Жаңалықтар

Атыраулық жастардың квестке қызығушылығы жоғары

Атырауда Халықаралық Жастар күні қарқынды атап өтілуде. «Atyrau Jastar Fest — 2024» онкүндігі аясында өткізіліп жатқан шаралар легін «Atyrau Quest» квест ойыны жалғады.

Биыл екінші рет ұйымдастырылған квестке 14-35 жас аралығындағы 5 адамнан құралған 20 команда қатысты. Іс-шара жастарға қаламыздың тарихын, тарихи оқиғаларын таныстырып, таным көкжиектерін дамыту, сондай-ақ белсенді уақытты тиімді де қызықты өткізу мақсатын көздеді.
– Облыстық ішкі саясат басқармасы және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен, сондай-ақ «Жеті жарғы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Atyrau Quest» квест ойыны өткізіліп отыр. Жастар арасында квест ойнына сұраныс пен қызығушылық жоғары. Бұл ойын арқылы жастар өлкеміздің тарихымен, қаладағы ғимараттардың тарихымен таныстыру. Зияткерлік ойын барысында қатысушылар берілген төрт суретке ортақ бір мекенжайды тапқаннан соң сол жерде оларды күтіп тұрған ұйымдастырушы еріктілер ұсынған тест сұрағына жауап береді. Бұл тест олардың зияткерлік білімін арттыруға бағытталған, — деді «Жеті жарғы» қоғамдық қорының төрағасы Абылай Құрметұлы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба бойынша алдын ала жасақталған 12 орынның кемінде алтауынан өтіп, тест сұрақтарына жауап беру арқылы мәре сызығына келуі керек. Осылайша жеңімпаз анықталады екен.
Тартысқа толы сайыс нәтижесінде «Bas Time» командасы І орынды жеңіп алып, 100 мың теңгеге ие болды. Ал II орын «Феодалдар» командасына бұйырып, олар 50 мың теңгені еншілесе, 25 мың теңге сыйлығы бар III орынға «Уақыт жоқ» командасы табан тіреді.

Жайна МӘЛІМҚОЖА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button