Атыраулық жасөспірімдер – үш дүркін чемпион!
Atr.kz/13 қараша, 2019 жыл. Қостанай облысының Лисаковск қаласында баскетболдан 2004-2005 және 2006-2007 жылы туылған жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының күзгі чемпионаты өтті. Осы доп додасына қатысқан қос атыраулық команда елге жүлдемен оралды.
Облыс аға жаттықтырушысы Саламат Торғаевтың айтуынша, биылғы чемпионатқа 12 команда қатысқан. 2006-2007 жылы туған жасөспірімдерден құралған № 1 Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің баскетболшылары ақтық сында «Атырау барыстары» Академиясының командасын 51:45 есебімен ұтты. Осылайша, олар үшінші рет ел чемпионы атанып отыр.
Ал, 2004-2005 жылы туылған «Атырау барыстары» Академиясының командасы жинаған ұпай сандарына орай қола жүлдеге ие болды.
Аймағымыздың атағын шығарған қос команданы басқарма мамандары мен бір топ жанкүйерлер Атырау темір жол вокзалыннан салтанатты жағдайда күтіп алды.