Атыраулық Жастар театры Испанияда өткен халықаралық байқаудан Гран-При иеленді
Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының жанынан құрылған Жастар театры Испания мемлекетінің Ллорет де Мар қаласында «Theatrical Talents» театрлар фестивалінде алғаш рет өнер көрсетіп, Гран-Приге ие болды.
Еуропадағы Фиесталония Миленио деп аталатын халықаралық ұйымның бастамасымен ұйымдастырылған байқауда қазақ театрын әлемге мойындатқан жас өнер иелерін Атырау әуежайынан қарсылап, тілдестік.
Жастар театрының аталмыш фестивальге қатысуына облыс әкімі, облыстық
мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы қолдау білдірді. Бұл – биылғы Жастар жылы аясында қол жеткізген үлкен жетістік. Жас таланттардың еліміздің атын халықаралық деңгейде паш етіп жатқанына марқайып жатырмыз. Өнер қашан да жалғасын табуы тиіс. Осы орайда біздің Жастар театры – үлкен өнер ордасының ізбасары. Ұжым Халықаралық өнер додасына театрдың бас режиссері Мұқанғали Томановтың «Затмение» туындысымен қатысты. Мұқанғали Томанов – жас театрдың барлық қойылымына режиссерлік етіп келе жатқан ерекше талант. Жиырма бес мемлекеттен сынға түскен театр ұжымдары арасында жерлес жас таланттарымыздың өнерінің жоғары бағалануында да Мұқанғалидың еңбегі өлшеусіз, — дейді Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының директоры Берік Жәменов.
Бас режиссер Мұқанғали Томановтың айтуынша, «Theatrical Talents» халықаралық театр байқауына әлем мойындаған өнер майталмандары қазылық етті. «Бұл байқау театр дәстүрін сақтауға және халықаралық қатынастарды нығайтуға көмектеседі. Әртүрлі номинация бойынша қолға алынған фестивальде атыраулықтар қазақ елінің атынан театр өнері бойынша сынға түсті. Бұл әртүрлі мемлекеттердің арасында тәжірибе алмасуға бағытталған үлкен мәдени шара болды» дейді ол.
Жеңімпаздарды салтанатты жағдайда күтіп алу шарасында Жастар театрына жетекшілік ететін Әміржан Нұрланұлы халықаралық деңгейдегі ең алғашқы жүлдеге ие болғандағы әсерімен бөлісті. «Бұл жеңіс біздің театр ұжымының шығармашылығын одан әрі шыңдауда. Біздің ұжым Италия мен Грузияға шақырту алды. Бұл сапарлар келесі жылдың тамыз айында ұйымдастырылады. Жалпы, біздің қорда «Жанпида», «Хат тасушы», «Үйлену оңай», «Алғашқы махаббат», «Ауылдағы ретропатие», «Жәннат» секілді бірнеше қойылым бар. Биыл жыл аяғына дейін көрерменге жаңа спектакль ұсынамыз деген жоспар бар. Алдағы уақытта бұл қойылымдардың саны артады. Өйткені, бүгінде театр ұжымына деген жан-жақты қолдау бар» дейді Ә.Нұрланұлы.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА