«Еңбек жолы» байқауының өңірлік кезеңінің Атырау бойынша жеңімпаздары анықталды

img 9745 Қоғам

«Еңбек адамы» байқауының жеңімпаздары  үш номинация бойынша анықталды. «Үздік еңбек әулеті» аталымы бойынша 7 отбасы бақ сынап, нәтижесінде теміржолшылар әулеті Мырзағалиевтер отбасы жеңімпаз атанды. Сонымен қатар  Қуандық Нәсіпқалиев «Өндірістің үздік жас маманы» аталым бойынша, Гүлнар  Көшкімбаева  «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» жүлдесімен  марапатталды. Жерлестеріміз енді  Астана қаласында өтетін республикалық кезеңде бақ сынайды.

Жалпы, еңбек әулеттері мен өндіріс жұмыскерлері арасында өткізілетін «Еңбек жолы» республикалық конкурсы «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» идеясын қолдау мақсатында 2016 жылдан бері ұйымдастырылып келеді.

Зертханашыдан тәлімгерге дейін…

Сөздің шыны керек, қазір қоғамда белсенділер көбірек аталады да, еңбек адамдары назардан тыс қалып жатады. Шындығында, бір салада табан аудармастан ұзақ жыл қызмет атқарып жүрген қарапайым жұмысшылардың арасында да басшылық лауазымға бармай-ақ үлкен іс тындырып жүргендері бар. Айталық, химиялық зертханада инженер-химик болып отыз жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан Гүлнар Көшкімбаева осы қызметінде жүріп-ақ жас мамандарға білгенін үйретіп, тәлімгер болып жүр. Бүгінде оның шекпенінен шыққан кадрлар өз ісінің шебері атанып, жақсы жетістіктерге қол жеткізуде.

Ғасырдан астам уақыт бойы қойнауынан «қара алтын» өндіріліп келе жатқан Мақат ауданында балалық шағын өткізген Гүлнар Бисенқызы бала кезден-ақ болашағын мұнай саласымен байланыстыратынын білді. Өйткені, оның әкесі де осындағы кен орындарында еселі еңбек еткен болатын. «Біздің көз ашқаннан бері көріп келе жатқанымыз мұнай ғой. Иісін де жақсы білеміз»,-деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз. Ал, Саратов мемлекеттік университетін химик, С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай-газ университеттерін мұнай-газ ісі мамандықтары бойынша табысты аяқтаған жас түлек 1993 жылы «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына жұмысқа орналасады. Қазірде ол сол салада табан аудармастан 30 жылдан астам уақыт бойы Мақат мұнай дайындау және тасымалдау цехының химиялық зертханасында инженер-химик болып еңбек етіп келеді.

 –Ол кезде біз де жас болатынбыз. Осы саланың кәсіби шеберлері, ұстаздарымыз тәрбиеледі. Ендігі жерде мен де жас мамандарға үйретіп, тәлімгер болдым. Ауданымызда Доссор мұнай технологиялық колледж бар. Осы оқу орнында зертханашы мамандығына оқып жатқан студенттерге дәріс бердім, өндірістік тәжірибеден өткіздім. Мамыр айында «Еңбек жолы» байқауының ұйымдастырылып жатқанын естіп, аудандық жұмыспен қамту бөліміне құжаттарымды тапсырғанмын. Сол жерде бірнеше кәсіби мамандардың арасынан үздік деп танылып, облыстық кезеңге жолдама алған едім. Енді міне, одан да үздік атанып, облыс әкімі Серік Шәпкеновтен Алғыс хат алып, республикалық конкурсқа қатыспақшымыз. Мұнайлы өңірдің атын бұл байқауда да төмендетпей, жеңіспен оралатынымызға сенімдімін,-дейді Гүлнар Бисенқызы.

3f086b2b 7f33 4b6a b391 d9e99ced62c9 1

Кейіпкеріміз соңғы 2-3 жылдықта жолдасының жұмыс бабымен облыс орталығына қоныс аударғанын айтты. Сондықтан, қазір қызметін вахталық әдіспен жалғастырып жатқан көрінеді. «Бүгінгі жастарды жалқау деп айта алмаймын. Барлығы да қызығушылықпен келеді. Досордағы колледже білім алып жатқан студенттердің көзінен от жанып тұрғанын байқадым. Өйткені, қазіргі жастар мұнай саласында табыстың жоғарылау екені жақсы біледі. Бұл бүгінгі буынға мотивация береді деп санаймын. Білсем, үйренсем деп тұрады»,-дейді бізбен әңгімесінде Гүлнар Бисенқызы.

Тағы бір атап өтер жайт, Мақат ауданының аумағында мұнай химия зауыты салынып жатыр екен. Оған Доссордағы технологиялық колледж зертханашы мамандығына оқытып, сол зауытқа жұмысқа орналастыруға Меморандумға отырыпты. «Бұл жағымды жаңалыққа біз де қуандық. Себебі, жастарымыз колледжде тегін білім алып, жайлы жатақханада жататын болады»,-деді әңгімелесушіміз.

Қазірде кейіпкеріміз ұстаздық қызметін жалғастырмаса да, өзі еңбек етіп жатқан мекемесіне өндірістің тәжірибеге студенттерді қабылдап, тәлімгер атанды. Осы күнге дейін 200-ден астам шәкірт Гүлнар Бисенқызының жетекшілігімен өндірістік тәжірибеден өткен. «Өзімнің үш балам бар. Жұмыс істеп жүрген аналар жақсы біледі ғой. Сегіз сағат жұмыстың жартысында үйге келіп, балаларды сабаққа жіберіп, қызметімізге кері асығатынбыз. Шүкір, қазір балаларым ер жетті. Тұңғыш қызым Алматыда тері ауруларының дәрігері болып еңбек етсе, екінші балам монополияға қарсы агенттікте бас маман болып жұмыс істейді. Кенже қызым №17 мектеп-гимназиясында оқушы. Бүгінде келінім, немерем бар»,-дейді Г. Бисенқызы.

Жастарға мүмкіндік мол

Иә, осыдан бірнеше жыл бұрын еңбек жолын жаңадан бастаған, еш жерде өтілі жоқ жас мамандарға жұмыс табу оңайға соқпайтын. Десек те, соңғы уақытта еліміздегі көптеген компанияда жас кадрларға айрықша маңыз беріліп отыр. Өйткені, тың идеялар мен жаңашыл бастамалар көп реттерде қиялға ерік берген еркін жас буын өкілдерінен туындап жататыны жасырын емес. Еңбек жолын «West dala» ЖШС-нен инсинератор цехында оператор болып жалғастырған Қуандық Нәсіпқалиев экологиялық ахуалы ауыр аймақтың табиғатын жақсартуға үлес қоссам дейді.

 –Біздің цехқа негізінен өндірістік, мединицалық қалдықтар келеді. Біз оларды жоюмен айналысамыз. «West dala» компаниясы жаңа технологияларды пайдаланады. Жұмыс күнінің бірінде «Еңбек жолы» байқауы өтіп жатқанын естіп, өзім туралы, қызметім жайында бейнеролик дайындап, ұйымдастырушыларға жібердім. Сөйтіп, аймақтық кезеңнен жеңімпаз атандым. Енді республикалық додада бақ сынаймыз. Жалпы, бүгінде жастарға мүмкіндік өте көп. Шеберлігіңді шыңдап, тәжірибе жинақтау үшін түрлі байқаулар жиі өткізіліп тұрады. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген мақал-мәтел осындайда айтылса керек. Еңбек еткен адамның табысы да мол болады. Ерінбесең биіктен көріне аласың. Менің де осы цехта жұмыс істегеніме 5 жылдан асыпты. Бұрын Теңіз кенішінде еңбек еттім. Негізгі мамандығым – мұнай және газ ісі,-дейді бізбен әңгімесінде Қуандық Нәсіпқалиев.

3j2a1985 1

Теміржол бойындағы тынымсыз тірлік

Тәулік бойы үздіксіз еңбек ететін теміржол саласында тынымсыз тірлік бар. Бұл салада қызмет еткендердің басым көпшілігі пайдадан гөрі жолаушыны жолда қалдырмай, діттеген жеріне жеткізу мақсатын көбірек ойлайды. Мақаттық Өтеген Мырзағалиев те жұмыс бабында табыстан бұрын өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарып шығуға тырысатын. Өйткені, оның отбасында әкесі де, әкесінің әкесі де теміржолшы болатын.

«Қарлығаш ұясында не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, бүгінде зейнеткерлікке шыққан Өтеген ағаның үш перзенті де теміржолда еңбек етеді. 1982 жылы мектеп бітіргеннен кейін бірден осы салаға жұмысқа келген ол слесарь болып қызметке орналасады. Содан кейін оқуға түсіп, Отан алдындағы әскери парызын өтеп келеді. Бұрынғы теміржол институты, қазіргі Алматыдағы энергетика және байланыс университетінен жоғары білім алып, жол жұмысшысы болып жұмысын жалғастырады. Ал, осы қызметте бригадир болып жүріп, болашақ жары Гүлмира Оразовамен танысып, отбасын құрады. Ол да жол жұмысшысы болатын.

 Осылайша, Мырзағалиевтер династиясының тату-тәтті отбасында төрт ұл өмірге келеді. Ал, Өтеген аға болса, жұмыстың қиындығына қарамастан, қызметін жалғатырып бастапқыда машинист көмекшісі, кейін машинист болып еңбек жолын жалғастырады.

 –Мақат-Сағыз, Мақат-Бейнеу бағытында жүретінбіз. Он алты сағат жұмыстан кейін шақырса да қызметімізден қалмаймыз. Осындай қиын сәттерге қарамастан бүгінле балаларым да осы саланы таңдады. Үлкен ұлым – депода техникалық қауіпсіздік маманы, екінші балам – жүк таситын тепловозда машинист. Үшінші балам ғана өрт сөндіруде еңбек етеді. Кенде ұлым екі жұмысты қатар алып жүріп, кейін осы салаға талпынып, жұмысқа орналасты.

 Жол жұмысшысының да қызметі оңай емес. Қысы-жазы далада болады. Теміржол бойындағы ағаштарды ауыстырады. Қазір оның бәрі өзгерді ғой,-дейді бізбен әңгімесінде Өтеген Мырзағалиев.

«Еңбек жолы» байқауының облыстық кезеңінде жеңімпаз деп танылған Мырзағалиевтер династиясының теміржол саласындағы жалпы еңбек өтілі 500 жылдан асады екен. Енді Өтеген ағаның отбасы республикалық сайыста бақ сынамақ ниетте.

Материалдарды дайындаған: Айбөпе САБЫРОВА  

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз