Атыраулық жас депутат кәсіпкерлер клубын құрды
Облыстық жастар мәслихаты сайлауында 16-35 жас аралығындағы 30 депутат сайланды. Барлық жоғары және орта арнаулы оқу орындарынан жалпы саны 20 депутат сайланса, оқуды аяқтаған белсенді жастар арасынан 10 үміткер комиссияның шешімімен іріктеліп, тағайындалды. Соның бірі – ақжарлық Сұлтанбек Бердібеков, деп хабарлайды atr.kz тілшісі.
Сұлтанбек Бердібеков қазір шағын кәсіппен айналысып жүрген жас кәсіпкер жоба туралы әлеуметтік желілерден хабардар болыпты. Облыс жастарымен тығыз байланыс орнатып, жастар арасында шешімін күткен мәселелерді бірлесе шешуді мақсат еткен.
– Жобаға қатысу мен үшін үлкен қадам болды. Осы уақытқа дейін жастар үшін кәсіпкерлік бағытта бірнеше шара өткізіп, халыққа пайдамды тигізуді ойлап жүретінмін. Әсіресе өзімнің сайлауалды бағдарламамда көрсеткендей, облыс жастарын кәсіпке баулып, олардың сол арқылы жетістікке жетуіне қолұшын созғым келеді, — деді Бердібек.
Жастар мәслихатының депутаты халық арасында денсаулық сақтау саласына қатысты шағымның көп екенін жасырмайды. – Халықты медицина саласындағы олқылықтар толғандырады. Азаматтар дәрігер қабылдауындағы ұзынсонар кезекте тұрады. Мемлекет тарапынан берілетін мүмкіндіктерден бейхабар азаматтар да жоқ емес. Ота жасату үшін сабылып квота күтіп жүргендер де көп. Одан қалса компьютерлік және магнитті-резонанстық томографиялар мен ультрадыбыстық зерттеу секілді медициналық қызметтерді жеңілдікпен пайдалану жолдарын, анықталған дертке сәйкес мемлекет тарапынан бөлінетін тегін дәрі-дәрмекті білмегендіктен, қалтасына салмақ түсіп жатады. Сондықтан, медицинаның тиімді қызметтері жайында ісшаралар өткізіп, халыққа көбірек түсіндірме жұмыстарын жүргізуге атсалысқым келеді, — деді жас депутат.
Жеке бас күтіміне арналған құралдар мен техникалық аксессуарлар сатумен айналысатын кейіпкеріміздің сөзінше, жастардың көпшілігі кәсіпке қызығушылық танытқанымен кімнен, қалай білім алу керектігін білмей жататынын айтады. Өйткені, қазір әлеуметтік желінің қайсысына болсын кіре қалсаңыз, тауар сатып, ақша тауып жатқан адамды көресіз. Соларға қызығып, пайдасыз білім алып, ақшасын далаға шашып жатқандар да аз емес. Сондықтан, облыс жастарының кәсіпке құлшынысын дұрыс бағытқа өзгертіп, дамуына үлес қосу да игі қадам. – Жастарға арнап түрлі шеберлік сағаттары мен форумдар ұйымдастыруды да ойлап жүрмін. Жетістікке жеткен кәсіпкерлермен кездесулер ұйымдастырып, тәжірибе алмасқандарын қалаймын. Осы арманымды іске асыру мақсатында бір жыл бұрын BAY Business кәсіпкерлер клубын ашып, сол істі дамыту жолында жұмыстанудамын. Сайлауалды үгітнасихат кезінде студенттерге кәсіп бастаудың тиімді әрі жеңіл жолдары туралы ақпараттарды ұсынып, оны қалай жүзеге асырудың тетіктері туралы ойыммен бөлістім, — деді Бердібек.
Алмас Қабдолов