Жарнама
ЖаңалықтарБілімҚоғам

Атыраулық жас дарын Айбек Мәскеу университетінің грантын жеңіп алды

Ол көп сөзге жоқ. Сәл жымиып, «иә» немесе «жоқ» дегеннен ары аспайды. Сұхбаттасушымыз сөзге сараң болып шықты. Әлбетте, бұл дұрыс та болар. Өйткені, математика – нақтылықты сүйетін, дәлдікке сүйенетін ғылым.

Дұрыс жауап, дәл есеп, нақты формула. Демек, атыраулық жас дарын Айбек Мырзатайдың өмірлік ұстанымының осындай болғанына таңданудың  жөні жоқ.

Кейіпкерімізді таныстырудың қажеті жоқ сияқты. Халықаралық деңгейдегі түрлі математикалық жарыстарға қатысып жүрген Айбектің қоржынында білім саласы бойынша бірнеше чемпиондық атағы бар. Жоғары сыныптарда оқып жүрген кезінен бері бірнеше республикалық, халықаралық бəйгелерден озық шыққан ол – өз білімі арқылы талай белесті бағындыруға болатынын анық аңғартып жүрген дарынды жасөспірім.

Кипрде өткен Балкан математикалық халықаралық олимпиадасына қатысқан 112 дарынның ішінен алтын медаль тек Айбекке ғана бұйырған. Академик Орымбек Жəутіковтің құрметіне өткен халықаралық олимпиадада 300 оқушы арасынан топ жарып, абсолютті чемпион атанғаны да өткен күннің еншісінде. Таяуда тағы да Айбек Мырзатай Халықаралық математика олимпиадасында əлемнің 107 мемлекетінен қатысқан 600-ден аса оқушының арасынан алтын медаль иегері атанды. – Отбасымыздың негізгі қағидасы – балаларға сапалы білім беру. Айбек – ұлдың үлкені, ортаншы баламыз. Екі апасы да өз білімдерін дəлелдеп, шетелде оқыды. Солардың талпынысы,

білім алуға ұмтылысын көріп өскендіктен шығар, Айбек те бастауыш сыныптан бастап есепке құштар болып өсті. Кейін Атырау «Білім-Инновация» лицейіне оқуға түскен соң арнайы жаттығып, шыңдалды, — деді оның əкесі Исатай Мырзатайұлы.

– Ойын баласы болып, доп теуіп, аулада достарыңмен бірге жүрудің орнына есеп шығаруды жөн көресің бе сонда? — дедік біз Айбекті сөзге тартып.

– Жоқ, есеп шығаруға күніне белгілі бір уақытты арнаймын. Интернет арқылы түрлі топ, форумдарда берілген есептерді шығару, ойлау, логиканы дамытуға жаттығамын. Таңдаған оқу орнымнан жіберілген тестілік есептерді шығаруға машықтанамын. Жалпы, интернеттің пайдасы зор. Расында, аса көп уақытым бола бермейді. Оның үстіне оқуға дайындық, жол жүру, құжаттар сынды қосымша жұмыстар бар. Бірақ мүмкіндігінше футбол мен кітап оқуға уақыт табуға ұмтыламын, – дейді дарынды ұл. Оның жасөспірімге тəн тағы бір қызығушылығы – рэп. Сүйікті ісі мен қосымша хобби, қызығушылықтарын қатар алып жүруде де теңдік пропорциясын сақтауды жөн көреді екен.

 Соны меңзеп:

 – Өмірде де математика аса қажет пе? — деп сұрадым.

– Иə, математика – шексіз əлем. Оның тереңіне бойлай бересің. Энтузиазммен айналысу бөлек те, жай жақсы көру – өзгеше құбылыс. Жалпы, осы уақытқа дейін берген бірнеше сұхбатымның барлығында да маған міндетті түрде қойылатын сұрақ: «Кімнен дарыды, тегіңде математик бар ма?».

 Сіз бұл сұрақты қоймасаңыз да айтайын: «мына бала вундеркинд болады немесе болмайды», «тұқымында да білімділер бар, осыдан бірдеңе шығады» деу өте қате түсінік. Мəселен, 1% талант, дарын болса, қалған 99%-ы таза еңбекпен, жаттығумен, дайындықпен келеді. Егер оқушы ерінбей ізденіп, ілгері ұмтылса сөзсіз жетістікке жетеді, — деді Айбек сəл ашыла түсіп.

 Бойдағы  талабын ұштап, математикаға деген қызығушылығын арттырған ұстаздарының еңбегі зор. Атырау «Білім-Инновация» лицейінде оқығаны да келешегіне көп əсер етіпті. – Лицейде əр сабақ, əр күн қызықты, мотивацияға толы өтетін. Ұстаздарымыз қызығушылығымызды арттырумен қатар, тең дəрежеде сөйлесу, біздің пікірімізге құлақ асу секілді қағидаттарды ұстанды. Яғни қолдау, достық қатынас еркін жолға қойылған. Тіпті, олимпиадаларға дайындалып жүрген кезде де өзге сыныптардың оқушылары мені  қолдап, əрқайсысы мотивация беруге талпынатын, — деді Айбек жаңа өмірге қанатын қомдаған білім ордасына деген сағынышпен. Ол кез-келген олимпиадаға қатысқанда өзін жаңа қырынан сынап көруге талпынады екен. Яғни «менің қалай да жеңуім керек» деген ұстаныммен емес, «жаңа есептер шығарып, достар, пікірлестер табамын» деген оймен қатысып отырған. Қанға сіңген қарапайымдылығымен көрініп, табиғи болмысы ұяң ұлдың атаанасы да – білім мен тəрбиені ұштастыра білген жандар. Отағасы Исатай Мырзатайұлы – құрылыс маманы, анасы Жанат Тілепқызы – есепші.

Демек екеуінің де есепқисаппен жұмыс жасайтыны анық. Қазір Айбек Мəскеудегі Жоғары экономика мектебінің грантына ие болды. Енді Ресей астанасына аттанбақ. Болашақ мамандығын да сүйікті пəнімен ұштастырған оның талғамы да биік. Талапты ұл: – Білімімді молайтып, технология саласы бойынша ел игілігіне еңбек еткім келеді, -дейді. Біз де оның осы ниетін қостадық. «Талаптыға нұр жауар» демекші, атыраулық өреннің өрісі кеңіп, жолы даңғыл болғай!

Гүлжан ƏМІРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button