Атыраулық журналист жарық жиі сөнбес үшін не жасалып жатқанын зерделеп көрді

eachrnenknk Жаңалықтар

Бұған дейін жарияланғандай, соңғы кездері жарықтың ескертусіз өшіп, қала мен аудан, ауылдың бірнеше сағат, кейде тіпті тәулік бойына электр қуатынсыз қалу жағдайлары қалыпты көрініске айналғаны жасырын емес.

Осыған байланысты аймақтағы энергетика саласына жауапты мемлекеттік құрылымдар мен компаниялардың басшылары өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңына келіп, онлайн режимде мәселенің мәнісін түсіндірген еді. Алайда, қалыптасқан ахуалдың оңалып, жағдайдың сауыққан түрі көрінбейді. Сол себепті де, жазылған жайға қайта оралып, тиісті құрылымдар тарапынан қандай қарекет жасалып жатқанын білуді мақсат тұтқанбыз.

– Шынында да, биыл (10-17) қаңтар аралығында жарықтың болмай қалуы немесе үзіліспен берілуі тұрғындар арасында реніш пен үлкен қоғамдық серпіліс туғызғаны рас. Сол себепті, бүгінде облыстың энергетика саласында орын алған келеңсіз жайттардың түйінін тарқату, оңтайлы шешу жағы басты назарда тұр. 2021 жылдың 10 қаңтарында «KEGOC» АҚ-ның әуе желілерінде тіркелген технологиялық ақаулықтардың салдарынан Атырау қаласы мен аудандарда жарық сөніп, электр желілері жүйеден уақытша ажыратылды.

Мұның алдында мәлімделгеніндей, қазір облыстық әкімдік тиісті кәсіпорындармен бірлесе отырып, энергетика саласындағы жағдайды жақсарту бағытында нақты іс-шараларды қолға алды, – деді Атырау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бауыржан Тұхфатов.

«KEGOC» АҚ аймақтық филиалы облыстың энергетика кешенін түбегейлі жақсартып, сапа мен сенімділікті нығайту мақсатында бірнеше жобаны жоспарлап, жүзеге асыруды көздепті. Осыны алға тартқан салалық басқарма басшысының айтуынша, ең бастысы, ұлттық компанияның құрамындағы Батыс аймағы теңгеріміндегі электр желісінің қуаттылығын арттырып, қауіпсіздігі мен сенімді қызметін қамтамасыз ету мақсатында жоспарланған жұмыстарды 2023 жылға дейін толықтай аяқтау керек. Темір жолдың бойында орналасқан облыстағы елді мекендерге электр қуаты «Қазақстан Темір жолы» АҚ-ның Атырау электрмен жабдықтау дистанциясы (ЭЧ-4) теңгеріміндегі желілер арқылы беріледі.

Дегенмен, қолданыстағы желілердің 60-70%-ның ескіріп, тозығы жетуінің салдарынан апатты жағдайлар жиілей бастады. Мұндай жағдайдың жиі қайталануы, кейде желілердің үзіліп, істен шығуы жергілікті тұтынушылардың наразылығын туғызып, тұрмыс-тіршілігіне қиындық келтіріп отырғанын да жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан жоғарыда аталған 12 елді мекенге электр қуатын жеткізіп отырған желілерді жаңарту үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.

Осылайша, Атырау қаласындағы Баймұқанов, Берғалиев, Достық, Контейнерный, Биғалиев, С.Датов, Коттеджный, СМП-163 көшелері мен шағынаудандары, Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласы, Қызылқоға ауданындағы Жамансор, Жантерек, Мұқыр, Кенбай, Исатайдағы – Аққыстау, Томан, Құрманғазы ауданына қарасты Ақкөл ауылдары, Мақат, Доссор кенттері және ПМС бекетіндегі ескірген электр жүйелері жаңасымен алмастырылады. Құлсары және Жамансордағы электр жүйесінің құрылысы былтыр аяқталып іске қосылған.

Ал, осы салаға бірден-бір жауапты құрылым саналатын «KEGOC» АҚ Батыс жүйеаралық тораптары Атырау облыстық филиалы басшылығының баяндауынша, осы кезеңде компания иелігіндегі, сондай-ақ, «Атырау Жарық» АҚ, Атырау жылу-электр орталығы, Қарабатан және ТШО-ның теңгеріміндегі электр желілері мен генерациялау цехында, электр станцияларында апатты жағдайлар орын алған. Сол сәтте апатқа қарсы автоматика жүйесі іске қосылған. Оның көмегімен Жылыой, Индер, Қызылқоға, Махамбет, Құрманғазы, Махамбет аудандары мен Атырау қаласының сол жағалауындағы «Атырау Жарық» кәсіпорнының қамтуындағы электр желілері ажыратылған.

Оның үстіне, дәл осы кезеңде басқа салалардағы сияқты, энергетиктер де қашықтан жұмыс жасау режиміне көшіп кеткен болатын. Электр желілерінде орын алуы ықтимал қауіпті жағдайдың алдын алу мақсатында автоматты жүйе екі мәрте іске қосылып, сол мезгілдерде көптеген тұтынушылар (заңды және жеке тұлғалар) электр қуатынсыз, яғни жарық-жылусыз қалды. Жалпы алғанда, энергияның шектелу көлемі – 100 Мвт (оның 70-і – Атырау облысына, 30-ы – Маңғыстау облысына тиесілі).

– Сол уақытта біз Ресейдің бірыңғай электр жүйесінен де бөлініп қалдық. Қысқа мерзімге болса да желінің бойындағы жиілік төмендеді. Тек апатқа қарсы автоматиканың арқасында ғана облыстың энергия тасымалдаушы желілерін үлкен апаттан аман алып қалдық. Нәтижесінде, амалсыздан облыс бойынша барлығы 1 400 Мвт энергия ысырап болды.

Мұның өзі бір жағынан алып қарағанда біз үшін үлкен сабақ, сын болды. Енді одан қорытынды шығару үшін жоғары басшылықпен, Энергетика министрлігімен және облыс әкімдігімен, қала берді аймақтың энергетика кешеніне кіретін құрылымдармен бірлесе отырып, қолдан келетін қарекеттің бәрін жасаймыз. Қалғаны уақыттың еншісінде, – дейді «KEGOC»-тың облыстағы өкілі Константин Чернохаев.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз