалық телеарналардың өкілдерінен құралған «Фокус» командасы 521 ұпаймен төртінші орынға табан тіреп, арнайы сыйлыққа ие болды.
Боулинг бəсекесінде қалған командалар 400 бен 500-дің арасында ұпай жинап, ойынды аяқтады. Кездесу соңында Қазақстан Журналистер одағы Атырау облыстық филиалының басшысы Алма Қалусариева, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Əлішер Жанғалиев жеңімпаздар мен жүлдегерлерді мерекемен құттықтап, марапаттар табыстады.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ